2011 жылы жалпы өңірлік өнім 1 трлн 400 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2009 жылы 925 млрд. теңге, 2010 жылы 1,2 трлн. теңге болатын. Осыдан-ақ, облыс экономикасының жыл өткен сайын барынша даму сатысында екендігін аңғаруға тиіспіз.
Қай деңгейдегі әкім болмасын, Президенттің жергілікті жердегі сенімді өкілі болғандықтан, елдің жағдайын ойлап, қарапайым халықтың әлеуметтік мәселесіне, өңірдің экономикалық дамуына, мемлекеттік маңызы бар бағдарламалардың жүзеге асуына атсалысуы міндетті. Және атқарған жұмысы жөнінде ел алдында есеп беріп отыруы тиіс. Жауапкершілік жүгін жете сезінетін басшы «Әкім бол, халқыңа жақын бол» қағидасын үнемі назарында ұстайды. Ақпан-әкімдердің есеп беру айы болғанын білеміз. Алғаш ауыл әкімдері, мұнан соң қала, аудан әкімдері есеп беруді бастады. Жеткен жетістіктер мен жіберілген кемшіліктер көпшілік алдында сарапқа салынды. Наурыздың 7-і күні қорытынды есеп беру жиынын облыс әкімі Асқар Мызахметов өткізді. Өткен жыл Оңтүстік жұртшылығы үшін несімен есте қалды, ауыз толтырып айтар қандай жетістіктеріміз бар, ел игілігі жолында нендей әрекеттер қолға алынды? Облысты басқарып отырған Асқар Исабекұлының бұл мақсаттағы атқарған еңбегін ел біледі, қаншалықты қажыр-қайрат жұмсағанына көпшілік куә. Еліміздегі ірі аймақ саналатын, халқы көп, экономикалық даму көрсеткіші жағынан алдыңғы қатардағы Оңтүстік Қазақстан облысын басқару оңай емес. Жүректілік пен жауапкершілікті талап ететін бұл лауазымдық жұмысты А. Мырзахметов абыроймен атқарып отыр деп, сеніммен айтуымызға болады. Бұл-асыра мақтағандық емес, мұнымызға есеп беру жиынындағы облыс әкімінің көпшілік алдында келтірген деректері мен дәйектерінен соң көз жеткіздік. Егер сала-салаға бөліп қарар болсақ, нәтижесі төмендегідей.
Болжай білген адамға, соңғы жылдары аймақта өнеркәсіп саласының өркендей бастағанын аңғармау мүмкін емес. Жаңа кәсіпорындардың пайдалануға берілуі, кеңеюі есебінен 16080 жаңа жұмыс орындары ашылды. Атап айтқанда, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 36 кәсіпорында-1901, «Бизнестің жол қартасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 11 кәсіпорындарда-256, өндірістің кеңеюі, жаңа өнім түрлерін шығару есебінен 96 кәсіпорында-3890, «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 4,5 млрд теңгеге 2534 жоба қаржыландырылып, 4449 жаңа жұмыс орындары ашылған. Кәсіпорындарда 361,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 2010 жылмен салыстырғанда 45 млрд теңгеге өскен.
Кәсіпкерлікті қолдау бағытында облыста ауқымды тірліктер қолға алынды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы негізінде 95 жобаға қолдау керсетілген. Облыс экономикасының өрлеуіне өзіндік үлестерін қосып жатқан шағын және орта бизнестегі субьектілердің саны өткен жылы 124,1 мыңды құрап, олардың өндірген өнімдері 468,9 млрд теңге болды.
Өңірде егін шаруашылығын әртараптандыру, еңбек өнімділігін арттыруға баса назар аударылды. Өткен жылы егістік көлемі 733 мың гектар болса, айналымнан шыққан суармалы жерді қайтару есебінен 104 мың гектар суармалы жер қайта іске қосылған. Ауылшаруашылығының жер қорына жүргізілген түгендеу жұмыстарын нақтылау барысында 2629 агроқұрылымның пайдаланбай жатқан 365 мың гектар жері анықталып, 2156 шаруа қожалығының 311 мың гектары ауданның арнайы жер қорына қайтарылды. 371 гектар алқапты алып жатқан жылыжай өнімдері облыс халқын көкөніспен қамтамасыз етсе, 7613 гектар егістік тамшылатып суару технологиясын пайдаланды. Ауылшаруашылығын қолдауға Үкіметіміз соңғы жылдары барынша ден қоюға көшті. 2011 жылы осы саланы субцидиялауға республикалық бюджеттен-3,5 млрд. теңге, облыстан-6,3млрд теңге бөлінді. Жалпы, өткен жылы ауылшаруашылығы саласының өндірілген өнімі 212,8 млрд. теңгені құраған. Малшаруашылығы да облыс экономикасының негізгі бір бөлшегі. Былтыр 8 асыл тұқымды малшаруашылығы құрылса, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 4,6 мың бас мал алынған. Құс шаруашылығы да өркен жайып келеді. 99,4 млрд. теңгенің өнімін өндірген шаруалар алдағы кезде мал басының барлық түрі бойынша сан басын арттыруды көздеп отыр.
