«Қатаң режимдегі түрмеде 15 жыл жазасын өтейді!». Шымкенттегі алқабилер соты кісі өлтірген екі жас жігітке наурыздың 29-ы күні осындай үкім шығарды.
Бұл күні сот отырысында 22 жастағы екі жігіттің ісі қаралды. Олар 2010 жылдың қазанында кісі өлтірген. Автокөлік сатыпалушының кейпіне енген екеу, жәбірленуші Нарметовты Фосфор зауыты маңына алдап әкеліп, буындырып, теміртұлпарын еншілеген.
Қылмысын жасырмаққа әрекеттенгендердің бірі Лещенко Ресейге кетіп жасырынса, сыбайласы Қантаев Өзбекстанға тайып тұрады. Сөйтіп, күдіктілер өткен жылы ұсталады. Қантаев тәртіп сақшыларына өз еркімен берілсе, Лещенконы құрықтау ресейлік құқыққорғаушылардың көмегімен мүмкін болды. Сот отырысында қос жігіттің кінәсі толық дәлелденіп, оларға төмендегіше үкім шығарылды.
Әбсаттар ШАХИДИНОВ, Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы: «ҚР Қылмыстық кодексінің 58 бабына сәйкес, айыптаудың негізгі тұстарын ескере отырып, Лещенко 15 жылға бас бостандығынан айырылсын, оның мүлкі тәркіленіп, қатаң режимдегі абақтыға жабылады.
Екінші айыпкер Константин Қантаевтың жазасын өтеу мерзімін судья біршама қысқартты. Бұған негізгі себеп, айыпталушы кінәсін мойындап, тергеу ісіне көмектескен. Осы жәйт ескерілген болса керек, өз шешімін оқу барысында «Қантаев, — деді Ә.Шахидинов, — 12 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылады. Оның мүлкі тәркіленіп, жазасын қатаң режимдегі түзету мекемесінде өтейді».
Сотталушы Лещенкоға сот жәбірленуші тарапқа моральдік нұқсан келтіргені үшін 1 млн. теңге айыппұл төлеуді де міндеттеді. Соттың бұл шешімі әзірге күшіне енген жоқ. Айыпкерлердің өз құқын қорғауға әлі 15 күн уақыты бар.