Небәрі жиырма жасында олимпиада шыңын бағындырып, Алаш аспанынан құйрықты жұлдыздай ағып өткен марқұм Бекзат Саттархановтың ерен ерлігі еш ұмытылмақ емес. Арда ұлдың пәни дүниемен қош айтысқанына да он екі жылға жуықтапты. Батырдың есімі тарихта алтын әріптермен жазулы.
Баһадүр Бекзат алты құрлық бас қосқан аламанда алқынбаған жас тұлпар еді. Қазақтың шойынжұдырығын күллі әлемге мойындатты. Күні кеше Бакуде, оның алдында Миланда қазақ боксы алтынсыз қалғанда «Әттең Бекзат болғанда» деп күйінбеген қазақ жоқ шығар. Сейілханның ұлы болып туып, Алаштың баласына айналған Саттарханов қазақ боксына сара жол салып кетті.
Тәуелсіз қазақ жұртынан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионын алақанымызға салып, әлпештеп те үлгермедік. Тағдырдың жазғанына амал бар ма, жиырма жасында сағымдай бұлдырап жоғалғаны өзекті өртейді. «Мен әлі үш дүркін олимпиада чемпионы боламын» деген арманына жете алмай кетті, алтын ұл.
Бекзаттың есімі 1998 жылы Аргентинада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан кейін дүркірей бастады. Оның осы біріншілікте күміс жүлдені иеленуі ұлттық құрамаға қабылдануына жол ашты. 1999 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында олимпиада жолдамасын жеңіп алған Бекзатты жанкүйерлер мен бокс мамандары оның жастығын алға тартып, Сиднейге жібергісі келмейді. Бірақ ұлттық құраманың бас бапкері Тұрсынғали Еділов Бекзаттың көзінде от барын байқап, ел намысын қорғауды түркістандық жас ұланға сеніп тапсырады.
Олимпиадаға аттанар кезде ұшақ баспалдағында тұрған Бекзат үлкен ағасы Мақсатқа: «Мен бас жүлдемен ораламын. Менен алтын күтіңдер!» деп айғайлап, жеңетінін алдын ала сезген екен. Бір айта кететіні, олимпиада алдында болашақ чемпионға күмәнмен қарағандар көп болды. Алайда, ер Бекзат бәйгеге кездейсоқ қосылмағанын Сидней шаршы алаңында дәлелдеп берді. Оның бес жекпе-жегіне бокстың жілігін шағып, майын ішкен мамандар нағыз сенсациялық кездесу деп баға берген.
Алғашқы кездесуде румын боксшысы Бобирант Овидиу-Тибериудың аптығын басып, 14:5 есебімен шетке ығыстырды. Одан кейін африкалық қара маржан Джефри Матебулла отандасымызға еш қайрат көрсете алған жоқ. Расында, түрік Рамазан Палианимен өткен жекпе-жек жан алысып, жан беріскен сәттерге толы шайқас ретінде тарихта қалды. Кезінде Грузияда жаттығып, кейін Түркияның намысын қорғаған Рамазан Палианимен арадағы тартыс 12-11 есебімен Бекзаттың пайдасына шешілді. Осы жекпе-жек шиеленісті өткенін Бекзаттың өзі де мойындайды. Жартылай финалда марокколық Тахар Тамсаманиді бұрыштан-бұрышқа қуып төмпештесе, соңғы шешуші сәтте әлем чемпионы, америкалық Рикарду Хуарестен 22-14 есебімен айласын асырып, мәңгі тозбас олимп жеңімпазы атанады.
Десек те, әлемді тамсандырған спортшымызды бүгінде қаншалықты құрметтеп жүрміз? Шаршы алаңның шаңын қаққан былғары қолғап шеберінің ғажап спорттық ғұмыры қаншалықты насихатталуда? Өкінішке қарай, өткен жылдың көктемінде даңқты боксшының бейітіне орнатылған мәрмәр тастағы шойыннан жасалған көшірме медальдардың қолды болғаны намысымызды ойран қылды. Адамдық кейіптен арылған айуандардың бұл ісі сұраусыз қалмайтынына сенеміз.
Мойындау керек, әзірге Түркістаннан түлеп ұшқан тарланның ғаламат жеңісін қайталайтын спортшы ордалы Оңтүстіктен шығар емес. Бір жұбанарымыз, Саттархановқа еліктеген жасөспірімдердің талантты шоғыры қуантады. Сондай-ақ, өзінің туған өлкесі Түркістан топырағында дәстүрлі Халықаралық турнир ұйымдастырылып келеді. Алдағы уақытта, аталған турнирдің аясын кеңейтіп, батыр ұлдың жеңісті ғұмыры одан әрмен жемісті насихатталса деген тілек айтамыз!
Нұржан СМАНОВ, даңқты боксшы: «Бекзат қысқа ғұмырында есімін әлем спортына мәңгі жазып қалдырды. Оның ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Жалпы, онымен ұлттық құрамада бірге жаттыққанмын. Өте еңбекқор жігіт еді. Аргентинадан күміс жүлдемен оралған соң бірден ұлттық құрамаға қабылданды ғой. Сидней төрінде де ғаламат техникасымен көзге түсті. Амал нешік, құшағы қатты халықпыз ба, батырымыздан ерте айырылдық. Әрине, Құдайдың ісіне шара бар ма? Содан бері, өңірімізден әлем не олимпиада жеңімпазы шыққан жоқ. Біздің басты мақсатымыз да осы мәселе боп тұр».