Оңтүстік Қазақстан облысында 765 мыңнан астам жастар бар. Бұл 14 пен 29 жас аралығындағы жастарды санағандағы дәйек. Ал жастардың жасы 30 жасқа дейін ұзартылуы бойынша айтар болсақ… Қоғамның қозғаушы күші деп сенген осынау үлкен топтың елімізде әлеуметтік мәселесі қалай шешілуде?
Алдымен болашағымызды сеніп тапсырып отырған жастарға бағыт-бағдар боларлық заңның осы кезге дейін қабылданбай келгенін айта кету керек.Парламентте «түйенің етін жеген» заңдардың қатарында жастарға қатысты заң жобасының жатып қалуы көзі қарақты кез-келген жанды алаңдатып келген -ді.Кешегі аптада жобаға жан біткендей болып еді, алайда мақұлдауға әкелген Білім және ғылым вице министрін депутаттар «түтіп» жеді. Заң жобасынан шикілік тауып, шүйлікті.Алдымен Дариға Назарбаева «моральдық тұрғыдан ескірген, «нафталиннің исі шығады» десе, оның әріптесі Мұхтар Тінекев «заңда ешқандай революциялық өзгерістер жоқ» деп түйіндеді өз ойын.
Өзгелер де қалыспады. Мысалды Беларусь елінен іздеді. Ол жақта жастарға несие беруде әжептеуір жеңілдіктер қарастырылғанын айтып, осы арқылы демографияны жақсарту керектігін алға тартқандар болды.
Жақсыны білмек үшін дегендей, беларустардан тәжірибе алуды ұсынған Парламент депутаты Гүлнар Ықсанова 2011 жылы Кедендік одақ демографиялық қауіпсіздік жөнінде бағдарлама қабылдағанын да еске салды. Сол бағдарлама бойынша, жас отбасылар екі балалы болғанда олардың баспана үшін алған несиесінің 1/4-ін, ал үш баласы болғанға жартысын мемлекет өтейді. Отбасында бала саны төртеу болғанда, Беларусь үкіметі жас отбасының несиесін өзі жабады екен. Ал бізде ше?
Жастар – сынақ алаңына айналған
Иә-иә. Намысыңызға тиетінін білемін. Бірақ, шындығы осы. Қазақстанда жастар мәселесі кешеге дейін түрлі бағдарламалар арқылы шешіліп келді. Жә, ол жайлы сәл кейінірек. Алдымен айтқымыз келіп отырғаны, тәуелсіздік алған 20 жылдан астам уақыт ішінде жастар ісімен айналысатын бөлімдерді бірде ана мекемеге, енді бірде мына басқармаға қосып, әр қайсының жетегіне жегіп бергеніміз өтірік емес.
(Сөйтіп отырып, «болашағымыз жастардың қолында» дейміз-ау…)
Аймақтарда жастар ісімен айналысатын дербес комитет комсомолдық жүйе тарқай салысымен құрылды. 1994-95 жылға дейін облыстық жастар комитеті деген құрылым жұмыс істеп келді. Комитеттің белсенділігі жаман болған жоқ. Әлі де болса бұл салада комсомолдың шекпенінен шыққандар отырды. Үйреніп қалған дағды біраз жылдарға азық болды. Бірақ, әрі-сәрі күй кешу, «қалай болар екен?» деген алаңдаушылық ақыры бұл комитетті облыстық туризм және спорт басқармасына бағындырып беріп тынды. Облыстық жастар ісі, туризм және спорт басқармасы деген құрылым пайда болды. Көпке жетпеді, қосақтасқан мекемеде жастарға жете мән берілмегендіктен ендігі кезекте мәдениеттілікке қарай бетін бұрдық. Облыста Мәдениет және жастар ісі деген басқарма пайда болды. Жастар ән салды, би биледі… «Талантты жастарды танытайық!», «Тасада қалған таланттар» деп ұрандадық. Сосын…
«Жоқ, бұлай болмайды екен…Қазақстанның болашақ егелеріне саясатты оқытып, саяси сауатын ашуымыз керек. Ертең ел басқарғанда керек болады» деп түйдік. Сөйттік те, 2002 жылдың 2 сәуірінде жаңадан құрылған Ішкі саясат басқармасына жастар бөлімін апарып қостық. Тәрбиелеу үшін.
Қалай тәрбиеленіп жатқанын өзіңіз-ақ көріп жүрген боларсыз оқырман?! Біздің көріп жүргеніміз, биік міңберлерден жалынды сөздерімен көрінетін саусақпен санарлық жастар тобы қалыптасты. Президент келсе де солар сөйлейді, министр келсе де «міне біздің жалынды жастар» деп соларды шығадық. Шетінен саяси сауатты. Елбасы Жолдауын насихаттау барысында көзіміз жеткен оған. Сөзуар, ділмар, шешен. Олай болмағанда ше…біздің жастар тек ділмарлар мектебінде (дебатчиктер) тәрбиелене ме деп қаласын, кейде.
