Шымкенттік оқушылар үшін 3 аусымда дәріс алу енді өткен тарихта қалмақ. Биылғы жаңа оқу жылында үш бірдей оқу ғимараты пайдалануға берілмек. №52, 56 және №5 мектептен бой көтеріп жатқан 600 орындық қосымша нысан құрылысы осындай мүмкіндік бермек. Шымкент қаласындағы қорғасын зауыты жанындағы «апатты» деп танылған №5 мектептің орнында бой көтерген жаңа нысан-600 оқушыға шақталған мектеп. Былтыр мамыр айында іргетасы қаланған құрылыстың қазір негізгі бөлігі аяқталып та қалды. Бұдан бұрын 300 орындыққа шақталған оқу ғимаратының  жобалық сметалық құжаты, сыныптардың қажеттілігі, оқушылардың саны ескерілгендіктен, қайта өзгертіліпті.

Қуаныш РСАЛИЕВ, қалалық құрылыс бөлімінің бастығы: «Биыл осы аталған үш мектеп пайдалануға берілсе, онда білім басқармасының мәліметі бойынша алдағы жаңа оқу жылынан бастап үш аусымда балалар оқымайды. Құрылыстың сапасын мемлекеттік  сәулет құрылыс қадағалау мекемесі мен тиісті мамандар тексеруде. Қазіргі таңда  мердігерлер  республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржының жартысын игерді».

Мектеп құрылысын «Шымкентгазшаруашылығы» ЖШС-і жүргізуде. Шатыры жабылған ғимаратта сылақ жне әрлеу жұмыстары қоса істелінуде. Пайдаланылып жатқан жаңашыл технология құрылысты кестеге сәйкес аяқтауға мүмкіндік бермек.

Мубарис КУРАЕВ, учаске бастығы: «Мынадай машина сылақ жұмыстарын тездетеді. Ол арқылы гипсполимерлық қоспа қабырғаға себіледі. Сосын әрлеу жұмыстарына кірісеміз. Осындай технология бойынша оқу және бастауыш сынып ғимаратын, асхананы жасаймыз. Озық технологиялар құрылысты оңтайландырады».

Құрылысқа қажетті материалдар мен жұмыс күші де жеткілікті. Оған қоса нысан бұрынғы мектептің орнында салынғандықтан мұнда барлық инфроқұрылымдар  қарастырылған. Сондықтан ғимаратты биылғы жаңа оқу жылына тапсыруға толық мүмкіндік бар дейді мамандар.