Өрт сөндірушілер өртті ауыздықтауда

Дабыл қағысымен оқушылар қауіпсіз жерлер мен парталардың астын паналай бастады. Жер сілкінісі сабақта отырған оқушыларды бір сәтте әбігерге салды. Бастарын кітаппен қалқалап, далаға жүгіріп шыққан 700- ден астам оқушы жаттығуын бастады.

«Мен алғашында ештеңеге түсінбей, қорқып кеттім. Кейін сабырға келдім»,- дейді екінші сыныптың оқушысы Сымбат.

Құтқарушы топ жер сілкінісі кезінде мектеп ішінде қалып қойған жаралыларды сыртқа шығарып әуре болса, медбикелер жарақаттанғандарға алғашқы көмек көрсетіп, ем-дом жасады.

«Бүгін біз жер сілкінген, өрт орын алған жағдайда қалай алғашқы көмек көрсету керектігін көрсеттік. Мәселен, төтенше жағдай кезінде адамдар талып қалды, жараланды.Олардың жараларына микроб түспеуі үшін спирт, иод жағып, санитарлық көмегімізді көрсеттік»,- дейді жарақаттанғандардың аяқтарын дәкемен таңып, медбикемен бірге көмек көрсеткен оқушы Жанерке Абишева.

Арада көп уақыт өтпей мектептің жоғарғы қабатынан өрт шықты. Тілсіз жауды ауыздықтауға өрт сөндіру көлігі дереу жетті. Құтқарушылар қалып қойған оқушыларды терезеден альпинистер құралының көмегімен және үрленген шарды қолдана отырып шығарды. Өрттен жапа шеккендерді жедел жәрдем көлігіне салып әкетті.

«Бұл жаттығулар құтқарушылардың кәсіби дайындығын, біліктілігін арттырады және кез келген мектеп оқушылары  төтенше жағдай кезінде не істеу керектігі жөнінде сабақ алады»,- дейді оқу-жаттығуға қатысқан жедел құтқару жасағының бөлімше жетекшісі Рауан Дүйсенбеков.

Қаламыздағы №10 мектепте Оңтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдай департаментінің ұйымдастыруымен балаларды қорғау шаралары жүргізілді.  Оқушылар қандай жағдай орын алса да, тілсіз жаудан сақтану жолдарын меңгерді.