Су тасқыны созақтықтарды да сергелдеңге салуда.
Толассыз жауған жаңбыр мен Қаратау бөктерінде еріген қардың салдарынан теріскейдегі 7 елдімекен су астында қалған болатын. Жергілікті тұрғындар мен арнайы қызмет өкілдерінің біріге жұмылуының арқасында қауіп айтарлықтай сейілді, дейді ауыл тұрғындары.
Күннің күрт жылынуынан туындаған көктемгі су тасқынынан Созақта 900-ге жуық отбасы қауіпсіз жерге көшірілді. Елді мекенде 30 үй, 50 шаруашылық нысанын топан су шайып кетті.
Бүгінгі таңда аудандағы жағдай бірқалыпты. Тиісті сала мамандары арық-атыздарды бекітіп, жаңадан бөгеттер көтеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қауіп сейіліп, адамдар өз үйлеріне қайта оралуда.
Даурен Дүйсебаев, ОҚО баспасөз қызметінің бас маманы: «Созаққа жылда қауіп төндіретін «Құрсай» сайының алдын жауып, ол жақтан келетін суды Қызылкөлге қарай бағыттау жұмыстары да қолға алынып жатыр. Барлық тоғандар жіті бақылауда».
Су кеткен көшелерге топырақтардан бөгеттер жасалып, судың арнасын бұруға бағытталған шаралар атқарылуда. Селден төнген қауіптен ешқандай шығындар жоқ, осының өзі жанға жұбаныш.
Аудан, ауыл округтері әкімдіктерінде тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылған. Қауіпті саналатын аймақтарда да арнайы құрылған бекеттер жұмыс жасауда.