Жүз жасағыңыз келе ме?

 Геронтолог ғалымдар келешекте адамзат баласы гормондардың сөл бөлуі мен жүйке жүйесін реттеу арқылы 150-200 жылға дейін өмір сүру мүмкіндігіне ие болады, дейді. Бірақ, мұның өзіндік сыры бар. Салауаттылықтан бөлек, күнделікті ас мәзірі де ұзақ ғұмыр сүрудің негізгі ережесі саналады. Бірақ, не жеу керек, осыны анықтап алайық.

Жапондықтар ұзақ өмір сүруде әлем бойынша бірінші орында. Жыл сайынғы зерттеулерге арқа сүйесек, мұнда ерлердің өмір сүру ұзақтығы – 70,80 жас болса, әйелдердікі – 84,93 жас. Жапондар өздерінің ұзақ жасайтынының себебін негізгі сегіз қағидамен түсіндіреді. Ол:

1. Аз мөлшерде болса да, жеміс-жидек пен көкөністі күнделікті жеуге тырысыңыз. Әсіресе, ашық жасыл, ашық сары түсті көкөністер мен жеміс-жидектерді көп жеу керек. Мысалы, сәбіз, мандарин, алма.

2. Адам ағзасында, әсіресе жасы ұлғайған адамдарға май қажет. Май болғанда да қарапайым майлар емес. Зығыр майы мен күнбағыс майы. Бұлардың құрамында адам өмірін ұзартуға қажетті аса бағалы қышқыл бар. Сондықтан, күніне бір қасық зығыр немесе күнбағыс майын ішіп отырсаңыз, жетіп жатыр. Сары майға шектеу қою керек. Ет пен ірімшікті аз мөлшерде пайдаланыңыз.

3. Күнделікті ұйқыдан тұрғанда немесе уақытыңыз болғанда жаттығу жасап, дене шынығатындай, қан жүгіретіндей еңбекпен көбірек айналысуға тырысыңыз. Демалыс күндері қала сыртына серуен құрып, таза ауамен тыныстауға ұмтылыңыз.

4. Әр нәрсені ойлап, қайғыра беру тек басыңызды ғана ауыртып қоймай, ағзаңыздың физиологиялық жағдайына кері әсерін тигізеді. Сондықтан, кез келген жағдайда оқыс оқиғаға шыдамдылықпен, сабырмен қараған дұрыс. Ал тез ашуланып, қайғыра беретін адамдардың иммундық жүйесі әлсіреп, түрлі қатерлі және жұқпалы ауруларға шалдығу мүмкіндігі артады екен.

5. Ұйқы адамның жүйке жүйесінің, ағзасының демалуына мүмкіндік беріп қана қоймай, жүрек соғысын реттеп, қан қысымын түсіреді. Гармонды сұйықтар жүйесін қалыпқа келтіреді. Тіпті денедегі зақымданған жаралар ұйықтаған кезде тез жазылады. Сондықтан, ұйқыңызға да көп мән беріңіз. Тәулігіне 6,5-7 сағат ұйқы қалыпты болып саналады.

6. Жұмыстан шаршап келгенде бірден-бір демалатын орныңыз өз бөлмеңіз болғандықтан, тазалығына, заттар мен жиһаздардың орналасуына жіті мән беріп, жиі желдетіп отырыңыз.

7. Шектен тыс тойып тамақтанудың өзі адам өмірінің қысқа болуына әсер ететін бірден-бір фактор. Ас ішкенде тыңқиып тойып алудың қажеті жоқ. Қалаған асыңызды сүйсіне отырып жесеңіз, сіңімді әрі тойымды болары сөзсіз.

8. Үнемі күліп, көңілді жүруге тырысыңыз. Адам күлгенде, бет бұлшық еттері қозғалысқа түсіп, асқазанның жұмысы да жақсара түседі.

Сонымен, егер Сіз 90 немесе 100 жасқа дейін өмір сүргіңіз келсе, біріншіден, салауатты өмір салтын ұста­ныңыз. Ағзаға шамадан тыс артық күш түсіру адам өмірінің төрт жылға жуығын «жалмап» қояды екен. Ал тым аз қи­мылдайтын адамдар жүрек аурулары мен инсульт дертіне жиі шалдығады.

Ағзаңыздағы холестериннің деңгейін біліп әрі бақылап­ жүруді ұмытпаңыз. Егер оның деңгейі жоғарылап кетсе, артериялық қан тамырыңызда майлы қабаттар түзіліп, жүрекке артық күш түсіреді де, жүрек ауруына тез шалдығасыз. Қан айналымын да ұдайы бақылап отырғанның артық­тығы жоқ. Себебі жоғары қан айналымы адамды «ақырын» өлтіретін кесел болып саналады. Егер Сіз ағ­задағы қан айналымын бақылап, реттеп отыратын болсаңыз, онда инсультті 40, ал жүрек талмасына ұшырауды 25 пайызға шектейсіз. Дене салмағын реттеу, яғни салмақ арттырмау да ұзақ жасауға ықпал ететін амалдардың бірі. Ал тым артық салмақ қосу адам өмірін кем дегенде төрт жылға қысқартады екен. Семіздіктің жүрек ауруына апаратын төте жол екенін естен шығармаңыз. Қант диабеті мен сондай кеселге ұқсас ауруға ұшырамауға тырысыңыз. Себебі диабет – жоғары қан айналымын, атеросклерозды, жүрек-қан тамырларының ауруын және инсультті тудыратын қауіпті кесел. Әсіресе қандағы қант деңгейін жөнді бақылап отырмаса, бұл дерттер асқы­нып кетуі мүмкін.

Жүз жасаймын десеңіз, темекіден аулақ болу керек. Жыл сайын бірнеше ондаған адам темекі шеккеннен өмірден мезгілсіз өтіп жатады. Ал бұл әдетті уақтылы тыйған­ адам да жүрек дертіне ұшырау қаупін әжептәуір азайтады. Міне, жоғарыда айтылған кеңестерді түгел орындасаңыз, өз денсаулығыңыз жақсарып қана қоймай, ауырған кездегі шығатын шығынды да көбірек үнемдейсіз.

Өмір сүруді осылайша ұзартуға болғанымен, өкініш­ке орай адам өмірінің 50 %-ын анықтайтын генетиканы өзгерту мүмкін емес. Мысалы, жүрек ауруларымен ауыратын адамдар мен ұрпақтары арасында қандай да бір генетикалық байланыс бар. Яғни жүрек ауруының салдарынан 50 жасында өмірден өткен адамның ұрпақтары жоғарыдағы кеңестерді қолданып жүр­ген­нің өзінде 100 жасқа дейін жете алмауы мүмкін. Де­генмен, бұл кеңес­тердің денсаулықты нығайтуға, сол арқылы ауру-сырқауды тежеуге көп септігі тиері сөзсіз.

Дайындаған — Ақмарал МЫРЗАХМЕТОВА