Исраил Сапарбай, ақын: «Махаббат маусымым енді басталды»

2324

Ақынның ең үлкен бақыты — өз әлемін жасап алу. Бұл өзге емес, ақын Исраил Сапарбайдың өз сөзі. Қазақ поэзиясында өз әлемін жасап қана қоймай, сол әлеміне өлең сүйетін оқырманын ғашық ете білген ақын, композитор, драматург, «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Исраил Сапарбай биыл 70-ке келіп отыр. Ақындық әлемі мұң мен ойға оранып, сағынышпен зерленген Исраил ағамен мерейтой алдында әңгімелесудің сәті түскен болатын. Жүзге жуық ән және жиырма шақты жыр жинағының авторымен болған сырлы сұхбатты оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

«Исраил Спарбай әдебиетке «капитальный» келген ақын. Әдебиеттің тұрақты өкілі. Ол әдебиетке нықтап келген ақын, мықтап қала береді де.» ( Қадыр Мырза-Әлі)

«Драматургияда да, поэзияда да, музыкада да мен ылғи мұң мен ойда жүрем. Мен үшін өмірдің өзі бір тамшы көздің жасындай…» ( И. Сапарбай)

Исраил аға, әңгімемізді арыдан, бала кезіңізден бастасақ. Есте қалған естеліктеріңізбен бөліссеңіз.

-Бала кездегінің бәрі есте қалады ғой. Сана тап-таза, пәк. Балалығым ауырлау болды. Жарқырап жүретін жарқын, қабағы ашық күндерім аз болған. Ақын тағдырының өзі ауырлау келе ме, кім білсін?! Әкемнен ерте, 2-3 жасымда айрылғанмын. Әкем туралы естеліктер аздау. Момындығым, жуас мінезім әкеме тартқан. Әкем біртоға кісі болған деседі. Негізі, атадан сегіз туғанбыз. Алдыңғы төртеуі жастай шетінеп, төртеуіміз өсіп жетілдік. Өмірімнің осы тұсын еске алу қашан да маған қиындау, ауыр. Анама шиеттей төрт баланы жеткізу оңай болған жоқ. Таңның атысы, күннің батысы анам колхоз жұмысында. Аузымызды ашып, артында төртеуіміз үйде қаламыз. Егістіктегі жұмыстан қайтқанда анам бізге деп, етегіне орап, масақ алып келеді. Оны ертеңіне бізге қуырып беріп, жұмысқа кетеді. Бір тостаған қуырылған бидай төрт балаға жұқ болмайды. Сосын анам бір амал ойлап тапты. Сол бұрынғы бір тостаған қуырылған бидайды жерге шашып кетеді. Біз төртеуміз соны теріп, жеп жүреміз. Сөйтіп жүргенде кеш батады. Тілімізбен теріп жеп жүріп кейбіріміз жерде ұйықтап та кетеміз. Анам кешкісін кеп, бізді арқалап, төсекке жатқызып жататын. Осы көрініс менің мектеп бітірген шағыма дейін жалғасып келді. Анама бізді жеткізу, асырау оңай болған жоқ. Кейіннен ауыл адамдары, ағайындар келіп:»Айткүл, мына шиеттей балаларды бағу оңай емес. Одан да бұларды интернатқа өткіз» деп ақыл айтады. Сонда да анам балаларынан бас тартпаған. Қанша қиналса да мойымаған анамның жігеріне, қайратына қашан да қайран қап, басымды ием.

Ақындық анамнан, нағашы жұртымнан келген. Анам Айткүл келін боп түскеннен бастап, қайны-қайынағаларымен керегені түріп тастап, айтыса береді екен. Анамның ағасы Сыр бойына белгілі, суырыпсалма ақын болған. Бірақ, артынан іздеушісі болмады. Біз ол кезде жаспыз ғой. Соңынан жазбалары да қалмаған. «Нағашыңа тартқансың» деп,анам үнемі айтып отырушы еді…

— Исраил аға, ауылға барып, ел-жұртпен дидарласып тұрасыз ба?

