Оңтүстік Қазақстан облысының мерейлі 80 жылдық тарихында өңірімізді бүкіл әлемге әйгілеген мәдени-тарихи ескерткіштер мен өндіріс орындары аз емес. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі арқылы Оңтүстікті әлем таниды. Ал, қорғасын, фосфор зауыттары арқылы да кешегі кеңестік өкімет заманында шымкенттіктерді өзгелер жақсы білді. Сондай өндіріс орындарының бірі, әрі бірегейі, еліміздегі бірден бір дәрі дәрмек өндірісінде тарихы терең өндіріс ошағы – «Химфарм» зауыты. Ол жайлы біз не білеміз? Зауыт қашан, қалай салынды? Алғашқы өнімі қандай еді? Жалпы зауыттың біздің облыстан орын тебуіне не түрткі болды?

Әрине, бұл дәрінің шикізаты болған дермененің біздің өңірде ғана өсірілуі бірден-бір түрткі болғанын айта кету керек. Сонымен…Кәсіпорынның негізін орыс көпестері Савинков пен Иванов 1885 жылы қалаған екен көрінеді.

Кеңес үкіметі орнап, елімізде алғашқы зауыт-фабрикалар салына бастаған жылдары көпестер ашқан Сантонин зауыты Халық Комиссариаты Түркістан кеңестік Республикасының денсаулық сақтау саласының меншігіне өтеді. Бұл 1918 жылғы сәуір айының 30-ы мен 1920 жылғы маусым айының аралығына тура келеді. Кеңес үкіметі аяғынан тұрып, халықтың қажетін өтеу мақсатында Шымкент Сантонин зауытын толықтай қамқорлығына алады, 1928 жылы тұңғыш Джержинский атындағы мемлекеттік химия-фармацевтік зауыты өмірге келді. Химия өнеркәсібі бірден-бір маңызды сала, ауыр индустрия болғандықтан әркез мемлекеттің назарынан тыс қалмайды. Шығарылатын өнімнің сапалығы мен маңыздылығы бірінші кезекте тұратын.

Алғаш мақсарыдан май алу өндірісін қолға алған зауыт келе-келе техникалық морфин, кодеин, тебаин, папаверин, улы химикат-никотин, анабазин сияқты өнімдер шығара бастады. 1931 жылы «Казхимтрест» басқармасына қарасты Шымкент «Химфарм» зауыты Бүкілодақтық біріккен химия-фармацевтік «Вохимфарм» өндірістік тресттің құрамына өтті. 1938 жылы «Вохимфарм» «Химфармпром» өндірістік басқарма, 1940 жылғы тамыз айында «Главхимфармпром» Бас басқарма болып өзгерді. Бұл аралықта Шымкент «Химфарм» зауыты бұрынғы шығарып келген өнімдеріне қоса апиын, дермене майын т.б өндіруді қолға алған болатын. Және 2 жаңа бөлім, лаборатория, 10 цех іске қосылған еді.

Соғыс жылдары зауыттың өнім өндіру көлемі күрт артты. Медициналық препараттар шығаруға басымдық берілді. 1942 жылы наурыз айында Мәскеудің алколоид зауыты Қазақстанға көшіріліп, «Химфарм» зауытының құрамына қосылды. Осыдан соң-ақ зауыт өнімдерінің қатары синтетикалық кодеин, қышқыл фосфорлы кодеин, дионин, никотин қышқылы, кардиомин, атропин, скополамин және новакаинмен толықты. Ал, Свердлов атындағы Киевтің орап-таңу зауыты «Химфармның» құрамына көшіп келген соң, жұмыс ауқымы тағы да кеңейді.

Бинт, кристаллданған йод, сүртпелі, сүртпесіз жақпалар шығара бастаған зауытта сондай-ақ висмут, азот қышқылын, омнопон, сальсолин, сапонин сынды препараттар өндірілді. 1944 жылы шәй тозаңынан таза кофеин, қатты қалдықтардан дайындалған анабадуст шығару қолға алында.

1957 жылы зауыттан 18 түрлі өнім шығарылды. 1956-1959 жылдардың аралығында зауыттың ауқымы кеңейді. Өндірістік жоспарлау, техникалық өндіріс, күрделі құрылыс, коммерциялық, әкімшілік-шаруашылық, есеп-қисап бөлімдері мен лаборатория №1,2,3,4 цехтар іске қосылды. 1965 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің ұйғарымыман Шымкент химия-фармацевтік зауыты КСРО Денсаулық сақтау министрлігіне беріліп, синтетикалық және дәрі-дәрмек шығаруға бет бұрды. 1970 жылдардан бастап зауытты қажетті шикізаттармен қамтамасыз ету үшін облыс аумағындағы «Фрунзе» және «Дермене» атындағы шаруашылықтар дәрулік өсімдіктер өсіру үшін Бүкілодақтық «Лекраспром» өндірістік бірлестігінің құрамына өтті. Дермене, паслен, сана, кәдімгі келімдары, көкнар, т:б. өсімдіктерден дайындалған шикізаттар зауытқа тоқтаусыз жөнелтіліп тұрды.

