Созақ ауданында бірде бір мал дерігері жоқ екен. Бұл туралы бүгін облыстық әкімдіктің алқалы жиынында өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы Қанатбек Оспанбеков айтты.
Қарама-қайшылық деп осыны айтыңыз! Негізінен мал шаруашылығымен айналысатын өңір деп сенген Созақта мал дәрігері жоқ болса, жетіскен екенбіз?!
Қ. Оспанбековтың мәліметіне сенсек аудандық ауылшаруашылық бөлімінде ветеринария бойынша айналысатын 3 маманның үшеуі де агроном екен.
Бұл жайында аудан әкімі Б.Мейірбеков білмейді емес, біледі. Оған облыстық басқарма тарапынан талай рет ескертілген екен. Тіпті, оқу орындарына мал дәрігеріне тапсырыс беру мәселесі де ұсынылған білем.
Сонда дейміз-ау, Б.Мейірбековтың бұл жайбасарлығы ма, әлде… Басқаны айтпағанда соңғы уақытта мал ауруларына қатысты Қазақстанның Оңтүстігі ауызға жиі алынып жатқанда… Аусылың да, бруцеллезің де, сібір жарасы да, ит-мысық арасындағы құтыру да Оңтүстіктен шығып жатқанда негізгі кәсібі мал бағып, ет өнімдерін өндіретін Созақта кәсіби малдәрігердің жоқтығы қалай?
Күлесіз бе, жылайсыз ба? Өзіңіз біліңіз…
Айтпақшы, былтыр облыста бруцеллезбен ауырған малдың көзін жоюға жергілікті бюджеттен 47,0 млн. теңге бөлінген. Малдан жұқтырып, дәл осы дертпен 463 адам ауырған.
Малдәрігерін жұмысқа алғаннан гөрі, аурыдың алдын алу шараларын жүргізуден гөрі ауру малдың көзін жоюға қаржы бөлген тиімді ма екен деп қаласың осындайда.