-Мен, өзің білесің, Өзбекстанның Самарқан жерінде туғам. Ал, бірақ, бала кезім Мырзашөлдің топырағында өткен. Біріншіге барып, оныншыны да осында түгеп, Жетісайда жетілдім. Сондақтан да Оңтүстіктің, Мақтааралдың мен үшін орны бөлек. Шымкенттен соң Жетісайға жолым түсіп жатса, анам мен екі ағамның, жеңгемнің басына барып, құран бағыштасам деген ниетім бар. Әрине, елмен, ауылдас-ағайындармен дидарласып тұрғанға не жетсін! Жолдың қашықтығы ғана кедергі болмаса… Кезінде Мақтаааралдың баласы болсақ, бүгінде құрметті азаматымыз. Өнер-аламан бәйге. Алматыда, өзің білесің, ылғи «сен тұр, мен атайындар». Өнердің ордасына барғалы, Құдайға шүкір, жаман емеспіз. Сый-құрметтен де кенде емеспіз. Ол әрине, елімнің, жерлестерімнің тілектестігінің арқасы. Ауыл — менің арқа сүйенерім, менің рухым. Туған өлкем — Оңтүстік жұрты, Жетісайым менің тақымымды қысып отырса, әлі де талай бәйгеден олжалы болатыныма сенемін.

— Сіздің өлең әлеміңіз бен ән әлеміңіз екі тақырып. Драматургия жайында сұрағым кеп тұр. Бұл өзі әдебиеттің күрделі жанры ғой. Сондықтан да болар, жастардың драмаға қалам таруы сиректеу. Белгілі драматургтардың өздері драматургия жетімсіреп қала ма деген пікірді айтып жүр. Сіз қалай ойлайсыз?

— Мен драматургияға кеш келгем. Тіпт, өлеңге кеш келгем. Отызға дейін жазған өлеңдерімді екшеп, алғаш жыр жинағына енгізер кезде талайын сызып тастағам. Бұған дейінгілерім жәй тіркестер сияқты боп көрінді. Кез келген дүниеге әзірлікпен, үлкен дайындықпен келу керек. Мен драматургияға 50-ден кейін келдім. Он шақты драмалық шығармам бар. Төрт-бесеуі театр сахналарында қойылып жатыр. Тағы соншасы кезегін күтуде. «Ойбай, менің шығармам қашан қойылады», деп, режиссердің артынан қалмай, не болмаса, театр жағалаудың қажеті жоқ. Сабақты ине сәтімен. Режиссер мен драматургтың арасында рухани байланыс болуы керек. Драматургия, өзің айтқандай қиын, азапты жанр. Жазған шығармаң бүгін немесе ертең сахналануы мүмкін. Не болмаса, режиссердің тартпасында қалып қоюы да ғажап емес. Өлеңің мен әндерің баспасөз беттеріне шығып не болмаса әншілер арқылы халыққа тез тарайды. Ал, драматургия — салбөксе жанр.

Қазақта тамаша ән қалдырған ақындар аз емес. Абайдан бастап, Сәкен, Қасымдардың жолын жалғастырып келесіз. Жүзге жуық әніңіз бар. Әнші Гүлнәр Сиқымбаевадан бастап, Гаухар Әлімбекова, «Мұз-Арт», Н.Әлімжандардың орындауындағы әндеріңіз тыңдарманның құлақ құрышын қандырған. Жас орындаушылардың өздері келіп, ән сұрап тұратындарын шығар?…

— Білесің бе, өнерге тәуекел керек. Мен өзім шығармашылық кешімді ешкімнің көмегінсіз, ешқандай продюссерсіз, демеушісіз алты рет өткізіппін. Өзім де кейде ойланып қалам. Шын мәнінде, өнер тәуекелсіз өрге жүзбейді. Жалпы, кез келген өнер Алланың саған берген аманаты. Менің әнім, менің өлеңім деп жүре бермейсің ғой. Ән туған екен, елге, тыңдарманына табыстау қажет. Әншімен тығыз жұмыс жасау қажет.

