Бүгінгі қазақ әйелінің келбеті қандай? Көне тарихтан белгілі Томирис пен Заринаның бүгінгі толқыны билік басында жүрген сіңлілерімен (қыз-келіншектермен) жалғасып жатыр. Ұлы Абайды ұлағатымен ұлықтаған Зере әжейдің, уыз сүтімен үкілеген Ұлжанның кейінгі ұрпағы қандайкүйде? Міне, осынау күрделі сан сұрақтың төңірегінде ел анасы, ұлттық мәдениеттің жанашыры, Оңтүстікке ғана емес, қазақ жерінеаты мәлім ҚР мәдениет қайраткері Нәсіпханым Камалқызымен сұхбаттасқан болатынбыз.
— Несіпханым Камалқызы, сіздіңше бүгінгі қазақ әйелінің хал-ахуалы қандай күйде?
-Бұл өзі бір әрі жеңіл,әрі қиын сұрақ. Тебірентірер сұрақ. Өмір бір жайында тұрмайды. Жиырмасыншығасырдың 70-80-ші жылдарындағыдай жайбарақат, бір дағдылы, бірқалыпты емес, өмір бүгінде бәсекеге түскен. Заман ауыртпалығы, ең алдымен, әйел баласының еншісінде. Бала өсіріп, мамандық игеріп, бір Отанды дөңгелетіп отыру оңай шаруа емес. Үйдегі хал-ахуал, бала тәрбиесі де әйелге тікелей байланысты. Бұл әке осының бәрінен тыс қалып жатыр деген сөз емес. Бірақ, ана – кеңесші. Әкеге үйдегі бар жағдайды баяндаушы. Бір өзі бір аналитикалық орталық десе де болады. Ол үшін, әрине, талғам, білім қажет әйел адамына. Ең алдымен, ұл-қызына үлгі-өнеге көрсету әкенің қолында. Солүлгі-өнегені ақылмен жүзеге асыру – ананың міндеті. Міне, тірегі мықты отбасында осылай болуы тиіс. Бүгінгі заманда көрші-қолаң, ағайын-туыстың ғана шеңберінде емес, рух биіктігімен бүкіл әлемге көз тігіп, шетел өміріне тікелей араласып жатқан жайы баршылық. Үйде отырып-ақ өмір талаптарын ұстанған әйелдер бар. Бұл — бүгінгі әйел өмірінің күнгей тұстары.
—Ал, көлеңкелеу тұстары қайсы?
— Жоғарыда айтылған дәрежегежетемін деп, бұрынғы қазақи қыздардың ұстанымын жоққа шығарып тастайтындар, өкінішке орай, табылады. Шылым шегу, ішімдікке салыну, тәнін саудаға салу сынды сорақылықтарды айтпағанның өзінде, ата-ананы сыйлау қалып бара жатыр. «Заманнан кейін қалып қойғансыңдар» деп, ата-анасына бағынбайтындар да жоқ емес. Ата-анаға бас ию емес, солармен біртұтас, үйлесімді өмір сүру сиреп бара жатыр. Әке — өмір тірегі болса, әйел — өмір тұтқасы. Міндетті түрде қыз баласының бойжеткен, бойжеткеннің әйел, әйел баласына ана болуға дайындық керек. Қазақта қыз бала тәрбиесіне тек анасы жауапты болмаған. Бір шаңырақ астында үш буын қатар өскен : ата, бала, немере, тіпті, шөбере. Ұрпағына үлгі-өнеге боламын деп, үлкендер жағы өздерін тағылымды ұстауға тырысқан. Кішілері үлкендерге ұят келмесін деп, барынша тырысып баққан. Әкемді, анамды жерге қаратпайын деп, өздерін түзеп отырған. Әрине, бұл үрдістен бүгінгі жас ұрпақ түгелдей ажырап қалды деу – обал. Бір шаңырақтың астына бас қосқан ұрпақтар сабақтастығын сақтау мүмкін болмай қалды. Жеке-жеке тұрады. Ата-әже деген тек жексенбілік боп қалды. Ата-апасының өсиет-нақылы, ақылы күнделікті айтылып тұрмаған соң, жадында қалмайды. Сол үш буын тұтастығын сақтай алмайды. Әжесінің алақанының жылулығын сезінбей, дайындаған ыстық көжесін ішпей, атасының мейірімді ыстық жанарларын сезінбей, бүгінгінің бүлдіршіні ата-апасының махаббатын толық сезіне алмайды.
— Дәл осы сіз қозғап отырған тақырып ене мен келін арасындағы қарым-қатынасқа да келіп тірелмей ме?
