Шешім бар, жер жоқ

Бұл даулы мәселе осыдан екі жыл бұрын басталса да,әлі күнге түйіні тарқаудың орнына, қайта шиеленісіп барады. Біреу емес, екеу емес, бақандай 4503 адамның жерге қолдары жетпей жүргендігінен облыстық, аудандық прокуратура, құзіретті орган басшылары хабардар болса да, қандай құдірет барын кім білсін, тұрғындар талабы әл-әзірше орындалмай тұрғандығы кім-кімді болсын, таңқалдырары ақиқат.

О бастан халқымызда жер дауы мен жесір дауы бірінші кезекте тұрған. Бүгін де Сайрамдағы осынау жер дауы аудан, облыс қана емес республикаға да жетті. Сайрам ауданына қарасты Ақсукент ауылдық округі тұрғындарының саны жылдан жылға көбейіп, үй салу үшін жер теліміне деген сұраныс арта түсуде. Мәселен 2004 жылдан 2009 жылға дейін телімдік жер сұрап, ауылдық округ әкімінің атына 4503 азаматтан өтініш түскен. 2008-2009 жылдары өтініш берген барлық азаматтың тілегі қабыл болып, қолдарына тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін шешім беріледі. Және телімдік жерін әлі көрмесе де 9600 теңге төлеп, алған жеріне сызба жасатады. Оларға осылай істеуді сол кездегі ауыл әкімдері тапсырған. Бірақ, мұның бәрі алдамшы тірлік болып шықты. Қолдарында заңды шешімдері бола тұра 4503 тұрғын әлі күнге жерге қолдары жетпей, жүйкелеп жүр. Не үшін? «Бақсақ бақа екен» демекші, төрт жарым мыңнан аса адамның қолдарына берілген шешімдер заңсыз болып шықты.

Қазіргі таңда, жоғарыда аталған өзекті мәселенің бірі 2010 жылға дейінгі заңсыз берілген шешімдердің күшін жою біраз қиындықтар туғызуда. Атап айтар болсақ, заңсыз берілген жер телімдерін орналастыруға оңтайландырылған бас жоспарды «Сервисплан», «Модерн проект», «Сайрампроектстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері істегені анықталды. Осы аталған ЖШС-і өкілдерімен оңтайластырылған бас жоспар бойынша жеке тұлғаларға заңсыз берілген шешімдерге негізделіп, қанша гектарға бас жоспар жасалынды және тұрғындарға қанша жоспарлар берілгендігі туралы анықтау жұмыстары жүргізілуде».

2010 жылғы қазан айында дәл осы даулы мәселені тексерген аудандық прокуратураның аудан әкімінің атына жолдаған ұсынысына назар аударалық. «Сайрам ауданының прокуратурасымен аудан әкімдігінің Ақсукент ауыл округінің әкімімен азаматтарға тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін бөлу кезінде заң талаптары бұзылғандығы жөнінде жазған хаты бойынша ҚР Жер кодексінің қолданылуына тексеру жүргізілді. Тексеру барысында Ақсукент ауыл округінің әкімдері азаматтарға тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін бөлу кезінде заң талаптарының бұзылғандығы анықталды»,-дей келе аудан прокуроры, аға әділет кеңесшісі К. Үсіпбаев мынандай қорытынды жасайды:

«Ақсукент ауыл округі әкімі аппаратының жауапты лауазым иелері жер туралы заңнамалардың талаптарын өрескел бұзып, қаншама тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіріп, шешімдер әзірлеу мен қабылдау кезінде заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсету, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараудың және өз құзіретіне кіретін өзге де мәселелерді шешудің заңда белгіленген тәртібін әлденеше рет бұзу арқылы ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12 бабы, 1 тармағының 4,10 тармақшаларында көрсетілген сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын, құқық бұзушылықтарға жол берген.

Нәтижесінде, қазіргі таңда Ақсукент ауылындағы жер мәселесіне қатысты проблема аудандағы өте өзекті мәселенің бірі екендігі, сондай-ақ тұрғындар арасындағы наразылық көріністері кез келген сәтте өршіп кету мүмкіндігі жасырын емес. Осыған қарамастан, Сайрам ауданы әкімдігінің, аудандық жер қатынастары бөлімінің және Ақсукент ауыл округі әкімі аппаратының жауапты лауазым иелері қалыптасқан жағдайды түпкілікті шешуге жете көңіл бөлмей отырғандығы байқалады»,-деп өз алаңдаушылығын білдірген болатын. Бұл 2010 жылғы қазан айының 18-і күні айтылса да, содан бергі уақытта ешнәрсе өзгере қойған жоқ,»баяғы жартас сол жартас».

Ал өткен жылғы тамыз айының 27-сі күні шығыс нөмірі 719-1-11 санмен жіберілген аудан прокурорының хатында былай делінген:

…»Сайрам ауданы, Ақсукент ауыл округі әкімшілігі тарапынан 4503 азаматқа тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін шыққан шешімдерді заңға сәйкестендіру үшін прокуратурамен Сайрам ауданы әкімдігіне заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізілген. Ұсыныс негізінде Сайрам ауданы әкімінің орынбасары С. Сапарбаевтың төрағалық етуімен Ақсукент ауылдық округінің Қарасу, Манкент, Қарабұлақ ауыл округтерімен шекаралас жерлерді заңдастыру немесе түпкілікті шешу жолдарын қарастыру туралы жиын өткізілді. Сол жиында жер мәселесін түпкілікті әрі тезірек шешу мақсатында іс-шаралар құрылып, бекітілген жұмыстар жүргізілуде.

