Биылғы жыл шымкенттік оқушылар үшін жемісті болды. Наурыз айының 25-і күні Көкшетауда өткен алтыншы халықаралық «Ақ көгершін» балалар байқауында облысымыздан аттанған 60-қа жуық өнерпаз жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, жүлдемен оралды. Төрт күнге созылған өнер сайысына Қазақстан республикасынан бөлек Ресей, Саха елі мен Қырғызстаннан келген үміткерлер қатысты.
Барлығы 500-ден астам қатысушы бірнеше бағыт бойынша бақтарын сынады. Балалар шығармашылығына арналған байқаудан бір емес бірнеше жүлдемен оралған ұл‑қыздары мен шәкірттерін күтіп алуға темір жол вокзалына жиналған ата‑аналар мен ұстаздардың қуанышында шек жоқ.
Тұрғанкүл апа ең кішкентай немересін күтіп алуға келіпті. Көкшетауға ақ батасын беріп, тілеуін тілеп шығарып салған әженің де тілегі қабыл болған шығар. Немересі Мағжан үшінші орыннан көрініпті. Әжесінің еркесі Мағжан болса, алған әсерін айтып тауысар емес.
«Мен вокал бойынша қатыстым. «Отырардағы той» мен «Қазағым» атты әнді орындаған. Үшінші орынды жеңіп алғаныма қуаныштымын. Екі‑үш ай бойы дайындалдым»,-дейді жеңімпаз Мағжан.
Онымен бірге барған №65 мектеп-гимназияның оқушысы Жорабек Диас бірінші орынды жеңіп алған. «Ямайка» мен «Жаса Қазақстан» атты патриоттық әнді орындаған жас орындаушыға ұйымдастырушылар теледидар сыйға тартыпты. Осы мектептің оқушысы А.Өмірәлин «Халық аспаптар» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алып, үздік деп танылды. Бүкіл республикамызға облысымыздың мерейін үстем етті.
Ал қазақ биін қалықтатып билеген №72 мектептің оқушыларынан құралған «Армандастар» бишілер тобы 58 коллективтің арасынна озып шығып, екінші орынның тұғырынан көрінді. Олар енді Болгарияда болатын жарысқа дайындықтарын күшейтуде. Ергешова Несібелі де әділ қазылар алқасын талантымен табындырып, жеңімпаз атанды.
«Хореография», «Халық аспаптары», «Балалар сәні, кішкентай ханшайым» аталымдары бойынша балалардың бағын сынап, қанатын қатайтып, үлкен өнер жолына шыңдайтын жарыстар көптеп ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр болар еді.