«Алтын бесік». Сайрам аудандық білім бөлімі мен «Шымкентландия», «Мекенсервис ЛТД» және «Вега» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің бірігіп жұмыс атқаруымен жасалған облыстық зияткерлік жарысы осылай аталды.
Оның бірінші кезеңі өз мәресіне жетті. Сайрамдық 1700 бала қатысқан байқауда оқушылар Сайрам ауданы мен Шымкент және Түркістан қаласының тарихы жайлы тест сұрақтарына жауап беріп, білімін сынаған болатын.
Ұлтының тарихын терең тануға атсалысқан Сайрамдағы 60 мектеп оқушыларына «Шымкентландия» компаниясы разы. Желтоқсаннан басталған зияткерлік байқауының нәтижесінде демеушілер оқушылар үшін шипажайда демалуға 3 жолдама берді. Ал 200 бала Шымкент шаһарына саяхат жасайды.
Ольга Ярославцева, «Шымкентландия» ЖШС-нің директоры, ұйымдастырушы: «Жеңімпаздарға берілген сыйлардың ішінде белсенді мектептер үшін Шымкенттің тарихын баяндаған 10 дана кітап сыйладық. Осы кезең барысында оқушылардың ұлт тарихын жете білуге деген ұмтылысын байқадық. Әрине ол бізді қуантады. Егер де облыстық білім басқармасы біздің бұл жұмысымызды құптап жатса, біз оқушылар үшін жол қауіпсіздігі ережесі мен Оңтүстік Қазақстанның мәдениеті жайлы да осындай байқаулар ұйымдастырғымыз келеді».
Сайрам мен Шымкент және Түркістан қалаларының тарихына үңілуде балалар белсенді болды дейді ұйымдастырушылар. 2 сынып пен 11 сыныптың аралығын қамтыған жарыста оқушылар 30 сұраққа тест түрінде жауап берген.
Владимир Сериков, ұйымдастырушы: «Бүгінгі күні қазақ тарихына байланысты даулы сұрақтар көп. Біз әсіресе, ежелгі қалалардың пайда болуы мен ұлтымыздың салт-дәстүрлері мәселесін жиі талқылаймыз. Бұл байқау дәл осындай сауалдардың жауабын тауып, баланың өздігінен ізденіуне мүмкіндік береді».
Айта өткен жөн, Сайрамда негізінен 50 мың мектеп жасындағы бала бар. «Алтын бесік» зияткерлік байқауына 1700 бала ғана қатыса алды.
Аят Егізбаев, Сайрам аудандық білім бөлімінің әдіскері: «Тестілеу барысында байқағанымыз, балалар көбінесе, Сайрам, Шымкент шаһарларының тарихы сұрақтарына «жақсы» деген бағада жауап беріп жатты. Мұны олардың тұрғылықты жері болғандықтан болар деп топшылап отырмыз. Тестілеу барысында олардың Түркістан қаласына қатысты сұрақтарға мүдіргенін байқадық. Осыны ескерген демеуші компаниялар осы жылы Оңтүстіктің қасиетті жерлеріне оқушыларды саяхаттатын болды. Мұны есіткен балаларымыз аса қатты қуанып жүр».
Облыс бойынша алғаш рет Сайрамда басталған шараның екінші кезеңі осы айдан басталмақ. Бұл кезеңде сұрақтар да күрделене түседі. Ұйымдастырушылар оны жасырмайды. Ал жақсы істің жалғасы Шымкентте алдағы күндері бастауын алады.