Таусылмайтын тексерулерге тосқауыл
Облыстық прокуратура жүргізген тексеру барысында 664 заң бұзушылық анықталып, 560 кәсіпкерлік субьектісі негізсіз жоспарға енгізіліпті. Есесіне, 107 жоғары бақылауды қажет ететін субьектілер жоспарға енбей қалған.
Тарқатыңқырап айтсақ, ОҚО прокуратурасы органдарымен Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Ауылшаруашылығы, Индустрия және жаңа технологиялар, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің жергілікті құрылымдарында 2012 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған тексеру жоспарына кірген жеке кәсіпкерлік субьектілердің енгізілу негізділігіне мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заңдардың қолданылуына жүргізілген тексеру барысында осындай келеңсіздіктер анықталыпты. Талдау көрсеткендей, неғұрлым көп заңсыздықтар санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының қызметінде орын алған. Мұнан кейінгі орындарда төтенше жағдайлар, ауылшаруашылығы, индустрия және жаңа технологиялар, қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бағынысты құрылымдары екен. Таусылмайтын тексерулерге тосқауыл қойған прокуратура кәсіпкерлердің пайдасына шешім қабылдап, министрліктердің жоспарды бекіту туралы бұйрықтарына наразылық енгізу үшін Бас прокуратураға ұсыныс жолдады.
Еңбеккерлердің құқықтары қорғалды
Түлкібас аудандық прокуратурасы 96 еңбеккерлердің конституциялық құқығын қорғап, оларға тиесілі 1381031 теңге жалақыларын тиісті мекемеден өндіріп берді.
«ЭкоПродуктГруп» АҚ-ы бірнеше айлап өз жұмысшыларына жалақы төлемепті. Бұған наразылық танытқан еңбеккерлер прокуратураға шағымданған. Аудандық прокуратура тарапынан АҚ-ның төрағасының атына ұйғарым енгізіліп, жіберілген кемшіліктен қорытынды шығару тапсырылады. Және де, заңды тұлғаға әкімшілік іс өндірісі қозғалып, 323600 теңге айыппұл салынған. Нәтижесінде жалақыларына қол жеткізе алмай жүрген 96 еңбеккердің құқығы прокуратураның араласуымен қалпына келтірілді.
Е. Сұлтан