Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы облыстық қазынашылық департаментінің бастығы Ж. Адинов пен осы мекеменің қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің бастығы Б. Назарбековке қатысты істі Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жолданған еді.
Айпталушылардың 2011 жылы мамыр айында Астана қаласында іссапарда болған кездегі бір мекен-жайдан екі түрлі бағамен пәтер жалдау шығындарының артық төленгені анықталып отыр.
Әл-Фараби ауданының прокуроры Ержан Қожабековтың айтуынша Қаржы полициясының инспекторы тексеру жұмыстарын жүргізіп, қазынашылық департаментінің бастығы Ж. Адинов өз құзыретті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге мiндеттi мемлекеттік мекеменің басшысы бола тұра, бөлім бастығы Б. Назарбековпен алдын ала сөз байласқан.
2011 жылдың қараша айында қаржы полициясы ғимаратында сыбайлас жемқорлық қылмыстарының алдын алу, анықтаумен тікелей айналысатын қаржы полициясы қызметкеріне, яғни лауазымды адамға өздеріне қатысты тексеру құжаттары бойынша оңды шешім қабылдауды сұранып, 4000 АҚШ долларын пара ретінде ұсынады.
Қаржы полициясының инспекторы оларға осы іс-әрекеттерінің заңсыз екенін түсіндіріп, тексеру қорытындысымен заңды шешім қабылдайтынын айтқан. Ж. Адинов пен Б. Назарбеков қайтадан пара ұсынуына байланысты инспектор өз кезегінде қаржы полициясы басшылығына мәлімдеме жасайды.
Осы мәлімет негізінде қаржы полициясы қызметкерлер арнайы іс-шаралар жүргізіп, 2011 жылдың 12-желтоқсанында, 17 сағат 18 минутта Шымкент қаласы Қазыбек би көшесі, номерсіз мекенжайдағы «Афрасиаб» мейрамханасының қаржы полициясының инспекторына 4000 АҚШ долларын өздеріне қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тарту шешімін қабылдау үшін пара беріп жатқанда ұсталды.
Орын алған қылмыстық оқиға бойынша Ж. Адинов пен Б. Назарбековке қатысты қылмыстық іс қозғалып, сот үкімімен әрқайсысы Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 312-бабының 4-бөлiгiнің «а» тармағымен кiнәлi деп танылып, 7 /жеті/ жыл мерзімге бас бостандықтарынан айыру жазасы кесілді. Жеке мүліктері тәркілене отырып, жазаны түзеу колониясының жалпы режимінде өтеу белгіленді.
(Бұл туралы «Оңтүстік рабат» газетінен толық ақпарат алуға болады).