Таксисті өлтірмек болды

Такси жүргізушісін қару кезеңіп атып өлтірмек болған қылмыскер сот үкімімен 3 жыл, 6 айға сотталды.

Өткен жылғы шілде айының 27-і күні Б: Маханбетов өзінің жекеменшік «Ауди-80» көлігімен Шымкент қаласының теміржол вокзалына жолаушы әкеліп, соларды күтіп тұрғанда Нұрболат Темірбаев пен белгісіз тұлға оның көлігіне жөн-жоба айтпай, отырып алады. Осы кезде мастығы бар тағы да 4-5 белгісіз жандар Б. Маханбетовке «автокөлігіңді тоқтат, жүрмейсің дегендей дөңайбат көрсеткен. Кезекшілікте жүрген полиция қызметкерлерін көрген белгісіз тұлғалар жан-жаққа қаша бастаған соң Б. Маханбетов көлігін оталдырып, жүруге ынғайланғанда Н. Темірбаев қолындағы сыраның бөтелкесімен көлік әйнектерін сындырады. Мұнымен де шектелмеген бұзақы «ОСА» тапаншасымен Б. Маханбетовтың көзіне атып, оқиға орнынан бой тасалайды. Жарақат алған жүргізуші ауруханаға жатып, көзіне операция жасатуына тура келген.

Алдын ала тергеу барысында Н. Темірбаевтың кінәсі толық дәлелденіп, сотқа жолданды. Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Т. Ахметованың төрағалығымен өткен сот отырысы жан-жақтан қаралып, айыпталушының қоғамдық орында жәбірленушіге қарсы күш көрсету арқылы қару қолданғанын жоққа шығармады. Сот үкімімен Нұрболат Темірбаев ҚР ҚК-нің 257 бабы 3 бөлігімен айыпты деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Жазасын түзеу колониясының жалпы режимінде өтеу белгіленді.

Е. Сұлтан