Сары әулие: «Табиғи апаттардың жиілеп кетуі қоршаған ортаның бұзылуынан»

603

Бір кездері атағы алты Алашқа жайылып, азан шақырып қойған есімі Марат Есенбаевтан -Сары әулиеге атанған азаматты іздеушілер әлі де баршылық. Онымен кездесудің сәті ойламаған жерден түсті. Газетіміздің «Қайдасыз?» атты айдары барын, оқырмандар өзі жайлы ақпарат беруін сұрап жатқандығын білгенде Сары әулие сұхбаттасуға келісімін берді.

— Соңғы кездері көп көрінбей кеттіңіз, қайда жүрсіз?

 — Елдің ішінде жүрмін. Сол баяғысынша, халықты емдеумен шұғылданамын. Әр аймаққа барған сайын елдің сол бұрынғыдай ықыласы мен пейілін көріп, қолымнан келгенше соларға қызмет етуге тырысамын.

— Марат дүниеге келе салысымен әулие болмағаны анық. Сіздің де бастан бал дәурен балалық шақ өткен болар? Уақыт өте келе бұл жолға түсуіңізге не себеп болды?

 -Атырауда туып-өскенімді елдің бәрі біледі. Өкінішке орай, өзіңіз айтқандай менің балалық шағым аса қызықты өте қойған жоқ. Мен мектепке ілінген жылы інім, қарындасым үшеуіміз балалар үйіне қабылдандық. Мектепті балалар үйінде бітіріп, Санкт-Петербургтағы кәсіптік-техникалық училищеге аттандым. Әскери міндетімді өтеп келген соң ауылда жұмыс істедім. Әулиелік кез келген адамға туа-біте қонбайды.

Бірде түс көрдім. Атам Сары молданы төрт адам астауға салып көтеріп келеді екен. Менің қасыма жақындағанда ол кісі: «Балам, сен енді адамдарды емдеуің керек»- деп аян берді. Сол күннен бастап қатты ауырдым. Денем күйіп-жанып, жанымды қоярға жер таппай шырылдадым. Дәрігерлерге көрінсем, «мінез-құлқы бұзылған» деген диагноз қояды. Ауруханаға бармай, бейіттерге түнейтін, рухтармен тілдесіп, табиғатпен, құстармен сөйлесетін болдым. Бойымда ерекше бір тылсым күштердің барын сездім. Діннен ешбір хабарым жоқ, орысша оқып, тоқып өскен маған мұндай қасиет қонарын ол кезде қайдан білейін. Құранды жатқа айтатын, араб тілін қас-қағымда үйреніп алған маған ендігі кезекте өз бойымдағы тысқары күштердің әсерінен болатын құбылыстарға ерекше мән беріп, оның құпияларын ашуға ұмтылдым.

 — Атақты Кашпировскийдің емі-гипноз, былайша айтқанда, көзбояу деп жатады. Онымен байланысыңыз бар ма? Сіз де Кашпировскийдікі сияқты емдеу тәсілін қолданған кезіңіз болды ма?

 — Кашпировскиймен тонның ішкі бауындай байланысымыз болмаса да, бір-бірімізді білеміз. Оның емінен мыңдаған адамдар жазылды. Құдайдың берген талантының арқасында ол осындай қауіпті де, жауапты міндетті атқарды. Әрбір сырқаттың бойында күдік емес, сенім болуы керек. Ем алуға сеніммен келген жанның жолы жеңіл болары даусыз.

Мен 1991 жылы Мәскеудің халықаралық экспериментальді парапсихологиялық «Қара Лотос» ажалсыздар зиратында тәлім-тәрбие алдым. Мұнда себеп-салдар байланысының сугестологиялық-гармонизациялау жөніндегі курсты тәмамдап, сугестолог мамандығын меңгердім. Осыдан соң мен санаулы қас-қағым сәтте алдымда тұрған адамның болашағы,науқасы, оның бүкіл рухани дүниесінің жетістік-кемшілігі, т.б. адамға қатысты болатын хабарды тікелей сегіз қырлы шеңбер деңгейінде көре аламын. Менің бес шырағым бар, көріпкелдікте солардың көмегіне жүгінемін. Сондай-ақ, менде ең жоғарғы қабілетті энергетикалық орталық жүйе дамыған. Маған жан-жақтан хабар беріледі. Соны мен антенна сияқты қабылдаймын. Мұны «Әмбебап тәсіл» деп те атайды. Мұндай астральдық қабаттарды ерекше сана-сезімді адам ғана көтере алады. Менің де қуатым-энергетика.

