Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына цирк нысанын дайын етуге асыққан мердігерлер 2011 жылы 17-желтоқсанда алғашқы көрермендерін де қарсы алған болатын. Мәскеулік «Юрий Никулин» атындағы цирктің шығармашылық тобы өнерлерін көрсеткен еді. Оңтүстік өңірінде бой көтерген бұл стационарлы цирк республикадағы Астана, Алматы мен Қарағандыдан кейінгі төртінші. Құрылыстың сапасына және пайдаланған материалдар бойынша прокуратура тарапынан қойылған талаптарды бас мердігер «Шымкентқұрылыс» ЖШС- і дер кезінде орындады.
Альмира Орманчина, ОҚО құрылыс басқармасының бастығы: «Ия, ғимараттың сыртқы жағындағы терезелердің әйнегін алмастыру жөнінде прокуратура тарапынан ұйғарым берілді. Цирк-халық көп жиналатын қоғамдық орын. Біз құқыққорғау органдарының ескертпесінен кейін, техникалық регламентке сәйкес сыртқы әйнектерді сапалығы жағынан жоғары берік әйнекке ауыстырдық».
Қазір цирктің екінші кезеңіне жоспарланған құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мердігер компания жобалаушы «Геопроект» ЖШС мамандарымен бірінші кезектегі жұмыстарын пысықтап алуда.
Альмира Орманчина, ОҚО құрылыс басқармасының бастығы: «1200 орынға шақталған цирк ғимаратынан бөлек бұл жерде жануарларға арналған анғар және көлікке арналған тұрақтар салынады. Және аумақ көріктендіріледі. Екінші кезеңдегі құрылыс ағымдағы жылы қараша айында аяқталады деп жоспарлануда».
Құрылыс барысында жобаға өзгерістер де енгізілді. Бұрын қонақ үй мен әкімшілік ғимараттары салынады деп жопарланған еді. Алайда, цирктің екі жақ тұсында қонақ үйлері болғандықтан ол нысандар салынбайтын болды.