Оған осы атты еншілеткен ақын Фариза Оңғарсынова апасы.Жарқыраған маңдайы мен қою қара шашын екі бөліп, кейде түйіп, қазақ әйелінің бейнесін үйде де, түзде де өзгертпей жүрген анаға деген сүйіспеншілікке толы баға бұл. Кескін-келбетіне уақыт шіркін бояуын өрнектей алмаған, жаны да, бітім-болмысы да сұлу әйелді бәріміз танимыз. Ол Сарыағаштың қылықты қызы, ибалы келіні, сүйкімді келіншегі атанған Нәзира Бердібекқызы Тәшімбетова.
Сағымға айналған арман
Туған ауылы Қазығұрт тауының бөктеріндегі Ұя елдімекені болса да өскен ортасы Келестегі Ұялас кеңшары болды. Мұнда әкесі Бердібек қызмет бабымен шаруашылыққа аға агрономдыққа тағайындалған соң қоныстаныпты. Қызметкерлер отбасы болғасын, үйден қонақ үзілмейді. Дастархан жиналып болған соң, нағыз концерттік бағдарлама басталады.
Бойында өнердің ұшқыны бар Нәзира да қонақ бөлме төрінде қазақтың халық әндерімен қоса «Ах, Самара городок» әнін балаң дауысымен тамылжыта орындап, жиналғандардың көңілін сергітеді. Бәрі де мойылдай қара жанары жарқылдаған сүйкімді қызға ақ батасын беріп, өнер жолына сәт сапар тілейді. Нәзира болашақта әнші болуды армандайды. Бірақ ойда -жоқта анасының қазасы бүлдіршін қыздың жүрегінде бүр жарған өнерге деген талпынысқа тұсау салды. Сөйтіп әнші болам деген Нәзира апай, ойламаған жерден агроном болып шыға келді.
Ленинград. Қызыл жейде. Велосипед.
Нәзира апайдың әкесі Бердібектің де Ленинградта Николай Владимирович Дячев деген ғалым досы болыпты. Әйелі екеуі сондағы техникалық жоғары оқу орындарының бірінде ұстаздық еткен көрінеді. Жер шалғайлығына қарамастан, екі дос ретін тауып кездесіп, хат алысып тұратын. Содан бір жолы әкесі қызына Дячевке орыс тілінде таза, сауатты хат жазуды тапсырады. Бар білетін орысшасымен оқушы дәптерінің екі бетін толтырып, айтылған мекенжайға хат жолданады.
Көп өтпей қателері қызыл сиямен түзетілген баяғы хатпен қоса, ғалымнан ақыл-кеңес жазған жауап келеді. Сауаттылығы қызыл бояумен боялған Ленинградттан келген хат осылайша оны орыс тілін терең меңгеруге итермелейді. Н.В. Дячев досынан Нәзираны өздерінің тәрбиелеріне беруін өтінеді. Бірақ отбасылық жағы оған мүмкіндік бермеді.
1971 жылы Абайдағы «Ленин жолы» орта мектебін тәмамдаған соң, әке жолын қуып, Ташкент ауылшаруашылығы институтының ғалым-агроном бөліміне оқуға түседі.
Қызының алғырлығын, көпшіл де ұйымдастырушылық қабілетінің ерекшелігін ескеріп, әкесі Бердібек оны өзі қызмет ететін Чапаев кеңшарының аға агрономы етуге бар күшін салады. Спортқа, өнерге жаны жақын Нәзира егістік басында еңбек ете жүріп, өзі құралпы жастарды түрлі жарыстарға баулып, бар білгенін үйретеді. Жұмыстан соң өзі сатып алған велосипедіне қызыл жейдесін киіп отырған қыз ауылды түгел шарлап, кейде іргелес жатқан Абай ауылын да көріп қайтады.
Осындай бір күні ойда-жоқта Келес аудандық партия комитеті жайғасқан ғимараттың алдынан өтіп бара жатқанда аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Спақұл Малдыбеков мұны көріп қалады. Ол кездегі қазақ қыздарына тән емес екі дөңгелекті спорт құралын игеру ауылдағыларға таңсық болса керек, сонда қызмет ететін Сайлаукүл Барақовадан велосипедші қыздың кім екендігін сұрайды. Ол сұрастырып жүріп, агроном Бердібектің институтты жаңа тәмәмдап келген қызы екенін айтады. Қағылез басшы бұл қыздың өзгешелігін байқап, қабылдауына шақыртады.
Қызыл жейделі велосипедші қыз осылайша жауапты қызметке шақырылады. Оған алдымен кеңшардың комсомол ұйымын басқару міндеті жүктелсе, кейінірек талдырмаш та, зерек қыздың биік лауазымдарға көтерілу сатылары басталды. Бұған себеп болған облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Асанбай Асқаров екен. Ол жастардың бойындағы ерекше қасиетті тереңнен танып, лайықты орынға қоя білетін. Назираның бойынан да сол бір жарқылдаған жігерді байқады. Қазақ жұртының көсегесін көгертетін қазақы қайсар мінез бен көрікті рухани бұлақты таныды. Республикалық Орталық комсомол комитетіне қызмет етуге жөн сілтеді. Бұл 1980 жылдың жаз айы басталар тұсы еді. Бәрі де Мәскеуде өтетін олимпиадаға дайындалып жатты.