— Бүгінде елімізде емші, тәуіп, балгер, бақсыдан бөлек, зиярат етіп, әруақтарға табыну, олардың бастарына түнеу, жалбарыну, құрбандық шалу көбейіп барады. Әруақтарды мазалау, Аллаға серік қосу тұрғысында не айтасыз?

 — Аллаға серік қосу күнә. Ол барлық пенделерін көріп-біліп, бақылап отыр. Тасқа табынып, «маған бер» деп жылай беру де дұрыс емес. Әруақтардың мазасын алып, бейіт бастарында құрбандық шалып жату да шариғатқа қайшы. Алла тағала береді, тек сабыр сақтау керек. Өзіңді күнәдан арылтуың шарт. Жетім-жесірді жылату, өзгеге қиянат жасау, тоғышарлық, менмендік, ата-анасын сыйламаушылық, кісі қанын жүктеу, ұрлық біреудің адал ақысын бермеу — мұның барлығы исі мұсылман баласына жат болғандықтан, адами қалыптан айнымағанымыз жөн. Ал емші, тәуіп, балгер, бақсының көбеюіне келер болсақ, құптарлық іс. Егер олар шын мәнінде халық үшін қызмет етсе ғана.

 — Қайсыбір сәуегейлер онсыз да жүйкесі жұқарған жұртты дүрліктіріп: «Биыл ақырзаман болады» дегендей қауесет таратып жүр. Тіптен, бұл жөнінде фильм түсіргендер де бар. Азық-түліктерін қамдап, жер астына түсуге дайындалып жатқандар да жетерлік. Мұның шындыққа қаншалықты сәйкестігі бар?

 — Бос сөз. Мұндай қауесеттер бұрындары да болған. Ал табиғи апаттардың жиілеп кетуі, қоршаған ортамыздың бұзылуынан. Ғаламдық жылынудың әсері де баршылық. Саяси текетірестерден туындаған соғыстың да зардабы барын ұмытпайық. Бастысы, адамзаттың азғындалуынан, тойымсыздық пен ашкөздіктен сақтануымыз керек. Алланың шектеп берген мүмкіндігін орнымен пайдалана білсек, бәле-жаладан аулақ боларымыз анық.

— Оңтүстікке жиі келесіз. Еліміздің өзге өңірлеріндегі ағайын үшін, Шымкент — «Техас» атанған. «Не шықса да — Оңтүстіктен шығады» деген сөзді де солар жиі қолданады. Сіз бұл туралы не дейсіз?

 — Орынды сұрақ. Мен еліміздің барлық аймағында болдым. Жүрген жерімде сіз көтерген мәселе алдымнан жиі шығып жатты. Елдің аузына қақпақ қоя алмаспыз, дегенмен сондай сөздерді таратып жүрген адамдар әуелі Оңтүстікке келіп, халқымен етене араласып көрсе деймін. Қазақы қаймағы бұзылмаған Оңтүстіктің халқы қонақжай, еңбекқор, өзгеге дегенде өзегін суырып берер мәрттігі де барын білер еді. «Түркістанда-түмен бап, Сайрамда бар-сансыз бап, баптардың бабы-Арыстанбаб» демекші, бар бабтардың мекені-Оңтүстік мені өзіне әркез тартып тұрады.

 — Сіздің отбасылық жағдайыңызды, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатқан келеңсіздеу әңгімелерді сұрап, мазаңызды алмай-ақ қоялық, ол өзіңіздің жеке мәселеңіз. Әйтсе де, опық жеген тұстарыңыз көп болды ма?

 — Мен ауырған адамды дер кезінде емдемесем, онда Құдай алдында — күнәһармын. Опық жеген тұстарым осындай жағдайларда орын алса керек. Өзім жетімдер үйінде өскендіктен бе, балалардың көз жастарын көргім келмейді, жүрегім ауырады. Тастанды балалардың көбеюі, олардың шетелге сатылуы, ауыр кеселдерге душар болып жатулары-қоғамдық қасірет. Бұл өкініш емей немене? Өз басым балалар үйіне жиі барып, хал-қадірімше қайырымдылық көмегімді беріп отырудан танған емеспін. Олар елдің ертеңгі-болашағы.

— Осы сұхбатты оқыған соң оқырмандар тарапынан сізді «Қайдан тапсақ болады?» деген сауалдың жиі қойылатынын сезіп отырмыз. Сондай оқырмандарымызға не дейік?

 — Мен Оңтүстікте жиі келуге тырысамын. Сондықтан көмекшіме хабарласып, мені қалай табуға болатынын білулеріне болады.

 — Сұхбатыңызға рахмет.

 Газет анықтамасы:

Сары Әулиемен хабарласу үшін тел: 8 (727)2 45-77- 12 (көмекшісі Қарлыға)