Исраил аға, әңгімеміздің ауанын басқа арнаға бұрғым кеп отыр. Кейбір басылым беттерінде сізді, тағы да бірқатар қаламгерлерді оппозиция қатарына қосып қойды. Сіз оған не айтасыз?

— Оппозиция деуге келмейді. Кез келген партия саясат заманында өмір сүруге құқылы.
Оппозиция деп, билік деп пендешілікпен бөліп қарастырып жүрген өзіміз ғой. Оппозиция дегеніміз — ол халық. Иә, мен «Ақ жол» партиясының қатарындамын. Қаржысы, басқасы жоқ болғандықтан, қазір ол партия жұмыс істемейді. Бізде бір партиялық жүйе ғой. Билікті тұтас бір партия қолына алғанына мен қарсымын. Келіспейді екенмін деп, тоң-теріс боп отыра бермеймін ғой. Мен қашан да халық жағындамын. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаймын. Жасыратыны жоқ, халық пен биліктің арасында жік пайда болды. Билік өзгеруі мүмкін, ал халық — мәңгі. Менің бір пъесамда мынадай өлең жолдарым бар:
Қар кетеді, жер қалады,
Хан кетеді, ел қалады.
Міне, осы өлең жолдары үшін пъесам да қойылмай жатыр шаң басып. Менің позициям қашан да халық жағында. Сопылық ілімді, соның ішінде имам Ислами-әл- Бұхаридың хадистерін көп оқимын. Оқып қана қоймай, аударып та жүрмін. Сол хадистерде былай делінген:»Алланың 99 көркем есімі бар. Соның бірі — Халық». Қандай ғажап! Халық та Алланың көркем есімдерінің бірі екен. Демек, мен өнерді, рухты Алланың өзінен алады екенмін де, халыққа қайтарам. Міне, циркуляция! Мен ақынмын, мен сазгермін деудің өзі артық. Мұның бәрі халықтың қазынасы. Халыққа жеткізу үшін де туған жерімде кешімді өткізейін деп отырмын. Бұл да ұлы миссия.

Сізді қазақтың махаббат лирикасының майын тамызған ақыны деп дәріптегендер де, тіпті кейбіреулер даттап, біраз жерге апарып тастағандар да есімізде.

-Иә, эротик ақын деп айдар таққандары да табылды. Олардың бәрін мойындаттым ғой, ақыры.  Менің өткен жылы   «Махаббат маусымы» деген су жаңа кітабым жарыққа шықты. Жалпы, менің махаббат маусымым енді басталған секілді. Отанға, елге, анаға, халыққа деген махаббат. Кітаптың бірінші бөлімінде бұрын жарияланғаны бар, кейінгісі бар, эротикалық өлеңдерім жинақталған. Екінші бөлімі «Ақынның жүз әні» деп аталады. Кітап — 25 баспа табақ. Астанада тұратын қазақтың жақсы бір азаматы демеуші болды. Тұңғыш рет, жасым жетпіске кеп, демеуші табылды маған.

«Сыған серенадасында» Шәмші Изольдаға бал аштырып тұрып, «Мен де пайғамбар жасына жете алам ба?» деп сұрайды ғой. Мен пъессаны жазғанда әлі пайғамбар жасына жеткен жоқ ем. Өнер адамдары үшін жас мөлшері тек шарттылық қана. Өнерімен бірге мәңгі жас боп жасай береді. Мен ешқашан 50-ге, 60-қа келгенімді мойындаған емеспін. Әлі де мойындамаймын. Жүрегің таза, жас, мөлдір болу керек. Мен әлі де ақылды, әдемі қызды көрсем ғашық болып қалуым ғажап емес. Мен қартайдым, болдырдым деуге болмас. Өмірде балалықтың бар қасиетін жоғалтып алған жандардан жақсылық шыға қояды дегенге сенбеймін. Бойында балалығының табиғатын сақтай алған жан қашанда жас, баладай аңғал, сезімтал боп қалады.

 

— Жаңа жыр жинақтарыңыздың қатары қалыңдай берсін, аға. Сұхбатыңызға рахмет.