Ғылыми-зерттеу, жобалау институттарымен келісімшарттар түзіліп, бірлесе жұмыс атқару мүмкіндіктері туды. 1985 жылы Джержинский атындағы Шымкент «Химфарм» зауыты КСРО Медицина және микробиология министрлігінің бағынысына өтті. Ал, 1986 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің келісімімен «Чимкентбиофарм» өндірістік бірлестігі құрылып, оның құрамына «Химфарм» зауытымен бірге Шымкент гидролиз және антибиотик өнімін шығаратын Түркістандағы зауыт кірді. 1991 жылы «Химфарм» зауыты Бүкілодақтық «Союзэфирлекраспром» агроөнеркәсіптің кешенінен «Казфармбиофром» мемлекеттік концернге өтті.

Еліміз егемендігін алып, етек-жеңін түріп болған 1993 жылғы желтоқсанның 19-ы күні Шымкент «Химфарм» зауыты ашық акционерлік қоғам болып қайта құрылды. Бұл күнде «Химфарм» ААҚ-ның шығарған өнімдері еліміз ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де мәлім. Бір кездері орынборлық көпестің Шымкентке келіп, Сантонин зауытының негізін қалауы нәтижесінде уақыт өте келе, әйгілі «Химфарм» зауыты өмірге келді. Оның әр жылдардағы қалыптасу жолдары жоғарыдай.

Дайындаған-Ердәулет Сұлтан

 Сіз не дейсіз?

 Өмірзақ МЕЛДЕХАНОВ, облыстық мәслихаттың депутаты:

-Мен «Химфарм» АҚ-ын 1993-1996 жылдары басқардым. Айта кету керек, тарихы терең өндіріс ошағын басқарған жалғыз қазақ мен болып тұрмын. Аталмыш жылдары зауытта 1200 адам жұмыс істеді. Аумағы 19 гектарға орналасқан зауыттың негізгі цехтарынан бөлек қосалқы алаңдары болды. Онда әсіресе, жаңа дәрілік препараттарды сынақтан өткізетін тәжірибе учаскесі жұмыс істеді.

Біз ол кезде медицина саласына қажетті 58 түрлі өнім шығардық. Оның 18-і ТМД бойынша тек бізде ғана өндірілді. 58 түрдің 37-ісінің негізі дәрілік өсімдіктерден жасалды. Синтетикалық өнімдердің 5 түрін шығарып отырдық. Құрғақ, сығымды, жақпа майлары сынды сан түрлі дәрілік препараттардың сапасы жоғары бағаланып жатты. Мақтанғанымыз емес, сол жылдары зауыттың өнімі халықаралық талаптарға сай болуымен ерекшеленді.

Артық болмас білгенің…

1929 жылы «Химфарм» зауыты КСРО-да тұңғыш рет махоркадан никотин алу тәжірибесін жасады.

1931 жылы химия-фармацевтік өндірісті дамыту мақсатында «Казхимтрест» басқармасы құрылды.

1959 жылы «Химфарм» зауытының №2 және №4 цехтары бірігіп, өнім өндіру көлемін арттырды.

1963 жылы КПСС Орталық Комитетінің желтоқсандағы Пленумында елімізде химия өнеркәсібін дамыту туралы бағдарлама қабылданды.

1967 жылғы сәуір айынан бастап синтетикалық және дәрі-дәрмек өндірістері КСРО-ның Медицина министрлігіне қарады.

1976 жылдары зауыттың №1, №2, №4, №6, №8 цехтары тоқтаусыз жұмыс істеп, апиыннан морфин өндіруді, өзге шикізаттардан 14 түрлі дәрілік препараттар шығаруды жандандырды.

Соңғы 10 жылда зауыт өнімнің жаңа 35 түрін шығарып, Орта Азиядағы бірден-бір іргелі кәсіпорынға айналды.

1988-1992 жылдары зауыт жанынан «Айгүл», «Гнездышко» балалар комбинаты ашылып, зауыт жұмысшыларының балаларына қолайлы жағдай жасалды

Джержинский атындағы Шымкент «Химфарм» зауытының тарихы туралы 1958 жылы А.А. Уткиннің кітабы жарық көрді.