-Ата-ене мен келін проблемасы- мәңгілік тақырып. Екі бірдей екі бөлек ортада өскен ересек адамдардың бірбағытқа қарай мақсат қойып, жақындасуы үлкен шаруа. Қазақта келген келін мен ене арасын жақындастыратын талай әдет-ғұрып бар. Жақсы ене келініне қызындай қамқор болып, мұқият боп, байқағыштық танытып, құрсақ шашар тойын жасап берген. Жаңа түскен келін туған-туыспен етене араласса түссін деп, келінді жалғызсыратпайын деп, қасына қашанда қайын сіңлілерін шақыртып отырған. Қыз баланы басынан бастап, бойжетем, келін болам, барған жерге судай сіңем деп тәрбиелеу керек. Ал ене болатын адам келініне ұрпағымды жалғастырушы деп, қамқор боп қарай білуге дайындалуы қажет. Бұл да адамның қоғамдағы рөлі. Бірміз келін, енді біріміз ене боп, қоғамда белгілі бір рөлдерді ойнап жүрміз. Сол өмірдегі өзіңе артылған жауапкершілікті, міндетті адал атқара білудің өзі ғанибет! Әрбір әйел дайын күйінде келін, немесе ене боп түсе салмайды ғой. Келген келінге енесінен көптеу өнеге алған — үлкен абысыны өзінің жүріс-тұрысымен, істеген тірлігімен үлгі болуы тиіс. Абысындар ортасында тәрбиеленуі керек. Мұны абысындар мектебі, абысындар институты десе де болғандай. Олар бір-бірінен туған баланы, қайны-қайын сіңлілерін бір-біріне қамқор болуға үйретуі керек. « Бұл сенің — бауырың. Сен оған қамқор, жанашыр бол» деп үйретіп отыруы керек. Сонда ағайын арасындағы бауырмалдық бала бойында да кішкентайынан егілері хақ. Бұл ретте енелер, жеңгелер, келіндер тәрбиесі едәуір рөлі атқарады. Бір-бірін білмейтін, жете танымайтын ағайындар, бір туғандар аз емес.
—Мұның бәрі де өзіңіз айтқандай, ене көрегендігіне, абысындар мектебінің мықтылығына тікелей қатысты емес пе?!
-Ене мен келін арасы жақсы болуы үшін, ең алдымен, екі жақтың да осы мақсатқа ұмтылған ұстанымы болуы керек. Енеде «менің баламның таңдауы – менің таңдауым» деген сияқты ниеті болады. Ақ босаға аттағалы жүрген қыз бала тұрмысқа шықпай тұрып: «Сенің ата-анаңмен бірге тұрамыз ба, жоқ әлде бөлек па?» деп сұрайтұғын болса, ондай бойжеткеннен жақсы келін шықпасы анық. Құдалар арасындағы сыйластықтың үлкені — арадағы алыс-беріс емес, екі жақтың қарым-қатынасы. Баяғыда қазақта жаңа түскен келін жыл толмай төркіндемейтін болған. Мұның өзі босағасын аттаған үйге сіңісіп, бауыр басып алсын деген ниеттен туындаған. Бүгінде «тек қана күйеуіммен бақытты болсам, болды» дейтін келіндер табылады.
Бұл – үлкен қателік. Күйеуін ағайын-туысынан ажырату – тамырынан ажырату. Тамырынан ажыраған адам көктей алмайды. Әке-шешесіне мейірімсіз боп, келіншегімен кетіп қалған күйеу ертеңгі күні әйел-баласын орта жолда тастап кетпесіне кім кепіл?! Сондықтан келіндер арыдан ойлау керек. Әлемге әйгілі Узнадзе деген психолог: «Әр адамның мінез-құлқының нәтижесі оның ұстанымына байланысты»- деген екен. Шын ниетімен «Барған жеріме тастай батып, судай сіңем» деген келін сол ниетіне жете алады.
— Бүгінгі қоғамдағы тағы бір үлкен мәселе — отбасындағы асыраушы — әйел де, кейбір күйеу масыл болуға қымсынбайтын болды. Немесе жанұядағы негізгі табыс көзі — әйелінің табысы екеніне еш шімірікпейтін ер-азаматтар да жоқ емес. Сіз бұл жайында не айтасыз?
— Бұл әлеуметтік күрделі проблема. Азамат проблемасы. Әйелдің аты — әйел! Табиғат берген заңдылық бойынша ер — азамат қашан да жігер, күш — қайрат иесі. Әйел де ондай қасиеттерден ада емес. Алайда, ең алдымен, әйел — нәзіктіктің белгісі. Сол нәзіктігімен ғана батылдық жасай алады. Ақын Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын!» өлеңінде мынадай жолдар бар:
-Мен қаракөз сұлумын, сайтан қызбын,
Сөйлей қалсам, тілімнен бал тамыздым.
Сүйер болсам, өмірдей өле сүйдім,
Қас батырмын айқасқан балтам жүзін
— Көрмейсің бе, қазақ қызының бүкіл табиғаты төрт қатар өлең жолдарымен қалайша керемет өрілген?!
— Мен қазақпын, ажалсыз анамын мен,
Құрсағыма сыйғызған даланы кең.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген,
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.
— Қазақ әйелінің бейнесін бұдан артық жеткізер жыр жолдары жоқ шығар.
