Түркістан қаласының әкімдігі әжелерді үйіне барып құттықтады

Әйел-Ана өмірдің өзегі, тіршіліктің күре тамыры, ыстық ықылас пен ыждаһаттың, пәктік пен тазалықтың қайнары. Халықаралық әйелдер күніне орай, Түркістан қаласының әкімдігі соғыс ардагерлерінің жарлары мен жасы 100-ден асқан әжелеріміздің үйіне барып құттықтады.

Ұлы отан соғысы жылдары жолдастары Отан қорғауға аттанып, өздері тылда тер төккен Батыр аналардың еңбегі ерен. Бар жақсысын соғысқа жіберіп, қалғанына қанағат тұтып, балаларын тәрбиелеген апаларымыз ұрпағының бейбіт күннің мерекелерін атап өткенін қалайды.

Пістегүл Жакипова, 101 жастағы әжей: «Жақсыны да, жаманды да, соғысты , ашаршылықты да көрдік. Шүкір құдайға. Еліміз тыныш болған соң жаман емеспіз. Бала шағаларымыз алдымызда. Патшамыз аман болсын. Әкім балалар, ел, өсіп келе жатқан жастар аман болсын».

Отбасы берекесінің ұйытқысы болған аналарымызға гүл шоқтары мен бірге сыйлықтар табыс етілді. Осы шуақты мереке қарсаңында батыр ағалардың жарлары мен ғасыр құрдастары — 12 ананың жеке шоттарына түркістандық ер азаматтар 10 мың теңгеден бір жолғы әлеуметтік көмек аударды.

Қайрат Молдасеитов, Түркістан қаласының әкімі: «Әкімшілік тарапынан 10 мың теңге аударамыз жеке шоттарына. Сосын сыйлықтарымыз бар. Әлеуметтік жағдайы нашар 110 отбасымыз бар. Сол отбасының аналарына жеке кәсіпкерлер азық-түлік сыйлап отыр».

Ақ пейілді, дархан көңілді нәзік жандарға жақсылық тілектер айтылып, көңілдері бір көтеріліп қалды.