Іс-шараға сәйкес қазіргі таңда Ақсукент ауыл округіне қарасты тиісті шаруа қожалықтарының иелерімен, пайдаланыстағы шаруа қожалық жер телімдерін Ақсу ауылының бас жоспарына сәйкес қайтарып алу жұмыстары жүргізілуде.

… Бүгінгі таңда Сайрам ауданы, Ақсукент ауыл округі әкімшілігімен шаруа қожалықтары иелерімен келісім сөздер жүргізіліп, ескерту хаттары берілді. Шаруа қожалықтарымен жерлер өз еріктерімен қайтарылмаған жағдайда сот арқылы мемлекетке қайтарылып, содан кейін үй құрылысын жүргізу үшін жерлер берілетіндігін түсіндіремін». Аудан прокурорының осы хаты қолымызға тигелі де талай айдың жүзі болыпты. Екі жылдан бері сағызша созылған жер дауына бәрібір нүкте қойылған жоқ. Біз осы мақаланы даярлау барысында ауыл әкімі О. Бүкіроваға хабарласып, жағдайдың қалай өріс алып жатқандығын сұрағанымызда анау айтқандай жағымды жаңалық ести қоймадық. Бұл даулы мәселе әлі де тексерілу үстінде, дәл бүгін-ертең 4503 азаматқа тиесілі жердің беріле қоюы екіталай екен.

Қызық. Жер телімін оңды -солды бөліп берген сол кездегі ауыл әкімдері бүгінде сергелдеңге түсіп жүрген 4503 тұрғынның обал-сауаптарынан қорықпағандары ма?

Әйтеуір түсініксіз тірлік. Ал құқық қорғау органдары мен ауыл, аудан әкімдері 4503 тұрғынның үдесінен шығып, мүдделерін қорғай ала ма, жоқ даулы мәселені «жабулы қазан жабулы» күйінде қалдыра ма? Бұл енді алдағы күндердің еншісіндегі тірлік.

Осы кезде:

Редакцияға Сайрам ауданы, Ақсукент ауылынан Ноғайбаева Гүльнара деген азаматша хабарласып, дәл осы жер телімін алу мәселесі бойынша әбден жүйкесі тозғанын айтады. Оның айтысынша, Ресейде білім алып, Қырғызстанда 14 жыл тұрған. 2008 жылы Қазақстанға біржолата көшіп келіп, 3 қызымен әке-шешесінің баспанасын паналайды. Өзі де, бойжетіп қалған қыздары да Қазақстан Республикасының азаматтығын алған соң, Ақсукент ауылдық округ әкімінің атына тұрғын үй салу үшін телімдік жер сұрап, өтініш жазады. Оралман ретінде тиісті жеңілдік сұрап, Президентке хат жазған. 2009 жылғы желтоқсанның 11-і күні оған тұрғын үй салу үшін «Алматы -Термез» тасжолының аумағынан 0,8 соттық жер телімін алу жөнінде №2721 санды шешім шығады. «Сайрампроектстрой» ЖШС-не барып, болашақ үйдің сызбасын даярлатады. Бұл үшін серіктестікке 10000 теңге төлейді. Алайда…

Бірнеше жылдан бері әлі де жер телімін әлі ала алмай жүр.

Ердәулет Тұрапбекұлы. 

 Гүлнара НОҒАЙБАЕВА, Ақсукент ауылының тұрғыны:

 — Қаншама уақыт өтті. Үш баламмен әлі жүрмін баспаналы бола алмай. Жер де жоқ, тұщымды жауап та жоқ. Бір білетініміз, 4503 адамға берілген жер телімдері шаруа қожалықтарына ұзақ мерзімге берілген жерлер болып шықты. Прокуратура, өңіраралық жер инспекциясы осы даулы мәселені тексере келе, бірталай заңсыздықтардың бетін ашты. Қарапайым халықтың қандай кінәсі бар, 3-4 жылдан бері әуре-сарсаңға түсетіндей? Мен бұл мәселе жөнінде ҚР Премьер- министрі Кәрім Мәсімовке хат жазып, тұрғындардың талабын ескеруді, заңды телімдік жерлерін алуға ықпал етуін өтіндім де. Алайда, жауап Мәсімовтен емес, аудан әкімінің орынбасары С. Сапарбаевтан келді. Хаттағы айтылған жәйттің бәрі белгілі,»тексеріп жатырмыз, тиісті шаралар қарастырылуда» дегендей. Неғылған бітпейтін тексеру, неге түйіні тарқамайтын мәселе, түсінсек бұйырмасын.

Оразкүл БҮКІРОВА, Ақсукент ауылдық округының әкімі:

— Ақсукент ауыл округінде 2004-2009 жылдар аралығында тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімін бөліп беру туралы ауыл тұрғындарынан жалпы көлемі 4503 өтініш тіркеліп, олардың қолдарына шешімдер берілген. 2010 жылы «Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігінің Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық жер инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің мамандары мен Сайрам аудандық прокуратурасы қызметкерлерінің тексеру қорытындыларының негізінде ауыл тұрғындарына тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін берілген шешімдердің заңсыз екендігі анықталды. Себебі, берілген жер телімдері ауыл округіне орналасқан 114 шаруа қожалықтарының иелеріне 48 жылға, ұзақ мерзімге өтеулі уақытша жерді пайдалануға жалға берілген. Ауыл тұрғындарына тұрғын үй құрылысын жүргізуге жер телімдері осы аталған жерлердің үстінен қабаттастырып қайта берілген. Сондықтан, берілген шешімдер заңсыз болып табылады.