Оңтүстіктегі өтемақы алмаған шаруалар дала жұмыстарына кірісе алмауда

348

Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізі  ОҚО аумағының 448 шақырымын басып өтеді. Бадам қиылысындағы күре жолдағы транспорттық айрық көпір құрылысы «Карно»өндірістік кооперативінің заңды жерінде жүргізілуде. Құрылыстан бөлек шаруашылыққа барар жолда байланыс жүйесі мен табиғи газ құбыры өткен. Былтыр бұл жерде көкөніс жайқалып тұрған , биыл диқандар көктемгі егіс жұмыстарына да кірісе алмай отыр.

Бауыржан  Сариев, өндірістік кооперативтің жұмысшысы: «Құрылыстың салдарынан    шаруашылыққа барар жалғыз жолымызбен қатынау мүмкін болмай  тұр. Былтыр осы мерзімде қызанақ  қияр отырғызған едік. Биыл не болады, білмейміз. Егуді бастайын десек, ертең суғару керек. Ал суды қоссақ, құрылысты шайып кетеді де деп қауіптенеміз».

Өндірістік кооператив 2007 жылы 150 гектар жерді 49 жылға жалға алған. Жер алқабының басым бөлігін шаруашылық жайылым ретінде пайдаланады. Дайын өнімді тасымалдауда шаруашылық қиындықтарды бастан кешуде.

Сәрсенбек Әсетоллаев, «Карно» өндірістік кооперативінің жұмысшысы: «Флягпен сүтті өзіміз күре жолға тасимыз. Сүт өнімдерін  балабақшаға таңертең жеткізуіміз керек. Құрылысшылар траснформаторымызды да күйдірді, енді электр жарығынсыз отырмыз».

«Шығынға баттық, биыл да жағдай қайталанса, не болмақ күніміз? Егін науқаны басталған шақта, не істерімізді білмей отырмыз»,-дейді өндірістік кооперативі басқармасының қызметкері. 2 гектардай жердің өтемақысы былай тұрсын, жер жыртуға қажетті техниканы алқапқа жеткізе алмай, бар суды толық пайдала алмай әбігерге түсудеміз деп ашынады ол.

Нұрбол Әжбенов, Карно өндірістік кооперативінің қызметкері: «Былтыр «Арай» бағалайтын мекеме 2 га жердің бағасын да белгілеген.  8 млн. 900 мың теңгені 2011 жылдың  соңына дейін аласыңдар деп еді  қазір сәуір айы  қаржы да жоқ, жұмысымызда тоқтап тұр. Біз құрылысқа қарсы емес,  тиесілі қаражатымызды берсе, жоғарыдан жол салатын едік, су құрылысты шаймас үшін каналды да салатын едік. Ешкімге тәуелді болғымыз келмейді».

Автомобиль жолдары комитеті ОҚО департаментінің берген мәліметі бойынша ОҚ облысы арқылы өтетін көлік дәлізінің құрылысы Самара -Шымкент автомобиль жолы бойынша жалпы көлемі 569,7 гектарды құрайтын 851 жер телімдері түскен. Халықаралық жолдың маңызын түсінген азаматтар мемлекетке өтеусіз 209 жер телімін қайтарған. Мемлекет мұқтажы үшін 574 жер телімі сатып алынған. Қазіргі таңда 28 жер телімі бойынша сот процессі жүргізілуде.

Берік Нұрышев,  автомобиль жолдары комитетінің  ОҚО департаменті директорының орынбасары: «28 жер Сайрам ауданына тиесілі. Ал Карно өндірістік кооперативіне  8 млн 900 мың  өтемақы төлеу жөнінде ісі  аудандық прокуратурада қаралып,  біздің департаментке қайтарылды. Енді компенсация төлеу бойынша  құжаттар сотқа өткізілуі тиіс».

Мемлекет мұқтажына деп алынған жерлер үшін өтемақыны төлеу үдерісі заңға сәйкес жүргізілгенде жоғарыда айтылған келеңсіздіктерге жол берлімесі анық.