Оңтүстік жұртының басым бөлігі құқық қорғаушылардың жұмысына қанағаттанбайды. Көптеген погондылар халықтың сеніміне селкеу түсіріп алған сияқты. Бұған «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдауында көз жеткізу қиын болған жоқ. Арызданып келгендердің 99 пайызы құқық қорғаушылардың құзыреттілігінен көңілі қалғандар.
Шағымданушылардың мәселесін тыңдаған бұл жолы мәжілісмендер болды.Сайрам ауданының тұрғыны соттың шешімімен келіспейді. Тиісті еңбекақысын ала алмай дүниеден озған баласы үшін әділдік іздеп келіпті. Ал Сарыағаштық Нұрила Ахметова аудандық полиция бөлімінің салғырттығына наразы. Былтыр баласын көлік қаққан. Алайда, айыптылар осы күнге дейін табылмаған.
Нұрила Ахметова, Сарыағаш ауданының тұрғыны:»Бармаған жеріміз қалмады. Осыған дейін аудандық полиция бөліміне, ІІД, «НұрОтан» партиясының филиалдары басшыларына шағымдандық. Алайда, нәтиже жоқ. Шара көрмейсіңдер ме десек, полицейлер шаруаларың болмасын, уақытымыз жоқ деп сылтауларын жаудырады».
Нұрлан ДОСЫМБЕКОВ, ОҚО ІІД штаб басқармасының бастығы: «Сарыағаш аудандық ішкі істер бөлімінің бастығына көп шағым түскен. Сондықтан, департамент басшылығы бір ай бұрын оны қызметінен босатқан. Қазір онда жаңа басшы. Сіздің ісіңіз менің бақылауымда болады. Мен аудан басшылығын ескертіп қоямын».
Ал Адвокат Бақыт Үсіпбеков құқыққорғау органдары қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне арыздануда. «Заңмен белгіленген құзыретімді пайдалануда шенділер тосқауыл қоюда»,-дейді қорғаушы. Қабылдауға жазылған 23 азаматтың 99 пайызы полицейлердің немқұрайлығынан шаршаған немесе сот шешімімен келіспейтіндер.
Уалихан БИШІМБАЕВ, ҚР ПМ депутаты: «Арызданып келгендердің көпшілігі құқық қорғаушыларға наразы. Біз өз тарапымыздан әр арыз бойынша сараптама жүргізіп, қажет болса, ішкі істер министрлігі, бас прокуратура, Жоғары сотқа да шығамыз.»
Тиісті мекемелерден қолдау таппағандар енді «НұрОтаннан» үмітті. Бірақ, соның өзі құрғақ сөз болып шықпаса игі.