Көңілге күдік ұялатқаны сол, солардың кейбірімен әдебиет, мәдениет, тарих жөнінде пікірілесіп көріңізші…сөздік қоры жаттап алғанынан арыға тереңдей алмайды. Бірақ, ұрандатуға ұста. Ары қарай аяқ басса адасып кететіндей. Жә, бұл емес еді айтпағымыз. Орайы келгенде айтып қалып жатқан жайымыз бар.
Сонымен, жастар ісімен айналысатын бөлімді 20 жылда бірнеше рет әр басқармаға қосақтаппыз. (Қосынды өзгерді ме?)
Егер санамалап отырсақ, елімізде жастарға қатысты жарияланған 75 жоба бар екен. «Жол картасы», «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен – ауылға», «Ауыл жастары», «Алтын қор — кадрлық резерв», осылай тізбектеліп кете береді. (Мойындайық, көбінің атауын да білмейміз-ау, осы. Бірақ сондай бағдарламалар қабылданғаны рас.). Көрдіңіз бе, біз жастар саясатын әлі де болса сынақ алаңына айналдырып, оларға қатысты мәселелерді әлеуметтік бағдарламалар арқылы шешіп келеміз. Ал, өзге елдер әлдеқашан Жастар туралы заң қабылдап қойған.
Ал біздің заң жобасынан әлі «нафталин» исі шығып тұр».
40-қа келмей қатын алмайды
Қазақ «отызында орда бұзар» деп жатады. Соңғы кездері қазақ жастарының отызда орда бұзуы сиреді. Қырқында қамал алмақ түгілі осы жаста қатын алуға асықпайтындар бар. Неге? Егер бұлай кете беретін болса, ендігі жерде кәрі қыздардың қатарын сүрбойдақтар толықтырары сөзсіз.
Мұның басты себебі біреу-ақ. Жұмыс жоқ, баспана екібастан жоқ. Үйлену үшін ақша керек. Бүгінгі қыздар да пысық болып кеткен. Үйі, ақшасы, астында көлігі жоқ жігітке мұрындарын шүйіре қарайды. Одан гөрі, «кәріқыз» атанғанды тәуір көреді. Осыны білетін жігіттер жұмыс табайын, баспаналы болайын деп жүргенінде қырықтың қырқасына таяғанын сезбей қалады.
Қоғамдағы осы бір қасіретті сезді ме, Парламентте талқыға түскен заң жобасында жастардың жасын 14 пен 30 жас деп белгілеп отыр. Бұрын жастар санатына 14-29 жас аралығындар жататын.
Парламент депутаты Нұртай Сабильянов дұрыс айтады, ел боламыз, көбейеміз десек жастардың 22 жастан бастап үйленіп, үй болуына жағдай туғызуымыз керек.
Бұл орайда кеше ғана Елбасы Жолдауын негізге ала отырып жарияланған «Қол жетімді баспана» бағдарламасына сенім артып отырған жұрт жетерлік. Алайда мұның өзіне күман келтірер тұсымыз аз емес. Мысалы, баспанамен қамтамасыз етудің тиімділігі ретінде жас отбасыларға несиемен берілетін пәтердің төлемақысы бір балалы болғанда ―20%, екі балалы болғанда ― 40%, ал үш балалы болғанда 60% пайызға қысқаратындығы жөніндегі уәде құрғақ күйінде қалып бара жатқандай. Ешбір заңда тасқа басқандай етіп бұл мәселе анық көрсетілмей отыр. Парламентке келген жастар туралы заң жобасында да бұл айтылмаған. Сонда қалай, біз әлі де жастар мәселесін сынақ алаңына айналдырып, жалаң сөзбен жұбатып жүрміз бе? Дәл осы мәселеге келгенде Парламент депутаты Мұхтар Тінекеевтің позициясын қолдауға болады. Мұндай заң кім үшін керек?
Айтпақшы, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешеді деген «Жастар тәжірибесі», «Жол картасы» бағдарламалары да жол-жөнекей жонып жейтіндердің майшелпегіне айналған. Осы бағдарламалар негізінде болған қылмыстық істерді тізбектеп жатпай-ақ қоялық, бірақ олардың республика бойынша аз еместігі анық. Осылайша жастар арасындағы жұмыссыздық жойылды деу әл-әзір мүмкін болмай тұр. Алысқа бармай-ақ, кеше ғана Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның директоры қоластындағы қызметкердің лауазымын көтеру үшін 1 мың АҚШ долларын талап етіп ұсталды. Жұмыссыз жасқа жол сілтейді, жұмыс тауып беруге көмектеседі деген жігіттің тірлігі осындай болғанда… Тоқ етерін айтқанда «Жастар тәжірибесі», «Жол картасы» бағдарламасы жастардың жұмыссыздығын толық шеше алмайды. Бағдарлама негізінде жас мамандарға төленетін өтемақы жыл сайын көлемін ұлғайтқанымен, тұрақты жұмыспен қамтылмаған соң, белгілі бір мерзімнен соң қайтадан жұмыссыз қалатын жасқа бұл бағдарлама жұбаныш болмай тұр.
