Мемлекеттік қызмет түрі автоматтандырылды

79
фото ХҚКО

Шымкенттік зейнеткерлер үшін жағымды жаңалық! Енді сізге әлеуметтік қорғау басқармасына барып, құжаттарыңызды қолыңызға алып, кезек күтудің еш қажеті жоқ. Себебі, шипажайға жолдама алудың жолы жеңілдеді.

Шипажайға жолдама алу үшін кезекке тұруға келген Әсілхан Кәтеповті бүгінгі жаңалық қуантып тастады. Бұған дейін талай жыл құжатын көтеріп, кезекке арнайы ғимаратқа келіп тіркеліп жүрген қария бұл процесстің енді электронды түрде жүргізілетіне дән риза. 67 жастағы зейнеткер жүйенің өзімен қатарлы азаматтарға пайдасы көп екенін айтады.

Әсілхан Кәтепов, зейнеткер: «Арнайы мекемеге келіп, кезекке тұрдым. Енді кезегімді 15 күннен кейін үйде отырып-ақ, сайттан көріп отыра алады екенмін. Бұл жақсы болды, ары бері жүрмейміз,  келіп кезекке тұрмаймыз. Сайт арқылы үйде барлығын жасай береміз»

Енді санаторлы-курорттық емделуге жолдама алу үшін әлеуметтік қорғау басқармасына барудың қажеті жоқ. Себебі мемлекеттік қызмет түрі автоматтандырылды. Енді сіз үйде отырып-ақ, құжаттарыңызды тапсырып, өз кезегіңізді тексере аласыз.

Ұлдана Бекбау, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мүгедектігі бар азаматтар мен зейнеткерлермен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы:
«Зейнеткерлерге шипажайға бару үшін кезекке тұру ережесі биылдан бастап өзгерді. Енді электронды түрде geo-shym.kz порталы арқылы кезекке тұруға болады. 2020, 2021, 2022, 2023 жылдары кезекке тұрған азаматтар автоматты түрде сол жүйеге енді. Биылдан бастап кезекке тұратындар осы портал арқылы, электронды түрде кезекке тұрады. Кейіннен ЖСН номерін теру арқылы үйінде отырып-ақ, өз кезегін қарай алады»

Жалпы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру халықтың сұранысына байланысты жүзеге асады. Жауапты басқармаға биыл тағы 13 функцияны электронды түрге ауыстыруға ұсыныс түскен.

Мұхит Кемелов, Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы: «Енді бұл жерде мән бере кететін жағдай бар. Не үшін кейбір қызмет түрлері электронды түрге ауыспайды? Себебі, олардың регламенттерінде тек қағаз түрінде деп бекітілген. Сәйкесінше ол қызметтер электронды түрде ұсынылмайды. Ал біз мемлекеттік қызметтерді сұранысқа қарай электронды түрге ауыстырамыз. Яғни, өтініш қай қызмет түріне көп түсетін болса соны автоматтандыруға тырысамыз»

Жыл басынан бері мегаполисте 3 млн-нан астам мемлекеттік қызмет түрі көрсетілген. Оның 99 пайызы электронды түрде жүзеге асса, тек 1 пайызы ғана қағаз түрінде жүргізілген екен.Мемлекет басшысының Шымкент қаласының дамуына қатысты тапсырмалары бүгінде жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.