Қарағандыдағы үй құлағаннан кейін көпқабатты үй тұрғындарының алаңдап қалғаны жасырын емес. Алайда, шымкенттіктердің оған бас қатыруына негіз жоқ деп сендіріп отыр шаһардың құрылысына жауапты басшы. Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің бастығы Қуаныш Рсалиевтің айтуынша, біздегі құрылыс ережесі қажетті талаптардан да артық орындалатын көрінеді. Әрі Шымкенттегі мердігер компаниялар жыл сайын зерделеуден өтеді. Соның арқасында бүгінгі таңда біздегі құрылыс жұмыстарын ІІ, ІІІ-санаттағы мекемелер жасап жатыр екен. Қуанарлығы сол, соңғы жылдары қабылдап алынған баспаналардың ешқайсысы кейін қайтарылмаған.
«Негізі, құрылыстың сапасына тапсырысшы ретінде біз де жауап береміз. Әрі 24 пункт бойынша бақылайтын техникалық қадағалаушының міндеті бар, — дейді Қ.Рсалиев. — Бұл дегеніңіз конструкцияға кіретін бетон, арматуралардың қаншалықты берік болуынан хабар береді. Оның үстіне басқа қалалармен салыстырғанда біздегі ережелер артығымен орындалады. Яғни, арматуралар көбірек сұғылады. Өйткені, біздегі сейсмикалық ахуал осылай етуге жетелейді. Мұнан бөлек, сапаны тексеретін авторлық қадағалаушы деген екінші бақылаушы бар. Солардың да пайдасы мол».
Қуаныш РСАЛИЕВ, Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің бастығы: «Қарағандымен салыстыратын болсақ, бізде бұрын өзінің жұмыс өтілі жоқ мердігерлер көп еді, қазір ондай компаниялар азайды. Яғни, бізбен тәжірибелі мекемелер жұмыс істейді. Және біз құрылыс сапасына үш жақтама бақылау жасаймыз. Оған қоса, ай сайын ГАСК-тің (Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мекемесі) мамандары жұмыстың жобаға сәйкес атқарылып жатыр ма, жоқ па екенін тексеріп отырады. Әрі біздің облыста жер сілкінісі 7,5-8 балға дейін болады. Соған байланысты біздің жобалаушы мекемелердің есебі басқа облыстарға қарағанда басқашалау. Демек, конструкцияға көп көңіл бөлінеді деген сөз. Қарағандыдағы жағдай бізде болады деп айта алмаймын. Осы жағдайдан соң құрылыстың сапасына бұрынғыдан да қырағылық танытып жатырмыз. Осыған байланысты Шымкенттегі құрылыстың барысы, сапасы дұрыс. Демек, Шымкентте көпқабатты үйлер құламайды деп уәде бере аламын».
Шымкенттегі үйлер сын көтермейді деп «Нұрсәт» шағынауданындағы тұрғындар айта бастаған бұл күндері. Қабырғалар осы күннің өзінде сөгіле бастаған дейді олар. Осы мекеннің тұрғыны Құсайбаев Асан «Нұрсәттегі» бірнеше үйдің кәріз жүйелерін дұрыс жасалмағанын, көбінесе бітеліп қалатынын айтты.
«Қабылдаған кезде әкімдіктегі азаматтар оқыс қараған ғой. Біздердің құрылыстағы кемшілік қосылатын цемент аздау болады. Одан соң жиналған су көбінесе жертөлеге кіріп кетеді. Себебі, құбырдың бәрі Қытайдікі. Сапасы мүлдем төмен, арзан заттарды қолданған. Сатып алған құнға ол заттар тұрмайды да. Бүйте берсе, Қарағандының кейпіне біз де енуіміз ғажап емес», — дейді алаңдап.
Айта өтейік, осы жылы Шымшаһарда 9 қабатты 10 үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Олардың барлығы түрлі бағдарлама бойынша «Нұрсәттен» бой көтеретін баспаналар. Сондағы №220, №221 үйлердің прорабы Нұрбақыт Сейітбеков мұндағы құрылыс жұмыстарының талаптарға сай жүріп жатқанын айтады.
«Бұл құрылысты 2011 жылы қазан айында бастадық, — дейді ол, — 2012 жылдың 15 қазанында тапсырамыз. Барлық зхаттарымыздың сертификаттары бар. Техникалық байқаушылар күнделікті қадағалауда. Жұмыста ешқандай ауытқушылық жоқ».