— Нәсіпханым Камалқызы бүгінде қазақ әйелі қоғамның қай саласын алсаңыз да біте қайнасып, биіктерге қол жеткізіп жатыр. Бұрындары таңсық болатын, бүгінде ер азаматтардай темір тұлпардың тізгінін ұстаған нәзік жандылар қатары көбейіп жатыр. Сондай-ақ, билік басында жүрген қазақ қыз-келіншектері жайында қандай пікірдесіз?
— Ең алдымен айтарым, қазақ халқы баяғыдан қыздарын аялап, атқа отырғызып, ертерек тұлпар мінуге үйреткен. Бұл жаугершілік заимананда қыз баланың жау қолына түсіп, күң боп, қор болмасын деген ниеттен туған. Сол баяғы апалардың бүгінгі ұрпағы заманның ташлабына сай көлік жүргізіп жатса, оның сөкеттігі жоқ.
— Қазақ әйеліне неге билік басына келмеске? Бірақ, жоғары биліктің қыр-сырына қанып, игеріп алып, бет бұрған дұрыс. Әйел баласы, ер адамға қарағанда, ішінен біліп тұрса да, ақыл кеңесін батыл айта алмайды. Өйткені, ер адамның алдына түспеу сияқты жазылмаған қағиданы қазақ әйелі қашан да қаперінен шығармаған. Ер азамат — ел билеген уақытта үйлесімділікті сақтап отыратын әйел болған. Азамат — ер тірегі болса, әйел- тұрмыстағы сүйеніші, елмен арадағы сабақтастықты сақтаушы. Ер адам байқай бермейтін дүниелер әйелдің назарынан тыс қалмайды. Мемлекеттің сыртқы істерінде де беріктік пен нақтылықты ұстанған билік басындағы әйелдер нақ осының дәлелі.
— Өтпелі кезеңнің өткелдерінен өтіп, ұлт болып, етек-жеңімізді жинаған тұста «нағыз» қазақ әйелі әуретті жерін жауып жүрген» деген сөзді желеу етіп, хиджап киіп, қымтанып жүрген қыз-келіншектер қатары көбейіп барады. Осылар қазақ әйелінің келбетін көрсете ала ма?
— Қымтану-қазақ әйеліне тән емес. Кезінде иықтарын ашып, кіндігін көрсетіп киінетін қаракөздеріміз көбейіп еді. Бүгінде солай киінгендер сиректеу. Сол жартылай жалаңаштарға барынша қарсылық білдіремін деп, артық кетіп қалу сияқты бұл. Хиджаб кигендердің бәрі емес, бірақ көпшілігінің рухтары басқаша. Бүгінгі қарапайым тіршіліктен баз кешіп, Аллаға құлшылық ету-өмірдің мәні деп білемін. Қоғамға оның, оның қоғамға қатысы жоқ сияқты. Ол, әрине, бекершілік. Бес-алты тал сақал қойып, ұзын көйлек, келте балақ киіп, басқаның бәріне кәпір деп қарайды. Бар амалдарын «Аллаһтың қалауы» деп түсіндіргеннен басқа ештеңе айта алмайды. Салт-дәстүрді Алла-тағалаға серік қосушылық деп білетіндер ұлттық қасиетпен санаспайды. Қазақтың салт-дәстүрі табынушылықтан емес, өмірді реттеушілік заңдылығынан туындаған. Ол Ислам дініне дейін адамның адами келбетін, қасиеттерін, құндылықтарын қалыптастыру жолында пайда болған.
— Ұлт болашағы аналардың үлесінде емес пе? Қазақ қыздарын заман талаптарымен, ата-дәстүрімен үйлестіре тәрбиелеу үшін, мүмкін, жер-жерлерде аналар, апалар клубын құрған дұрыс шығар? Клубты өзіңіз сияқты кейінгіге айтары мол, тағлымды үлкен буын басқарса, қалай болар еді?
— Өткен ғасырдың 90-жылдарында Жетісай өңірінде аналардың басын қосқан ақылдастар алқасын құрылғанын баспасөз беттерінен оқығаным бар еді. Серпіліп қалып ем. Қазақта «Қызға қырық үйден тию» деген бар. Көргенсіздің ауылы атанбау үшін, қыз тәрбиесіне бүкіл ел болып мән берген. Өзіне қырық үйдің тыйымын сезген қыз өнегелі өсері хақ. Ақылгөй, батагөй ауылдың қыздары жаман болмайды. Тағы бір айтарым, жеңгетай клубын ашу керек. Бұрындары қазіргідей сүр бойдақ, оң жақта отырып қалған қыздар қатары ондай көп емес тұғын. Жігіттер сөз сала білмейді. Бойжеткендердің келін, ана болуға дайындығы жоқ. Отбасын құруда үш түрлі таңдау қалыптасқан. Бірінші қайны таңдау, екінші ата-ана ойынан шығу, үшінші үйленуге жауапсыздықпен қарау. Соңғылары отбасының тұрақтылығын заңдылық деп есептемейтіндер.
Сұқбатыңызға рахмет. Сіздің тағылымды пікірлеріңіз көп адамға ой салар деген үміттеміз.
Сұқбаттасқан — Жанар Есенбекова