Өнер ордасына айналған Шымқалада тағы бір  байқау өтті. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың  бастамасымен, өңіріміздің талантты да дарынды оқушыларының басын қосқан «Ұрпақтар сабақтастығы- дәстүр жалғастығы» атты өнер сайысы алғаш рет өткізіліп отыр.

Өнерге құштар балалардың бойындағы шығармашылық, орындаушылық қасиетін дамытып, үздіктерді анықтауға бағытталған, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыратын жарысқа облысымыздың барлық ауданынан 300-ден аса қатысушы үкілі үмітпен келді. Байқаудың ерекшелігі-ұлттық өнерді, айтыс пен дәстүрлі әнді насихаттауға көп мән берілген.

Сайыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде «Рухани уыз- қазақтың халық өнері» айдарымен жас ақындар айтысы мен «Қалқатайдың дауысы» атты халық әндері сайысы Батырбек Өтеп атындағы «Өнер» мектеп‑интернатында өтсе, «Күмбірле, домбыра» тақырыбындағы күй сайысы Жамал Омарова атындағы №1 саз мектебінде тыңдалды. Ал «Айгөлек» байқауының бишілері Шымкент балалар өнер мектебінің сахнасында өнерлерін көрсетті.

Олардың қарымын байқап, талантын таразыға салған қазылар алқасы ҚР еңбек сіңірген әртіс Құрманбай Шойынбайев бастаған топ. Олар додаға қатысушылардың өзін‑өзі ұстау мәнеріне, сахналық киім үлгісі мен аспапта ойнап, билеу шеберлігіне баса назар аударды. Сондай-ақ, он екі адамнан тұратын би топтарының жас ерекшеліктеріне де шектеу қойылған жоқ.

Ән айтып, күмбірлетіп күй шерткендер мен суырып салма қасиеті бар жас ақындардан үздік шыққандар екінші кезеңде облыстық опера және балет театрының киелі сахнасында өнер көрсетті. Екі күндік жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар да марапатталды.

Бірінші орын жүлдегерлеріне миллион теңге сыйақы берілді:

Би жанры бойынша: «Рапсодия» би ұжымы, Кентау қаласы;

Күй жанры бойынша: Маржан Дәрібаева, Арыс қаласы;

Ән жанры бойынша: Еламан Маратов, Созақ ауданы;

Айтыс жанры бойынша: Ақыл Сағит, Түркістан қаласы;

Екінші орын жүлдегерлері 420 мың теңге:

Би жанры бойынша: «Алтынай» би ұжымы, Түркістан қаласы;

Күй жанры бойынша: Мәди Өмірзақ, Түркістан қаласы;

Ән жанры бойынша: Андос Ергеш, Қазығұрт ауданы;

Айтыс жанры бойынша: Сабира Әубакирова, Бәйдібек ауданы;

 Үшінші орыннан көрінгендер 300 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды:

Би жанры бойынша:  «Армандастар» бишілер тобы, Шымкент қаласы;

Күй жанры бойынша: Еламан Тілеулиев,Төлеби ауданы;

Ән жанры бойынша: Марал Махамбетова,  Шымкент қаласы;

Айтыс жанры бойынша: Құлтай Абылай, Төлеба ауданы;

Жас өрендердің өнерін шыңдап, алғашқы қадамдарына қолдау жасаған мұндай байқаулар жиі өтіп тұрса екен деп тіледі олардың ұстаздары.