Отырар аудандық прокуратурасының жүргізген тексеруі нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымдарда өрескел заңбұзушылықтың беті ашылды.
Онда, балабақшалардың Жарғысы, лауазым және медициналық қызметті лицензиялауда, санитарлық және өрт қауіпсіздігі ережелерінің қолданыстағы заңдары мен талаптарын жауап бере алмайтыны анықталды. Аудандағы барлық балабақшалардың Жарғыларында құрылтайшысы Отырар ауданының әкімдігі болса, балабақша орналасқан ауылдық округтер бойынша мемлекеттік басқару органы ауыл әкімі аппараттарына бектілген.
Алайда, құрылтайшымен бекітілген Жарғыда кәсіпорынның мемлекеттік басқару органына заңда көзделмеген мүмкіндіктер берілген.
ҚР «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» және ҚР «Білім туралы» Заңдарында ауыл округінің әкіміне жоғарыда көрсетілгендей құзырет берілмеген. Сонымен қатар, 2006 жылдан бастап, 2011 жылдың қыркүйегіне дейін құрылған балабақшалардың Жарғыларында айырмашылық жоқ, барлығы бір-бірінен көшірілгені анықталды. Сондықтан, Жарғыны заңға сәйкестендіру талаптары қойылды.
Мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқытудың қызмет түрлері лицензиялануға тиісті болып табылады, алайда бұл талаптардың орындалмағаны анықталды.
— 2011жылы «Ақмарал» және «Тәушен-Ана» балалар бақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорындары құрылған,-дейді Отырар ауданының прокуроры әділеткеңесшісі М. Сматов. — Алайда, тексеруге дейін бұл балабақшалар лиицензиясыз қызмет атқарғаны анықталып, кінәлілер әкімшілік жазаға тартылды.
«Алғашқы медициналық-санитарлық көмек, дәрігерге дейінгі, білікті, жедел медициналық көмекпен айналысу үшін лицензияның болуы талап етіледі» деп көрсетілсе, балабақшада медициналық қызметті тиесілі лицензиясыз жүзеге асырғаны анықталды.Тексеруде «Тәушен-Ана», «Ақмарал», «Балғын», «Қатира ана», «Хадиша ана» және «Саяжан» балабақшаларының меңгерушілері мекемедегі тәрбиеленушілер мен қызметкерлерге жедел медициналық көмек көрсету үшін уәкілетті органнан лицензия алмай, жұмыс жүргізгендіктері анықталды.
Кейбір балабақша меңгерушілері осы лицензиясыз қызметті жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жазаға тартылғанына қарамастан, тиісті нәтиже шығармаған. Сондай-ақ «Ақмарал», «Тәушен ана», «Хадиша ана», «Айгөлек», «Қатира ана» және «Балдәурен» балабақшаларының ғимараттары мен жер телімдеріне тиісті құжаттар рәсімделмеген және әділет органдарында құқықтары тіркелмеген болса да, балабақшаның қызмет жасауына лицензия берілген.
Прокуратура қызметкерінің айтуынша бірқатар балабақшаларда санитарлық және өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмайтыны анықталды.Тексеру нәтижесінде балабақшалардың 20 қызметкері үстінен әкімшілік іс қозғалып, бүгінгі таңда 13-і әкімшілік жауапқа тартылып,7-уі қаралу сатысында. Осы келеңсіздіктер толыққанды сараланып, аудан әкіміне заңбұзушылықты жойып, тиісті шара көру туралы ұсыныс енгізілді.