Шымкенттің іргесіндегі «Азат» шағынауданында 100-ден астам үй бір айдан бері жарықсыз, сусыз күн кешуде. 11 наурыз күні жарық кенеттен сөніп, содан бері су құбырлары да қаңсып тұр. Ауыл тұрғындарының көңілдері күпті. Басар жерді шарлап, бармаған басшы қалмаған. Азаттықтардың бұлайша безек қағуына кім кінәлі?

Ауданда тұрғындарының басым бөлігі С.Рақымов көшесінің бойынан орын тепкен. Әр жылы жаңа қоныстанушылар саны да баршылық. Бұрынғы «Росинка» саяжай кооперативі 2007 жылы қаланың құрамына еніп, «Азат» шағынауданы атанған. Содан бері ауданның бойына қан жүгіріп, тұрғындардың өмірі қалыпқа түскен еді. Жайбарақат өмірдің аяқ астынан астаң-кестеңі шыға келді. Шағынаудан тұрғындары қарызға батқан коммуналдық шығындардан «азат» бола алмай әлек.

Суды алаңсыз пайдаланып келген тұрғындар, енді бір жұтым суға зәру. Тұрғындар кейбір коммуналдық шығындардың үлкен мәселеге айналатынын мүлдем сезбесе керек. Байыбына барсақ, азаттықтар жарты миллион теңгеден астам сомада коммуналдық шығынды төлемеген екен. Нақтырақ айтқанда, ауыл тұрғындары мен бірауыздан сайланған көше төрағасының сөзі бір жерден шығар емес. Екі тараптың әңгіме ауаны екі жақта. Бір-біріне күйе жағып, күстаналаудан тайынбайды. Тұрғындар жарық пен судың түбіртегіндегі түсініксіз көрсеткіштерге наразы.

Олар жарық үшін – бір, жаңылыс есепке- екі, сонымен қоса ақпайтын су үшін неге ақы төлеуіміз керек деп қынжылады. Олар жарық өшкенде алдымен көше төрағасы Асылбек Тіленшиевтің үйінің есігін қаққанын айтады. » Электр энергиясына ақыны сол жинайтын. Түбіртекті жазып, бізге ештеңе айтпастан кете беретін. Біз тиісті мекемеге хабарласқанымызда, олар бізге 562 мың теңге қарыз екенімізді айтты. Ал біз бұл соманың қайдан пайда болғанын білмей далмыз. Біз барлық түбіртек бойынша ақы төлегенбіз. Көшеге шығып, жағдайды тексеріп көрдік. Бұл қарыз туралы тұрғындардың ешқайсысы да білмейді. Олар бәрін жасырып отыр. Электр жарығын есептеуші 100 мың теңге қарызымыз бар сәтте жарықты неге сөндірмеді? Жарты миллион теңге болғанға дейін неге үнсіз жүрді? Біздің күмәніміз бар. Соның нәтижесінде жиналған қарызды төлеу үшін 5 мың теңге беруміз керек пе?»- дейді ашынған тұрғындар.

Ал бұл мәселеге қатысты А. Тіленшиев мардымды жауап бермеген. Ол бар болғаны жауапты мекеменің берген қағазын ғана көрсеткен. Шелекпен су тасып, зығырданы қайнаған Жарқынкүл Каушенова: «Біз ай сайын 500 теңге жаңылыс есепке төлейміз, осы қандай шығын екенін де білмейміз. Олар біздің қанша КВТ тұтынғанымызды, бүкіл көше бойынша қанша төлегенімізді, көрсеткіште қандай өзгерістер бар екенін ескертпейді,- деп бізге мұңын шақты.

Сондай-ақ, тұрғындар жаңсақ есеп ұрлықтан орын алса, сол ұрыны неге қолға түсірмейтініне аң-таң. Бұл мәселе жөнінде төраға А.Тіленшиев нақты түсініктеме бермеген. Оның үстіне, үй-үйді аралап, тексеру қызметін өзінің әйеліне жүктеп қойған. Жұбайы болса, осыншама сомадағы қарыз электр жарығын ұрлап пайдаланушылардың кесірінен болды деген түсініксіз уәжін алға тартуда.

Куә болғанымыздай, ауылда ауызсу жоқ. Құбыр істен шыққан. Тұрғындар арықтан шелекпен су тасып, өлместің күнін кешуде. Шыр-пыр болып жүрген азаттықтардың мұң-мұқтажын естір құлақ бар ма екен? Құзіретті мекемелер неге мәселенің түйінін тарқатып бермейді? 130 үй әлдекімдердің кесірінен «шықпа жаным – шықпаның» кебін киіп отыра бермек пе?

Қараңғы қапаста қалып, ауызсудың азабын тартқан ауыл тұрғындары егер мәселе жуық арада шешімін таппаса, онда қаржы полициясына, прокуратураға шағымданатындарын айтады.

 Т.ҚАСЫМ

 Сіз не дейсіз?

 Зина ДАУАШЕВА, көше төрағасының әйелі.

 – Міне, көріңіздер, мен жиылған қаржының бір тиынын да қалтама салғаным жоқ. Мұнда бәрі жазулы тұр. Мұны тұрғындар да растаған. Олар жарықты өздері ұрлаған, ал мен «сен ұрладың» деп кімді кіналаймын.

 Гульчехра МЫРЗАМҰРАТОВА, ауыл тұрғыны.

 Суға 1138 теңге төлейміз, қыста күнара бір сағат қана беріледі. Түс мезгілінде. Ол уақытта біз жұмыста боламыз. Мүлдем су ала алмай қалатындар көп. Ыдыс арқалап, қаладағы туыстарымыздан тасып ішіп жүрдік. Сонда суға не үшін ақы төлеуміз керек?

 Нұрлан ЖАМАНКӨЗОВ, қалалық ТҮКШ-тің сектор меңгерушісі:

 -Былтыр бұл шағынауданға су құбыры тартылған. Алдағы күнді ойластыра отырып, әкімшілік тарапынан арнайы жоспар жасалды. Соған сәйкес, шағынауданда қазіргі күні тұратын 540 тұтынушының орнына мердігер компанияға айтып, 900 тұтынушыға арналған су құбырын тартуды жүзеге асырғанбыз. Мердігер компания бұл өтінішімізді толық орындады. Енді тұрғындардың өздері «Су-арнасы» ЖШС-іне барып, өтініш жазуы керек. Орталық су құбырынан үйінің ауласына дейін құбыр тартып беруі туралы. Ал оның ақсыы қанша болатынын сол ЖШС-і мамандары есептеп береді. Айтарым, «Азат» шағынауданында су бар. Тек оны әр үй өзіне қостыру жөнінде өтініш берсе болғаны.