Баланы жылатпаған ел едік

ОҚО Сот актілерін орындау департаменті бастығының бұйрығымен ақпан айы «Балам дейтін елі болмаса, елім дейтін бала қайдан шықсын» атты «АЛИМЕНТ АЙЫ» болып жарияланғаны мәлім.

Шымкент қаласы Енбекші ауданы бойынша 2010 жылы — 1123, 2011 жылы — 1150, ал биыл 525 сот актілері бойынша алимент өндіру туралы атқару құжаттары сот орындаушылардың өндірісінде болып, жылдан-жылға борышкерлерден алимент өндіру құжаттары көбеюде. 525 атқару өндірісінің 274-і борышкерлердің еш жерде жұмыс істемеуінің салдарынан болса, кейбір әкелердің өз балаларын тағдырдың тәлкегіне тастап, алимент төлеуден қашып жүргендері адамгершілікке жатпайды.

Алимент төлемей жүрген азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласының және Енбекші ауданының әкімдері мен Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығына арнайы хат жолдадық.

Мұндай азаматтардың ар-намысын оятып, балаларының тағдырына кішкене болса да бей-жай қарамаулары үшін бәріміз бірдей атсалысуымыз қажет. Балалардың материалдық жағдайын ойлап, алимент өндіру тек сот орындаушылардың ғана жұмысы деп қарамауымыз керек, өйткені бұл қоғамдық маңызы бар, шешілуі қиын өзекті мәселе.

Рас, алимент әке болмайды, ол тек келешек ұрпаққа деген аз да болса материалдық жәрдем екенін түсінгеніміз жөн. Ұрлық жасау, есірткі қолдану, ашықтан-ашық адам тонау туралы жасөспірімдер арасында қылмыстардың да жылдан-жылға көбеюуінің бірден-бір себебі, жасөспірімдерге дұрыс тәрбие бере алмауымызда, материалдық жағдай жасамағандығымыздан болып отыр деп ойлаймын. Сондықтан, кінәні балаларымыздан емес, ата-аналардан да іздеуіміз керек. Дер кезінде балаларымызға моральдық-материалдық тұрғыдан жәрдем көрсетіп, ақылымызды айтып, тәрбиемізді беріп отырсақ, ол баладан келешекте жақсы азамат шығады. Туған балаларын өзектен теуіп, материалдық жәрдем көрсетпей, «күл болмасаң, бүл бол» деп, қашып жүрген азаматтарымыз аз емес. Ер азамат үйдің тірегі, ұл-қыздарының алдында асқар тау емес пе? Ендеше, айдың күні аманында туған перзенттерінен безіп, оларға қол ұшын созудың, қолдау көрсетудің орнына қашып-пысып жүрген «әкелердің» бұл әрекеттері түсініксіз?

Күлси ЖАПАРБЕКОВА, Шымкент қаласы Еңбекші аумақтық бөлімнің бастығы, аға сот орындаушысы