Соңғы кезедері мектеп оқушылары мен студенттердің мешіт жағалап, сабақ уақытында жұма намазға кетіп қалатындары жайлы жиі айтыла бастады. Ата-аналар мен мектеп басшылары шыр-пыр болып шырылдағанымен, даулы мәселе әлі де болса сап тиылған жоқ. Бұған кімді кінәлаймыз? Қоғамдағы өткір мәселе неге шешімін таппай келеді?
Рас, ұрпақ тәрбиелеуде жаңылысуға хақымыз жоқ. Келешегі кемел елдің бүгінгі ұрпағы саналы да, білімді болуы шарт. Не ексең соны орасың демекші, бүгінде мектеп партасында кімдердің отырғандығына алаңдайтынымыз рас. Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім келешекте адамзат өміріне үлкен қауіп төндіреді» деп, жауапсыз ұрпақ тәрбиелеу жарға жығатынын айтқан. Желкілдеген жастардың, әсіресе 6-7 сынып оқушыларының мешітте жамағатқа ұйып тұрғанын жиі көретін болдық. Жақындап әңгімеге тартсаң, бетіңе бедірейе қарап, баж етуден тайынбайды. Бірі: «Сiз менiң барлық күнәларымды мойныңызға алсаңыз, онда мен намазға келмей-ақ қояйын» десе, енді бірі: «Жұма намазға тыйым салған күнәға батады» деп, өзіңе «ақыл» айтады. Онымен қоса, бастары қосыла қалса, өздерінше жамағат болып, дінді тәптіштеп түсіндірмек болады. Міне, зайырлы елімізде тәрбиелеп жатқан жастарымыздың бүгінгі сиқы. Білім сапасына ерекше назар аударылып, тәрбиеге немқұрайлылықтың салдары осындай жағдайға әкеп соғуда. Тәрбиенің маңыздылығы хақында биік мінберден айтылып жатқан қадау-қадау тапсырмалар әлі де болса іс жүзінде орындалмай келеді. Бұған қалай тоқтау салмақпыз?
Еліміздің зайырлы мемлекет екендігін ескерсек, біздің өз сүрлеуіміз, қабылдаған Ата заңымыз бар. Оған сәйкес, әрбір орта білім алушы мемлекеттің заңына бағынуға міндетті. Сондай-ақ, орта арнаулы және жоғары оқу орнының студентi бiрiншi кезекте мемлекеттiк бағдарлама бойынша сапалы бiлiм алуы тиiс. Сол себептен мемлекет пен дiннiң, мектеп пен мешiттiң аражiгiн дұрыс ажырата бiлгенiмiз жөн. Осы мәселе жөнінде Тәжікстан Үкіметі нақты шараларды қолға алып, жер-жердегі мешіттерде рейд жүргізуде. Бізге де осындай шараларды дер кезінде қолға алып, жағдайды ушықпай жатып ауыздықтағанымыз ләзім. Бұған ел Үкіметі де бей-жай қарап отырған жоқ. ҚР Дін істері агенттігі басшысының мемлекеттік мекемелерде, білім ордаларында, ауруханаларда, әскери бөлімшелерде намаз оқитын бөлмелерді жабуға тапсырма бергені орынды шешім болды. Бұл мәселе жөнінде дін мамандары не дейді? Енді солардың сөзіне құлақ түрелік. Дінтанушылардың айтуынша, шариғат бойынша алдымен билік басындағыларға бойұсынуымыз керек. Яғни, жұма намазының уақыты сабақ уақытына тұспа-тұс келсе, онда оның орнына бесін намазын асықпай, екінті намазының уақыты кіргенше оқуға болады. Онымен қоса, ислам дінінде Отанды қорғау, басшыға бойұсыну, адамзаттың өмірін сақтап қалу әрбір мұсылманның борышы екендігін ескерсек, онда құлшылық, ғибадат қызметке (оқуға) кедергі жасамауы тиіс. Сондықтан мұндай орындарда діни міндеттерді (намаз, жұма намазы, ораза т.б.) себеп етіп, қызметтен бас тартуға болмайды. Алайда мемлекеттік қызметке кедергі болмайтын жағдайда діни міндеттерге нұқсан келтіруге шариғатта рұқсат жоқ.
Білім алу турасында Пайғамбарымыздың хадистерінде (с.ғ.с.), Құран аяттарында жиі айтылады. Тирмизи жеткізген риуаятта Алла Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Аллаһ оған Жәннәтқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп, қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы, әрі жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та, Аллаһтан оның күнәларының кешірілуін тілейді!»,- деген. Білім иелерінің артықшылығы турасында осындай өсиет қалдырған.
Ендеше, жеткіншектердің тәрбиесіне көз жұмып қарамай, кез-келген ауыртпалыққа сақадай-сай тұруымыз керек емес пе? Қалай исең, солай иiлетiн жасөспірімдеріміз мешiтке намазға барып жүрiп, өзге дiни ағымдардың жетегіне еріп кетпесіне кім кепіл? Бiздiң ең басты қаупiмiз де осы. Сондықтан отбасы, қоғам болып, бұл мәселенің түйінін шешер уақыт жетті.
Әмір МҰСАҚҰЛОВ, ОҚМПИ-дің профессоры, ф.ғ.к.
– Имандылық – әрбір адамның ішкі рухани тазалығы, өзіндік сенімі болуға тиіс. Қазіргі қоғамда әсіресе, мектеп жасындағы оқушылардың жүріс-тұрысын зерделеуіміз ләзім. Жастарымыздың өзге діндердің қолжаулығына айналмауын бір сәтте естен шығармауға хақылымыз. Біздің қалыптасқан өз құндылықтарымыз бар. Неге соларды дәріптеп, ұрпақтың бойына сіңірмеске. Дін басшылары да «Бір ұлт, бір мәзһаб» деп, елді ынтымаққа шақырумен жүр. Міне, жасөспірімдеріміз осыны ұғып, көкейіне түйсе екен.
Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары:
– Біздің Ата заңымыз бойынша мемлекеттің басты байлығы – адам. Сол себептен, біз басшыға бағынуымыз керек. Яғни, әрбір азамат өзінің борышын адал атқарғаны дұрыс. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әрбір хадисі даналыққа үгіттейді. Білім алуды насихаттайтын қасиетті Құранда көптеген аяттары бар. Сондай-ақ, Қарулы Күштер мен құқық қорғау, денсаулық сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдардың қызметі, маңызды нысандардың күзеті — адам өмірі мен саулығы үшін аса маңызды. Сондықтан мұндай орындарда діни міндеттерді себеп етіп, қызметтен бас тартуға болмайды.