Сайрам ауданы Жалын ауылының тұрғындары ауыз судың азабын тартуда. Бұл мәселе көп жылдары өз шешімін таппай келеді. Биылғы жыл облыс әкімдігімен «Ауыз су жылы» болып жарияланғанымен, мұндағы тұрғындардың оның шапағатын көріп отырғаны шамалы.
Айнаш Қуатова отбасымен Жалын ауылына Жетісайдан көшіп келгеніме 6 жыл болды, содан бері көрген күніміз осы — тұрмыста құдық суын пайдаланамыз, ал ішетін сумызды қаладан тасимыз дейді.
Жаз мезгілінде суда құрттар қалқып жүреді деген әйел, амал нешік, су болмаған жағдайда оны қайнатып ішіп, тамақта пайдаланатындығын айтады.
Хайдар Кенебаев, ауыл биі: «Отбасының қажеттігіне 100 литрдей су кетеді. Оның литрін 2 жарым теңгеге сатып аламыз. Ал құдықтағы суды тексерген мекеме ішуге жарамсыз деп тапты. Естуіміз бар, ауылға су құбырын жеткізу үшін жобалық сметалық құжат жасалуда. Қашан ол жүзеге асады екен?»
Жұлдыз ауылының жоғары жағында орналасқан Жалын елді мекені саяжай кооперативі ретінде 2005 жылға дейін Төлеби ауданының құрамында болған. Елбасын сайлаған жылы 50 гектардай жер Сайрам ауданына өткен. 2010 жылы облыс маслихатының шешімімен Жалынға ауыл статусы берілген кезеңнен Жұлдыз ауыл округі әкімдігі елді мекенді сумен қамтуға әрекет жасаған. Тұрғындар суды 1 теңгеге сатып алып, мәз мейрам болып еді. Алайда, қуаныштары ұзаққа созылмады. Іске қосылған қондырғы бір ай ғана жұмыс істеген.
Сейдулла Ибишев, Жұлдыз ауыл округі әкімінің орынбасары: «2009 жылы екі «Омега» қондырғысы орнатылды. Бюджеттен 12 млн. теңге қаржы жұмсалды. Бірақ сенімізді ол ақтамады. Көп жұмыс істемей бұзылды. 2010 жылы жобалық сметалық құжатты әзірлеуге 3 млн. теңге бөлініп, бір жетіде ол дайын болады».
Ауыз су мәселесі осы ауылдан сайланған депутаттардың назарында. Бюджет қаражатына орнатылып істен шыққан қондырғылардың шығыны кімнің есебінен толықтырылады екен.
Қайыпбек ҚАМБАРОВ, облыстық мәслихаттың депутаты: «Омега» қондырғыларының орнына енді су құбыры тартылады деп шешілді. Облыс бюджетінен қаржы да қарастырылуда. Келер жылға дейін ауыл сумен толық қамтылады».
Ауыз суға сұраныс жоғары болғандықтан ауылдың кейір пысықайлары оны қаладан тасып, сатып ақша табуда. Алайда, тұрғындардың бәрінің бірдей қалтасы көтермейді. Сондықтан да ағымдағы жылы ауылға «Су арнасы маркетинг» ЖШС-мен мұнай өңдеу зауыты аумағынан су құбыры тартылмақ. Құны 291 млн. теңге жоба жүзеге асса, елді мекен жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен қамтылмақ.