Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі

Өңірімізде орын алған жағдайға байланысты ТЖ министрі Владимир Божко Оңтүстікке іс-сапармен келді. Ол тілсіз жаумен күресу бағытында атқарылып жатқан шараларды бақылап, Түркістан, Сайрам, Отырар, Ордабасы және Бәйдібек аудандарын басқан топан судың келтірген кесірін байқады.

Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі: "Біздерге ата-анамыз бала күнімізде арық-атыздарды тазартқызушы еді. Қазір мұндай істерді ешкім атқармайды. "Қыстың қамын жаз ойласақ, мұндай жағдай азаяр еді".

Еске салайық, облысымыздың орталық, батыс және шығыс аймақтарында он шақты күннен бері күннің күрт жылынуына байланысты жауын-шашын көбейіп, үйлерді қиратқан болатын.

Топан судан зәбір көрген елдімекендердің ішінде Ордабасы ауданының орталығы Темірланның шығыны көп. Ақпанның 20-нан бері екі рет су алған елдімекеннің тұрғындары бүгінде тентіреп қайда барарын білмей дал. «Найман» арықтан келген қатер оқиға орнында сонымен «алысып» жүрген құтқарушылар мен әскерилерді және тұрғындардың өздерін де абыржытып тастады. Арықтың қай жерін бекісін, әйтеуір бір қуысынан су қашып су басу үстіне басып жатыр.

Мәселен, бүрсүгүні «Найман» арықтың арнасына әскерилер бөгет орнатып болғаны сол еді, сол күні түнде, яғни ақпанның 28-нен 29-на қараған түні тілсіз жау тағы көтеріліп, қауіпті жағдай туғызды. Сол сәттерде сыйымдылығы 8 текше метрлі арықта секундына 50-60 текше метр су аққан. Темірландықтар екінші тасқынның өзі 70-тей үйді жарамсыз етті деп жүр. Ал баспанасыз қалған халық туыстарына барса, бәзбірі вагондарды паналап жүр.

Роза ЫСҚАҚОВА, Темірлан елдімекенінің тұрғыны: «Екі бөлмелі вагонда үш отбасы болып тіршілік жасап жатқан жайымыз бар. Менің үйімде сегіз жан, інімнің отбасы да сегіз мүшеден тұрады. Көршілеріміздің отбасында алты адам бар. Қайда барамыз басқа?! Бір мәнісін тауып, өмір сүріп жатырмыз».

Бұл жолы топан су темірланның солтүстігі мен оңтүстігін, тіпті орталығын да алып кеткен. Аудан орталығындағы үш мектептің оқушылары мәжбүрлі демалысқа шықты. «Негізінен төрт жылда бір рет  29-на бітетін ақпан айы «кібісе жылы» деп аталады екен. Сондықтан мұндай табиғат апаттарының болуы заңды да сияқты» – дейді темірландықтар 2008 жылы болған су тасқынын есіне алып. Ал Сайрам ауданының жұртшылығы мұндай тасқынды 1969 жылдан кейін көрмеп едік деп отыр. Онда да көптеген аулаларды су басып, арықтар кемерінен асқан.

Соңғы мәліметтер бойынша, облыста 1000-ға жуық үй аулалары топан су астында қалған. Оның ішінде 428 үйге су кірген. Айта кету керек, 1-наурыз – Азаматтық қорғаныс күнін сала мамандары бұрын жаттығулармен атап өтсе, қазір сол дайындықтың нәтижесі ретінде су астында қалғандарға көмек беруде.

Ресми мәлімет бойынша, тілсіз жаумен күресу шараларына бүгінде облыс бойынша 6913 адам мен 619 техника жұмылдырылған. Жауапты мамандардан түскен ұсыныс пен қажетті шұғыл қаулыларды қабылдау мәселесі облыс активінің қорытынды отырысында тағы да қаралатын болады.