Облысымыздың аудандарында орын алған төтенше жағдайға азаматтар бейжәй қарамайды. Мұның дәлелі бүгінгі таңда халықтан 7 миллион теңге және қажетті киім-кешекпен азық-түліктің мол жиналуы. Осыдан небәрі бір апта бұрын ОҚО «Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігі және облыстық кәсіподақтар кеңесі бірігіп су тасқынынан зардап шеккендерге көмек беру мақсатында қайырымдылық шарасын бастаған болатын.
Қос зейнеткер Анна Андреевна мен Галина Александровна таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін осы бөлмеде киім-кешек қабылдайды. Бір аптадан бері жерлестеріне көмектесуге ниеттенгендердің қарасы қалың. Қысқы жылы күртешелер, шалбар, аяқкиім көптеп жиналуда. Арасында жазғы киімдер де бар. Қайырымдылық осы бөлмеден басталады десе де болады. Заттай көмекті қабылдау жұмысын атқаруға екі зейнеткер өз еріктермен ниеттеніпті.
Анна Побединская, зейнеткер: «Әкелініп жатқан киімдердің бәрі киілген емес. Арасында жапсырамасымен жаңалары да бар. Тіпті бірі мектеп формасын, галстукке дейін әкеліпті. Бастысы олардың жүзінен шын көңілден көмектесуге тәуекел еткені байқалып тұр».
Облысымызда орын алған су тасқынынан зардап шеккендердің жағдайына Қазақстан халқы ассамблеясы да бейжәй қарамады. Бүгінгі жиынға келген өкілдер 10 миллион теңгені коммисия мүшелеріне тапсырды.
Жиында қайырымдылықтан түскен қаржыны қалай және қашаннан бастап жұмсау керектігі жөнінде жоспар түзілді. Ал киім-кешек дүйсенбіден бастап зардап шеккен ауылдың тұрғындарына жеткізіле бастайды. Қайырымдылық шарасы жағдай қалыпқа келгенше жалғаса береді. Сондықтан сізде жерлестеріңізге жомарттық танытыңыз.