Шымкентте Республикалық “Наурыз” жыр-айтысы өз мәресіне жетті

“Тойдың болғанынан, боладысы -қызық” демекші, Шымкентте Республикалық “Наурыз” жыр -айтысы өз мәресіне жетті. Еліміздің ең таңдаулы 21 азулы ақыны қатысқан өнер додасында облысымыздың намысын 9 ақын қорғаған болатын. Нәтижесінде, өңіріміздің 2 ақыны жеңімпаз атанды.

Республикалық айтыстың 1-кезеңінде 1жұп айтысып, 6 жұп ақын 2-кезеңге жолдама алды. Ақтық мәреде қазылар алқасының төрайымы Әселхан Қалыбекова Шығыс қазақстанның намысын қорғаған ақын Әсем Ережеқызының тапқырлығына тәнті болғанын жасырмады.

Десе де ең қызық айтыстың үлгісін көрермендер жерлесіміз Жарқынбек Наушабек пен астаналық Айнұр Тұрсынбаеваның кездесуінде тамашалады. Алашапанның әлегін жырларына арқау еткен ақындар, бір-біріне деген сыйластығын да өлеңмен өрбітті.

«Халыққа жақсаң, қазыларға жақпайсың» дегенді алға тартатын ақындар жыр бәсекесіне халық өз бағасын беруді ұмытпады.

2 күнге созылған Республикалық “Наурыз” ақындар айтысының бас жүлдесін Шығыс Қазақстанның намысын қорғаған Әсем Ережеқызы қанжығасына байлады. 1-орынды жерлесіміз Жарқынбек Наушабек иеленді. 2-орын Бекарыс Шойбековке бұйырды. Қызылордалық Мұхтар Ниязов 3-орынды місе тұтты.

Ал облыс әкімінің арнайы жүлдесіне алматылық Айсәуле Бейсенхан лайық деп танылды. Өзге ақындар да құр қол қалмады. Барлығы ынталандыру сыйлығын алды.