Егемендік алған жылы туғандардың жасы 20-дан асты. Отызында орда бұзса дейміз… Қамал алып, қырқында ел басқарса, егемендігімізді баянды етсе дейміз.
Баспана жалдап, әркімнің есігінде жүрген, бала-шағасын асырай алмай, отбасынан ажырап, немесе әкелік міндеттін ауырлығын көтере алмай жүрген жас тәуелсіздіктің тірегі бола ала ма?! Жастардың әлеуметтік мәселесі шешілмей, еңсесі көтерілмейді. Етігінің басына қараған жігіттен қандай жігер-күшті күтеміз…осыны ойланған абзал.
Тағы бір тілге тиек етер мәселе, бізде жастарға қатысты жоғарыда айтып өткен 75 бағдарламаның әр қайсысының әкімшісі, әр түрлі министрліктің болуы.
Мысалы баспана мәселесі қарастырылған бағдарламалар Құрылыс министрлігіне, жұмыспен қамту мәселесіне арналған бағдарлама Әлеуметтік қамсызданыру министрлігіне тиесілі болып кете барады.
Бұдан шығатын қорытынды, жастардың өз қотырын өзі қаситын дербес құрылымдық ресми орган керек. Соның негізінде аймақтарда жастар ісі басқармасы ашылғаны жөн. Жастардың барлығын саясаткер етіп тәрбиелеудің қажеті шамалы. (Саясатшыл талай жастың қоғамның кетігін таппай, қалана алмай жүргенін де ұмытпайық). Басты міндет, отаншыл ұрпақ – өргізсек. Өрісімізді мемлекетшіл өрендер кеңейтсе. Ол үшін «балам» дейтін Үкімет, «тірегіңмін» дейтін заң болса,-қанекей!
«Нафталиннің» исі бұрқыраған заң жобасы жайлы айтпағыңыз болса, жастар тәрбиесіне не жетіспейтіндігін жеткізгіңіз келсе, талқыға түсер тақырып осы. Редакциямен хабарласыңыз.
Айтпақшы…
Парламент қабырғасына мемлекеттік жастар саясатын айқындайтын заң жобасын әкелген Білім және ғылым министрінің орынбасары Махметғали Сарыбековтің өтініші жерде қалмады. Жоба кері қайтарылған жоқ. Парламент депутататрының көбі вице-министрдің өтінішіне орай заң жобасын бірлесе илеп, пісіретіндерін айтып уәде етті.
Ай-Қаракөз СИҚЫМБАЕВА
Тақырыпқа тұздық:
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
— Мемлекеттік жастар саясаты туралы заң жобасын қарап, тұжырымдамасын оқыған кезде парақтарынан нафталин исі шығып тұрғандай сезіндім. Маған ол моральдық тұрғыдан соншалықты ескіргендей әсер қалдырды.
Бақыт АХЫМБЕТОВ, ОҚО ішкі саясат басқармасы бастығының жастар ісі жөніндегі орынбасары:
— Бізде облыс халқының 31%-ын жастар құрайды. Бұл үлкен күш. Қоғамның қозғаушы күші. Жалындаған жастардың жігері мен күш-қайратын мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда, егемендіктің болашағын жарқын етуге жұмсауға бағыттауға тиістіміз. Сол жастардың құқықтарын қорғайтын, әлеуметтік қолдауға негіз болатын заң жобасы қазір Парламентте талқылануда. Заң жобасына қатысты ұсыныстарымыз бен өтініштерімізді өз кезегінде Оңтүстік жастары атынан біз де жолдаған болатынбыз. Аймақтарда жастар ісімен айналысатын өз алдына басқарма, департамент құру мәселесіне келетін болсақ, бұл ұсынысты өз басым қолдаймын. Бұл өте орынды көтеріліп отыр деп ойлаймын. Себебі, жастарға қатысты сан тарулы мәселе бар. Соны шешуде өз алдына дербес басқарманың болғаны жөн.
Мұхтар Тінікеев, Парламент депутаты:
— Мына заң жобасын қайта жасау керек. Мынаны көрсе жастар тарапынан айтылатын сынның нөпірінде қаламыз. Өйткені құжат жас азаматтар үшін еш жаңалық та, жақсылық та әкелмейді. Бәрі атүсті, сілтемелер көп. Біз жастар, әсіресе жас отбасылар, мемлекеттің қолдауын қажет ететіндігін ұдайы айтамыз. Ал не істедік? Жастарды қол жетімді баспанамен қамтуда балалы болған сайын несиенің бірітіндеп азаятындығы жөніндегі норма қайда? Жоқ. Ондай заңның қажеттігі қанша?
Махметғали Сарыбеков, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
— Құжатты кері қайтармайық. Өйткені Мәжілістің есігінен бір қайтса, екінші мәрте тек 2-3 жылдан соң ғана қайта оралуы мүмкін. Оның екінші жолы бар – заң жобасының сапасын Мәжілістің қабырғасындағы жұмыс тобында арттырайық.