Кеңес одағы билік құрған кезеңінің өзінде ұмытылмай, ауыл-ауылда аталып өтіліп, бүгінде жалпыхалықтық мерекеге айналған Ұлыстың ұлы күнінің қайта жаңғыруы бірлігі мен ынтымағы, татулығы мен ауызбіршілігі жарасқан тәуелсіз қазақ елінің мықты да берік екендігінің дәлелі. Ұлыстың ұлы күнін атап өтудің негізінде табиғатқа деген махаббат пен адамгершілік қағидаттары жатыр. Наурыз жаңа жыл ғана емес терең рухани-этикалық мағынаға ие. Күн мен түн теңелетін, табиғат ана тамылжып, қыс бойы қар құрсауында болған тіршілік оянып, жер мен көк жаңаратын Наурызды қазақ елі қалай қарсы алған? Жаңа жыл табалдырықтан аттарда «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сеніммен Наурыз қарсаңында үй ішіндегі жиһаз-мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады
Қазақ мерекені көрісуден бастаған. «Қыстан аман-есен, бауырымыз бүтін, төрт көзіміз түгел шықтық», – деп ағайын, туыс-жораға барып көріскен, сәлемдескен. Ер адамдар қос қолдасып, төс қағыстырады, ал әйелдер болса, құшақтасады, ерлер мен әйелдер кездессе, құшақ айқастырады. Ынтымақ пен бірлікке бастайтын көрісу дәстүрі бойынша бұл күннен бастап барлық үйдің есік ілгешегі салынбайды. Қайта жасы кішілер үлкендердің үйін жағалап, сәлем беріп қалуға тырысады. Әйтпесе көріспеген адамымен жол-жөнекей кездесіп қалатын болса, бұл әбестік, үлкенді сыйламау болып есептеледі.
Наурыз мейрамында ішкен Наурыз көженің дәмі ерекше. Оның құрамы жеті түрлі дәмнен – соғымнан қалған сүр ет, қойдың басы, сүт, езілген құрт, бидай (тары, күріш), пияз және судан тұрады. Неге жеті дәмнен құралған? Себебі, қазақ халқында жеті саны киелі, қасиетті саналғандықтан осы Ұлыстың ұлы күнінде наурыз көженің де жеті дәмнен жасалуына аса көңіл бөлген. Көжені қыстық соғымнан сақтаған еттен, құрттан, бидайдан жасалуының да маңызы ерекше. Ол — осы қыстан аман-есен шығып, келер қысқа аман-есен жетейік, дәм-тұзымыз жарасып, молшылықта өмір сүрейік деп ырымдаған. Наурыз мерекесінің сәні де мәні де ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа негізделген ойын-сауықты Сонымен бірге ақ мол болсын, дастархан майлы болсын деген ырыммен ыдыстарға бидай, арпа, сұлы, жүгері толтырып, сүт, айран, шұбат, шалап, уыз қойылады.
Наурыз мерекесінің сәні де мәні де ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа негізделген ойын-сауықты кеш түсіп, күн батуға айналған мезетте ортаға екі ақын шығып, жақсылық пен жамандықтың, суық пен жылының, қыс пен жаздың күресін бейнелейтін «өлі мен тірінің» айтысын бастайды. Бұл қыспен қоштасып, көгілдір көктем өз қуанышымен, жылуымен келсін деп, суықты шығарып салу айтысы болып есептеледі..
Бұдан кейін ұлттық ойындар ойналады: көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, балтам тап, тең көтеру, бағанаға өрмелеу, арқан тартыс, жаяу жарыс және тағы басқа ойындар ойналады. Алтыбақан басында жастар түнімен халықтық ойындар ойнайды, айтысады. Бұл кеште айтылмаған ән, тартылмаған күй, танылмаған шешен қалмайды. Таң ата көпшілік биіктеу төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады. Қазақтың астрономиялық түсінігі бойынша, Жаңа жылда Күннің көзі көрінген уақыттан кейінгі екі сағат уақыт «күн сәті» деп саналады. «Егер кімде-кім Ұлыс күні күн шұғыласын маңдайымен тосып қарсы алса, оған Наурыздың құты дариды» деген екен.
Наурыз – қазақ халқы үшін ежелден-ақ береке-бірліктің, ел-жұрт, ағайын-туыс арасындағы татулықтың, ерен еңбектің, жаңарған тіршіліктің ұлы символы, үлкен мерекесі. Наурыз – алғашқы таң шапағымен келеді. Сол себепті де, ел үрдісінде Наурыз таңын ұйқысыз қарсы алу мәртебе саналған.
Наурыздың бір ерекшелігі – оның ай бойына созылатындығы. Яғни сәуірдің 20-на дейін Наурыз мерекесін атап өтуге болады. Бір ай бойы бір-бірімізге қонақ болып, өзара жақсы тілектер тілесіп, әдемі ән-жырмен, әсем күймен өмірдің сән-салтанатын арттыра түсуге еріктіміз…
Ал Жаңа жылдың ең үлкен ерекшелігі – адамдардың бір-біріне жақсылық тілеуі дейтін болсақ, аталмыш мерекенің көптігі – демек, жақсы тілек пен ізгі ниеттердің орасан зор екендігінің айғағы.
Ақнұр ЖАҚЫПОВА
Артық болмас білгенің…
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз қазақ даласында 1988 жылы ғана қайта жаңғырды. Ал 1991 жылы 15 наурызда Қазақ КСР Президентінің Жарлығы шығып, 22 наурыз – «Наурыз мейрамы» деп жарияланды. Осы уақыттан бастап Әз-Наурыз мемлекетіміздің мерейлі мерекесіне айналып, республика бойынша кеңінен тойланып келеді.
2010 жылдың 23 ақпанында Әзірбайжан мемлекетінің ұсынысымен Қазақстан, Ауғанстан, Иран, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Албания, Македония және Үндістан елдерінің қолдау көрсетуімен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы, 21 наурызды – Халықаралық Наурыз күні етіп белгіледі. Осылайша, Орта Азияға дейінгі өңірлерде сан ғасырлар тойланып келген мерекені әлемге жар салып, атойлатып атап өту мүмкіндігі туды.
Нәуірзек — наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Қарасы шағын ғана осы құсты шығыс елі ерекше күтеді. Оны алғаш көргендер «Наурыз келдің бе?» деп шақырып, жем шашады. Нәуірзекті ешкім қумайды, үркітпейді.
Наурыз айында жұп-жұқа, қиықша қырбық қар түседі. Оны халық «наурызша» деп атайды.
Иран патшасы Наурыз күні қол астындағы адамдардың біріне патша шапанын сыйға тартқан екен. Тіліміздегі күні бүгінге дейін айтылатын «Құлға бір күн азаттық» деген мәтел осы бір көне рәсімге қатысты болса керек.