Нәзира апай Алматыға Орталық комсомол комитетінің кеңесіне қызметке келгенде бірінші хатшы міндетін Қуаныш Сұлтанов атқаратын. Жылы қабылдаған соң оны Атырау, Орал облыстары бойынша комсомол комитеттерінің жұмыстарын үйлестіретін жауапты хатшы етіп тағайындады. Осында жүріп, болашақ талай қоғам қайраткерлерімен танысады. Бірғаным Әйтімова, Иманғали Тасмағамбетов, т.б көптеген жандармен қызметтес, замандас, дәмдес болды.
Кеңестік дәуірдің бір ерекшелігі жас мамандарды дайындау, қызметке қою үшін кадр құрамын жасақтаудың өмірлік мектебі қалыптасқан еді. Дегенмен, пендешіліктің кейбір лебі жас өскінге де салқынын тигізді. Домалақ арыздың себебімен жастар ұйымына келген Нәзира жазықсыз бола тұра, қызметінен кетуге тура келді.
Бұл кезде қызмет пен отбасы шаруасын тиянақтап алған ол, екі кішкентайын құшақтап, Шымкентке қайта оралды. Енді оған коммунистік партия сапында еңбек етуге тура келді. Алдымен қаладағы Дзержинский аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы болды, 1984 жылы қыркүйек айында обыстық партия комитеті ауылшаруашылық бөлімінде, 1985 жылы Сарыағаш аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы, аудандық социалистік-партияның хатшысы, аудандық мәслихаттың хатшысы болды. Бүгінгі таңда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы, қызметін абыроймен атқаруда.
Алты жасында анасы бақилық болғанда оның титтей жүрегі марқұм Өлмес анасының орнын қимады ма, төрт баланы туғандары өздеріне еншілеп алып жатқанда Нәзира ешкімнің көзіне түспей, жасырынып қалыпты. Үлкен атасы Сардарбек іздеп жүріп, әкетпек болғанда ол осы жерден кетпейтінін айтып, ағыл-тегіл жылайды. Сонда анасының орнына келген Тазагүл Нәзираны өз қолына алып, бауырына тартыпты. Содан ба, тумаса да туған анасындай болған Тазагүл анасына дән риза. Өзге шаңыраққа келін болып түскенде де, жасау-жабдығын жасаған сол, Тазагүл анасы.
Өмірлік жолдасы — Бәкірмен кеңшарда бригадир болып қызмет етіп жүргенде жолығысыпты. Бұл тоғыз ұл-қыздың үлкені, ол он төрт баланың тұңғышы. Бір-бірін терең түсініп барып бас қосыпты. Бәкірдің анасы Шахан қызметкер келінінің жолын кеспей, қайда жүрсе де Тазагүл құдағиы екеуі үш қызды алып қалып, өздері тәрбиелепті. Төртінші перзенті — Бақытсейіт қара шаңырақтың иесі.
Иә, қазақтың ақмаңдайлысы, Сарыағаштың сыршыл қызы Нәзира апайдың өмір жолы осындай. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген Нәзира мен Бәкірдің сүйікті қыздары: Гүлжан-заңгер. Шымкент қаласында тұрады. Айжаны да заңгер, инженер. Кіші қызы — Ақмарал — экономист. Қазір екі қызы да Астана қаласында қызмет етеді. Ал Бақытсейіт болса Л. Гумилев атындағы университеттің жергілікті мемлекеттік басқару бөлімінің 3-курсында оқиды. Елбасы бата беріп, Елбасының аузына түкірген Бақытсейіт осы бала.
Бұл Бақытсейіттің өмірге келуі де бір қызық. Оңтүстікке Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы келіп, Өзбекстан Президентімен кездесуі барысында мәртебелі меймандар Сарыағашта болады. Нәзирадай іскер келіншекке риза болған Елбасы ақтілеуін айтып, бата береді. Елбасыдан алғыс естіген Нәзира апай қанаттанады. Кейін үш қыздан соң өмірге ұл әкелгенде Елбасының ақбатасы есіне орала береді.
Содан Бақсейіт 3-4 жасқа келгенде Елбасы Жамбыл өңіріне жұмыс сапарымен келе жатқанын естіген Нәзира апай, ниет етіп ұлын жетектеп Таразға тартып отырады. Халықпен кездесуі барасында Президентке шынайы тілегін жеткізеді. «Маған берген батаңыздан жаман болмадым. Енді ұлыма бата берсеңіз, есіңізде ме, Оңтүстікке Ислам Каримовпен бірге келген сапарыңызда…Содан кейін туған балам ғой бұл менің…» дейді ақкөңіл мінезімен. Нәзира апайдың бұл сөзіне алдымен ақжарқын күлген Нұрсұлтан Әбішұлы: «Балаңның аузына түкірейін, бірақ, бұған Каримовтың қатысы барын екінші айтушы болма» деп әзілдейді.
…Міне, Нәзира апайдың жүрген жері әзіл-күлкі, ән мен күй. Айналасына шуақ сеуіп, мейірім мен қайырымдылыққа, қамқорлық пен кішіпейілділікке үндеп жүретін қасиеті үшінде елі оны жақсы көреді.