Мемлекеттің басты байлығы-адам десек, олардың әлеуметтік жағдайларын қорғау күн тәртібіндегі мәселе. Аз қамтылғандарды әлеуметтік қолдаудан қосымша шаралары арқасында демеушілер тарапынан 9981 азаматқа 69,5 миллион теңгенің көмегі көрсетіліп, 4609 мүгедек жандарға гигиеналық заттар берілді. 1109 мүгедекке 125,4 млн. теңге көлеміндегі жеке көмекші, 536 мүгедекке 20,7 млн. теңгенің қолтілі маманының қызметі көрсетілді. Үйде әлеуметтік көмек көрсететін 26 бөлімше 2386 қартқа көмек көрсетіп, 2145 мүгедек балаға қамқорлық жасалды. «Қамқорлық» акциясы аясында 112784 адамға 210,9 млн. теңгелік моралдық-материалдық жәрдемі жасалды. 286 мүгедекке қоларба әперу үшін облыстық бюджеттен 14,5 млн. теңге бөлінді. Соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтардың рухани қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында бюджет есебінен 3942 адамға 12,8 миллион теңгенің мерзімдік басылымдары жаздырып берілді, олардың демалып, ем қабылдауларына жағдай жасалған. 7103 отбасыға 116,3 млн. теңге көлеміндегі тұрғын үй көмегі беріліпті. Кәсіби оқыту бағыты бойынша 7975 адам қосымша мамандық игеріп, осы мақсатқа облыстық бюджеттен 1,9 млрд. теңге жұмсалды.
Білім беру саласы бойынша 89 нысанның құрылысына 19,7 млрд. теңге бағытталып, 53 нысан пайдалануға берілді. Балабақшалар саны 2010 жылы 420 болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 904-ке ұлғайды. Ауылшаруашылығы сұранысын қамтамасыз ету мақсатында әрі бюджет қаржысын тиімді пайдалану үшін өткен жылы техникалық және кәсіптік білім беруге назар аударылды. Сайрам ауданындағы Қарабұлақ ауылында 200 маман даярлайтын №25 кәсіптік-лицей ашылды. Сонымен қатар, техникалық мамандар даярлайтын 2 жекеменшік колледж пайдалануға берілді.
Соңғы кезде Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық саласына қатысты бірқатар сын айтылып жатыр. Әрине, жетістік жүрген жерде кемшіліктің де болатыны рас. Әтсе де, қол жеткізген бар жетістікті жуып-шайып, бірер кемшілікпен сынға алу да орынсыз болар деп ойлаймыз. Қатерлі ісік, туберкулез, қан қысымы және жүректің ишемиялық ауруларын ерте анықтауға, жарақаттанушылықтың алдын алу, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған іс-шаралар жүзеге асты. Республикада алғаш болып қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтайтын облысымызда скрининг орталығы ашылды. 2011 жылы 52 нысан іске қосылды, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 3,4 млрд. теңге бөлінген екен. 464 дәрігер қайта даярлықтан өтсе, 2586 дәрігер білімін жетілдірді. Оның үштен бірі халықаралық деңгейде. Балалар кардиохирургиялық бөлімшесінде жүректе туа біткен ақауы бар 151 балаға ота жасалды.
Өткен жылы мәдениетке де мән беріліп, бұл салаға қолдау көрсетілгенін айта кеткеніміз жөн. Шымкент қаласында 1200 орындық цирк ашылды., әзіл-сықақ және сатира театры жаңа ғимаратқа қоныстанды. Облыстық куыршақ театры, «Оңтүстікфильм» мекемесі күрделі жөндеуден өтті. Жекеменшіктегі 8 мәдениет үйі мен клубтар мемлекет меншігіне қайтарылды. Отырар ауданында «Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби» мұражайымен қатар, 4 ауылдық клуб және 4 кітапхана пайдалануға берілді. Қай саланы алып қарасақ та, 2010 жылға қарағанда 2011 жылғы көрсеткіштер көш ілгері. Өсу де, өрлеу де бар. Әсіресе, елді мекендерді ауызсумен, табиғи газбен, тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етуде айтарлықтай жұмыстар жүргізілген.
Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, қоршаған ортаны қорғау, автомобиль жолдары, сәулет және қала құрылысына бағытталған бағдарламалар мен жобалар нәтижесін беріп, жастар саясатын жетілдіру мақсатында барлық қала, аудандарда «Жастар орталығы» ашылды.
«Бірлік бар жерде-тірлік бар». Расында да бірнеше ұлттар мен ұлыс өкілдерінің мекені болған Оңтүстіктегі оңды тірліктердің барлығы да ынтымағымыз бен бірлігіміздің арқасы. Осының негізінде бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған «Ырыс алды-ынтымақ» басқосу жиыны қоғамдық форум институтына айналды. Өзге өңірлер мен аймақтардың Оңтүстіктен үйренері көп. Халқы еңбекқор, жүректері жылу мен мейірімге толы Оңтүстіктің тұрғындары үшін биылғы қыс оңайға соқпаса да мойыған жоқ. Ақпан айындағы үстін-үстін су алған елді мекендерде халықпен бірге болған облыс әкімі Асқар Мырзахметов елдің ынтымағы мен ауызбіршілігіне риза болды, олардың төзімділігі мен қайсарлығына қайран қалды. Қауіп әлі сейілген жоқ, төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған жұмыстар атқарылып жатыр.
Облыс әкімінің есепті баяндамасынан соң жиынға қатысушылар тарапынан сөзге шыққандар Асқар Исабекұлының 2011 жылы атқарған жұмысының қорытындысын оң бағалап, алдағы еңбегіне жетістіктер тіледі.
Ердәулет Тұрапбекұлы