Ә. Нұрмахановты еске алу жарысы жалауын көтерді

522
Турнир жеңімпазы спорт шебері атағына ие болады

Шымкентте Қазақстанға еңбек сіңген спортшы әрі бапкер Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир басталды. Осымен 19-рет ұйымдастырылып отырған дода жылда киелі Түркістанның төрінде өтетін. Алайда биыл спорт сүйер қауым былғары қолғап шеберлерінің ептілігін жеңілатлетика манежінде сынға салуды жөн санапты.

Болат Қырықбаев, ОҚО туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы: «Былтырғы жылы Әбдісалан Нұрмахановтың 75 жылдығына арналған турнир Алматы қаласында өтуі тиіс болатын. Алайда, кейбір себептерге байланысты бұл дода өтпей қалды. Сондықтан да биыл бұл жарысты Шым қалада өткізейік деп шешіп, міне өткізіп отырмыз».

Биыл 100-ге жуық боксшылар бас жүлде үшін таласқа түсетін болады. Оның үстіне чемпион атанған боксшы қазақстанның спорт шебері атағына ие болады. Ал Мьянма мемлекетінің спортшысы қазақ жеріне тәжірибе жинақтау үшін келген.

Берікбол Қасымханов, Мьянмо құрама командасының бас бапкері: «Қазақстандық турнирлерге мьянмолықтар тәжірибе жинақтау үшін келеді. Өйткені, мұндағы боксшылар әлде қайда ептілеу және алдағы жарысқа спортшылардың дайындығын да байқауға жақсы мүмкіндік».

Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан да боксшылар арнайы келген. Жарыс 5 күнге жалғасып, демалыс күні ептілер анықталатын болады.