Гүлжан Қалыбаева, актриса: «Шымкенттік» деп шекесі шырт ете қалатындар көп»

613

«Тамаша» ойын-сауық отауымен танылып, «Күлкі керуенімен» көрерменнің көзайымына айналған белгілі актриса Гүлжан Қалыбаеваны өнерсүйер қауым сахналардан жоғалтып алды. Өнердегі алғашқы баспалдағын сатирадан сатылаған сүйкімді әртіс қазір қайда жүр? Әзіл аңсаған көрерменін қандай жаңалығымен қуантады екен?Осындай сауалдарымызбен актриса Гүлжан Биболқызы Қалыбаеваны әңгімеге тарттық. Оңтүстіктің тумасы, Түлкібастан түлеген талантты әртіс сұхбат барысында шығармашылық турасында ғана емес, жеке өмірінен де сыр ақтарды.

— Гүлжан Биболқызы, бүгінде сізді театр сахналарынан көрмей жүрміз. Қазір өнердің қай саласындасыз?

— Мен қазір толығымен киноға бет бұрдым. Кино өндірісіндемін деп айтсам болады. Жаңа фильмдерге түсіп, өзім де кино түсіріп жатырмын. Былтыр «Әй, еркектер-ай» атты комедия фарс жанрында жаңа фильм түсірдім. Басты рольдердің бірін шымкенттік жігіт, көрерменін Күлпәш бейнесімен жаулап алған Берік Тұрсынбеков ойнайды. Фильм комедия жанрында болғанымен, айтар ойы салмақты.
Мен Қазақстанның түкпір-түкпірінде болдым. Жолда көп жүрем. Поездарда ауыр-ауыр сөмке арқалаған, бәліш, нан сатып, жүгіріп жүрген қыз-келіншектер жиі ұшырасады. Мен олардан: «Күйеуің жоқ па? Бар болса, неге бақпайды? Бұл не жүріс?» деп сұраймын. Олардың бар айтары: «Үйде, жұмыссыз жатыр. Еркек қой, еркек… Баға ма, әлде аяғын көтеріп жата ма, өзі біледі. Бұл — жазылмаған заң ғой» деп жатады. Кейбір келіншектер өздері іздеп келіп, мұң-сырын ақтарады. Осының бәрі көкейімде көктеп, жаңа фильміме арқау болды. Мұны ер-азаматтар қалай түсінеді, ол өз еркі.

Ендігі сауалымды әіден қойғырм келіп отыр. Сіз «Тамашаға» қалай келіп едіңіз?

-Бірінші мамандығым бойынша балеринамын (күліп). Менің қазіргі сымбатыма қарап, олай деп айту қиын, әрине. Оқуды аяқтаған соң «Гүлдерде» билеуім қажет болатын. «Салтанат» би ансамблінен де кезінде шақырту алғам.
Алматыдағы би училищесінде жүрген кезімде Асқар Сүлейменов екеуміз «Сани в горы и под горы» фильміне түстік. Содан мен актриса болсам деген арманның жетегінен айырыла алмадым. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында өнер майталмандары Тілектес Мейрамов пен Шолпан Жандарбекованың класын оқып бітірдім. Дипломдық жұмыс ретінде «Кармэн» мен «Қарагөзде» ойнадым. Содан режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтың шақыртуымен М.Әуезов атындағы академиялық драма  театрына жұмысқа қабылдандым. Театрда Қарагөз ролін ұзақ уақыт ойнадым. Сонда жұрттар: «Қайдағы Қарагөз, мынауың көккөз ғой», — деп күлетін. Менің негізі «Көккөз» деген «кличкам» болған. Театрда «Қар ханшайымы» спектакліндегі Қарғагүлді (Каркуша) сомдап жатқан кезімде Құдайберген Сұлтанбаев ағамыз келіп, «Тамаша» ойын-сауық отауына жұмысқа шақырды. Әуелгіде, әрине жүрексіндім, сескендім, қорықтым. Өйткені Тоқсын, Мейірман ағаларымызбен бір сахнада ойнадым ғой. Ондай тума таланттармен бір сахнада, бір қойылымда ойнау үлкен жауапкершілікті, үлкен дайындықты қажет ететін еді.

Ал киелі сахна «Тамашадан» неге кеттіңіз?

— Мен сол кездері үш жерде қатар жұмыс істедім. Театр, «Тамаша», сосын Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында биден сабақ бердім. «Тамашадан» кетуіме бұл да себеп бола алмас еді. Біріншіден, «Тамашада» әртістер көбейді. Екіншіден, қойылымдардың біріне шақырса, біріне шақырмайтын болды. Үшіншіден, «Тамашаның» басшыларының маған деген қарым-қатынасы ұнамады. Сөйтіп, «Тамашадан» кетуге мәжбүр болдым. Одан соң «Күлкі керуенін» құрдық.

