жергілікті кәсіпкерлермен кездесу

2012 жылғы 5,15-сәуір аралығыда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық партиясының фракция мүшесі Ұласбек Сәдібекұлы Сәдібеков Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болып, Шымкент қаласы, Қазығұрт, Сарыағаш, Шардара, Бәйдібек, Сайрам аудандарында жұртшылықпен кездесулер, қоғамдық қабылдаулар өткізуде.

Сәдібеков қызметтік сапарын жастармен кездесуден бастадыАлғашқы күні Шымкент көлік және жаңа технологиялар колледжінің акт залында Ұласбек Сәдібеков колледж ұжымымен және студенттермен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27-қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы айтылып, сонымен қатар Парламентте қаралып жатқан «Жастар саясаты туралы» заңға енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды бірге талқылады.

Сайлаушылардың негізгі сұрағы әлеуметтік мәселеге бағытталды

Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының үштен бір бөлігі жастар. Олардың дені ауылдан шыққандар. Сол себепті ауыл жастарына қатысты мәселелер көп айтылды.

«Облыс, аудан орталығынан шалғай ауылдарда тұратындар тұрақты жұмыс таба алмайды. Шаруашылықпен шұғылдануға несие алу қиын. Заңда осындай мәселелерді шешу жолдары ескерілсе екен»,-дейді жиналғандар.

1991 жылы қабылданған «Жастар саясаты туралы» заң бүгінгі күннің талабына жауап бермейді. Мәжілісте ол заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралып жатыр. Оған еліміздің аймақтарынан 100-ден аса ұсыныс келіп түсіпті. Осыларды қарайтын жұмыс тобының мүшесі Ұласбек Сәдібеков жастармен кездесуден соң, Астанаға тағы да бірнеше ұсынысты жеткізетін болды. Соның бірі студенттерге берілетін арзандатылған жолақы билеті.

жергілікті жылыжайдың жағдайымен танысты

Ұ.Сәдібеков Сайрам ауданы Көмешбұлақ ауыл округінде ауыл тұрғындармен кездесіп, оларды толғандырып жүрген мәселелерді тыңдады. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында айтылған мәселелерге жеке-жеке тоқталып, олардың Сайрам ауданына қатысты ықпалын түсіндіріп өтті. Өзінің осы ауылдан облыстық мәслихатқа депутат болып сайланғанын, ауыл тұрғындарының негізгі мәселелерін білетінін тілге тиек ете отырып, Жолдаудан туындайтын міндеттерді алдағы уақытта ауыл тұрғындарының игілігі үшін бірлесе отырып атқаруға шақырды.

Кездесу барысында Қайнарбұлақ ауылының төбе биі Бөрібеков Уәш сөзге шығып, Мәжіліс депутаттығына жаңадан сайланған Ұ.Сәдібекұлына сәттілік тіледі. Елбасының жылдағы дәстүрлі Жолдауларын ауыл тұрғындары қызу қолдап келгені сияқты бұл жолғы Жолдау да тұрғындар арасында қолдау тауып отырғанын мәлімдеді.

Жолдауда көрсетілген ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша ауыл тұрғындары жылда ағын судың тапшылығынан қиналатындықтарын айтып, отырып, ұзындығы 6 шақырымдық бетондалған арық салуға ықпал етуін сұранды. Көмешбұлақ ауылының биі Қалыбек Иса Жолдауда жастарға көңіл бөлу мәселесі бойынша Көмешбұлақ ауылына жастар орталығын салып беруді ұсынды. Оған қоса тұрғындарды табиғи газбен қамту мәселесін ертерек бюджетке ендіруді сұранды.

Ұласбек Сәдібековпен Бәйдібек ауданының Мыңбұлақ және Шаян ауылдарының тұрғындары кездесті. Елбасы жолдауында айтылған нақты қадамдар талқыға салынып, оны жүзеге асырудың жолдары сөз болды. Шалғай ауылдардың өзінде мектеп, балабақша, емхана сияқты әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Ұласбек Сәдібекұлының 9 сәуір күні Сарыағаш ауданындағы халықпен, аудан еңбеккерлерімен кездесулерде ауылды, шағын қалаларды дамыту жайы сөз болды.

Мәжіліс депутаты тұрғындарға «Жұмыспен қамту-2020», «Қолжетімді баспана» сияқты бағдарламалардың маңыздылығын түсіндірді.