Шардара ауданында «Өнегелі отбасы» атты жанұялық спорттық сайыс өтті

Шардара ауданында «Өнегелі отбасы» атты жанұялық спорттық сайыс өтті. Оған 16 команда қатысып, жанұяның ынтымақ бірлігін, жылдамдығын және ептіліктерін сынады. Жеңімпаздар алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру, Неке мен отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатындағы жарысқа жанұя басшылары 8-10 жас аралығындағы бір ұл, бір қызын өздерімен бірге қатыстыра алды. Қатысушылар: өздерін таныстыру, кім жылдам, кедергіден өту, бір сөзден бірнеше сөз шығару, тапқыр болсаң тауып көр сияқты жеті түрлі номинация бойынша алғырлықтарын көрсетті.

Орынша Қалшабекова, жарысқа қатысушы жанұя мүшесі: «Жарысты аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі, аудандық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағының комитеті ұйымдастырды».

Жанұяның бірлігі мен шығармашылық қабілеттері айқындалған дода кезінде жасөспірімдер мен олардың ата аналарының салауатты өмірге бейімділігі артып, өнегелі өнерімізді көрсетер осындай сайыстар көп болса дейді.

Роза Жұмаділлаева, аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері: «Жарыс өте қызықты өтуде. Ұл қыздарымыз өнеге алуда. Ұйымдастырушыларға рақмет айтамыз».
Айниет Боранбай, жарысқа қатысушы: «Маған ұнағаны соншалықты анам ағам үшеуміз ішінде ең көңілдісі доппен секіру болды».

Тартысты өткен жарыс қорытындысын шығарған қазылар алқасы жеңімпаздарды марапаттады. Қатысушылар аудан әкімі мен аудандық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы комитетінің дипломдары мен бағалы сыйлықтарына ие болды.