7-сәуір Дүниежүзілік Денсаулық күні аясында ОҚМА-да «Белсенді қарттық өмірді ұзартады» атты акция өткізіліп жатыр. Осы акция арасында оқытушы-профессорлық құрамның арасында арнайы спартакиада ұйымдастырылды. Бұл болашақ медицина қызметкерлері, студент жастар үшін өнеге дейді ұстаздар қауымы.
Денсаулықтың кепілі-салауатты өмір салты екенін ОҚМА-лар жанына жақсы түйген. Бұған аталған оқу орнында өткізіліп тұратын спорттық іс-шаралар дәлел. «Белсенді қарттық өмірді ұзартады деп ұрандатқан бұл апталық та сол тізбектің жалғасы.
Фарида Төребайқызы, ОҚМФА жанындағы «Денсаулық» Жастар» орталығының бастығы: «Біздің ОҚМФА-да бір жылдан бері «Денсаулық» орталығы жұмыс жасайды. Бүгінгі іс-шара да осы тірліктердің жалғасы. Қарттықты қалай мықты денсаулықпен қарсы алуға болады? Сергектікті сақтаудың бір кілті-салауатты өмір салтында екенін студенттерге ұқтыру біздің негізгі мақсатымыз».
Еділ Ақтаев ОҚМФА-ның оқытушысы. Білім беру ісінен өзге спортқа ден қойып, жас буынға өз ісімізбен үлгі болуымыз керек дейді ұстаз.
Еділ Ақтаев,ОҚМФА оқытушысы: «Біздің академияда теннис, шахмет, баскетбол секциялары жұмыс жасайды. Жақында ғана біздің команда мини-футболдан жүлделі орынды қанжығаларына байлап қайтты. Басқа да оқу орнымыздың командалары да түрлі жарыстардан жүлдесіз оралған емес».
Ұстаздарды үлгі тұтқан студенттер қатары ОҚМФА-да аз емес. Ғылым-білімге деген құштарлықтан бөлек мұндай іс-шаралар студенттерді спортты серік етуге үндейді дейді академияның өрені Серік Өмірәлиев.
Серік Өмірәлиев, ОҚМФА студенті: «Осындай іс-шараларға қатысып тұрған өзімізге де пайдалы. Сабақты жақсы оқып, спортты да ұмытпауға тырысамыз».
Адам жанына ең шипалы дәрі-дәрмек дене жаттығулары екендігін насихаттаған ОҚМФА акциясы ертең, сәуірдің 14-не қорытындыланбақ.