Сіздің актриса ретіндегі мінезіңізді, тұлғаңызды ашқан қай роліңіз?

-Менің мінезімді мына роль ашады деп, ауыз толтырып айтар роль жоқ менде. Өздеріңіз білесіздер, Сергей Азимовтың «Соңғы махаббат» фильмінде француз актері Жерар Депардьемен бірге ойнадым. Соңғы кезде жұрттың бәрі: «Депардьемен киноға түскен қалай екен?» деген сұрағын жиі қояды. Ғазиз Насыровтың «Актриса» фильміне, «Мент» фильмдеріне түстім. Әлі көрермен назарына ұсынылмаған кинолар да бар. Алла бұйыртса, киносүйер көрермен тамашалайтын болар. Негізі, театр сахнасында сомдаған Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ түніндегі» мәңгүрттің шешесі, Найман ананың ролі жаныма жақын. Жалпы, жүрегіме драмалық, трагедиялы образдар жақын. Мен драма актрисасымын.

Сатирадан соң ондай ролдерді сомдау қиын емес пе?

— Мен тағдырдың тауқыметін көп тартқан адаммын. Бар-жоғы 8 жасымда әкемнен айрылдым. Отызыма жетпей жесір атанып, күйеуім қайтыс болды. Күйеуімнің өнерге қатысы болмағанмен, өнерді қатты бағалайтын, қадірлейтін еді. Жақсылы-жаманды өмір сүрдік. Күйеуімнің өмір жолы өте ауыр болған. Қайтыс болардан алдында аяғынан айрылды. Екі жыл бойына аурухана аралап жүрдік. Амплутация, сосын протез жасаттық… Қиындықты аз көрген жоқпыз. Жүрегімнің түбінде күйеуімнің өмірі туралы сценарий жазсам екен, кино түсірсем деген арманым болды. Не біреуге жаздырсам ба дедім. Осы ойымды іске асыру мақсатында қол жайып, демеуші де іздедім. Сонда көп адам маған: «Гүлжан,өмірде трагедия деген жеткілікті ғой. Неге әзілге толы фильм түсірмеске?!»-деді.

Өзіңіз өмірде қандай адамсыз?

— Мен әрине, өз-өзіме баға бере алмаймын ғой. Жұрт маған «тым қарапайымсың» дейді.

Қарапайымдылық сіз үшін жаман қасиет пе?

— Мен үшін, әрине, жақсы қасиет. Бірақ айналамдағылардың айтуынша, бұл қасиетім маған көбінде кері әсерін тигізетін көрінеді.

Кешірімдісіз бе?
— Кешірілмейтін жағдай болса, кешірмеймін.

Сонда кекшіл емессіз ғой…

— Кек сақтаймын деп айта алмаймын. Өзіме, туған-туысыма жамандық істегенді ұмыта алмаймын.

Үй шаруасында қандай әйелсіз?

— Мен мақтанбай-ақ қояйын, бірақ тағамды дәмді, әдемі пісірем. Туған-туыс, достарым да мақтап жатады. Киім тіге аламын. Үйге ептімін. Жалпы, мен феминист емеспін. Жақсы жігіт жолықса: «Үйде отырған қандай бақыт!» дер едім.

Досыңыз көп пе?
— Аз. Өнерде достық болады, бірақ шынайы емес. Өнерде көре алмаушылық көп қой.

Қазақтың қайсы актриса қыздарының өмірін өнеге тұтасыз?

— Ең бірінші, өнердегі алғашқы ұстазым — Шолпан Жандарбекова. Ол кісінің үйреткені бүкіл өміріме азық боп келеді. Екінші, Әмина Өмірзақова апамыздың өнер жолын жақын тұтам. Сосын Фарида Шәріпова апамызды айтар едім. Осы үш театр қарлығаштарының өнерге сіңірген еңбегін өзіме ту етіп келем.
Бойыңызда Оңтүстіктің мінезі сақталған ба?

— Әрине.

Оңтүстіктің мінезі өмір жолыңызда кедергі ме, әлде көмегі болды ма?

— Екеуі де деп айта аламын. Ең үлкен кедергісі, «шымкенттік» деп шекесі шырт ете қалатындар көп.

Жерлестеріңізге айтар жақсы тілегіңіз де бар шығар…

— Оңтүстіктің әр отбасына береке, амандық тілеймін. Әрқашан бастарыңыз аман болсын. Ешқашан мұңаймаңыздар. Ауызбіршілік, ынтымақ тілеймін!

Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілейміз.