Республикалық БАҚ өкілдері таяуда ғана Шымкенттегі азық-түліктің шарықтап, тіпті, Астанадағы бағамен айырмашылығының жоғын айтқан еді. Бірақ «Қазагромаркетинг» АҚ-ның ОҚО-дағы филиалы мұны жаңсақ пікір деп отыр. Айтуларынша, картоп, пияз, сәбіз секілді көкөніс өнімдерінің бағасы соңғы екі аптада, керісінше, 5 пайызға дейін түскен.
Мұны саудагерлер де растайды. Мәселен, «Қырғы базарда» көкөніс саудалайтын Райхан апай, «-Павлодардың картобын 60 теңгеден, Бурныйдікін 55-тен, қырыққабат пен пияздың келісін 50 теңгеден сатып жатырмыз. Сәбіз, қызылша — 60 теңгеден. Бағалар орташа, халықтың өкпе-реніші жоқ», — дейді.
Ал сөрелерде енді ғана пайда бола бастаған қызанақ, қиярлардың құны сапасы мен балғындығына байланысты. Дәмі тұщымды, әрі пайдалы отандық өнімдерді қымбатырақ сатамыз дейді сатушылар. Ал Қытай асып келген жеміс-жидек һәм цитрустық өнімдер біршама арзандау.
Нұрлан ЕСІРКЕПОВ, «ҚазАгроМаркетинг» АҚ ОҚОФ-нің бас маркетологі: «Әрине, Астананың өмір сүру деңгейін біздікімен салыстыруға келмейді. Ондағы жалақы мен Шымкенттіктердің айлығы аспан мен жердей. Сондықтан екі арадағы баға айырмашылығы 10-20 пайызға дейін жүреді. Әрі біздің облыс көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанға жақын орналасқандықтан азық-түлік өнімдерінің арзандау болатыны заңды».
Әрине, базардағы нарықтың күнделікті бағасын өзіңіз де көріп жүрсіз, оқырман. Мүмкін, Сіз азық-түлік сатып алып жүрген базар сөрелерінде мұнан жоғары бағада сатылып жатқан шығар бұл өнімдер. Пікір жазып, хат қалдырыңыз, сайтымызға.