«Қазагромаркетинг» АҚ ОҚО филиалындағылар ОҚО, Шымкентте азық-түлік тауарларына баға айтарлықтай өзгерген жоқ деп отыр. Өйткені, мұндағы мамандар апта сайын күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларына мониторинг жүргізеді.
Нұрлан Есіркепов, «Қазагромаркетинг» АҚ ОҚО филиалының бас маркетологы: «Қанттың бағасы соңғы айда өзгерген жоқ. Қазіргі таңда қанттың бір келісі көтерме сауда орындарында 156 теңгеден босатылса, бөлшек сауда орындарында 170-180 теңге, облыс көлемінде орта есеппен 175 теңгеден сатылуда. Өңірімізге құмшекер Жамбыл және Алматы облысынан алып келінуде. Оның көлемі сұранысқа байланысты».
Теріскей шағынауданындағы шағын дүкенге Баян Нышанова азық-түлік тауарларын көтерме сауда нүктесінен сатып алады. Оның айтуынша соңғы айда тәттінің құны өзгере қойған жоқ.
Баян Нышанова, сатушы: «Қантты қаппен алған тиімді. Келісін 156 теңгеден береді. Дүкенде оны 170-тен сатамын. Жалға алған орным және өзге шығынджарды өтеу үшін осындай баға қоямын».
Көтерме сауда нүктесіндегі сатушы Бақберген: «Қазіргі құмшекерлер Жамбыл облысынан келісі 154 теңгеден келуде. 2 теңге ғана қосамыз. Жанармай бағасы көтерілді. Қанттың құны да көтерілетін шығар».
Ет сататындар сауда-саттық мәз емес, бағаны көтеруге негіз жоқ. Тұтынушының сұраған бағасына берудеміз. Мәселен жылқы етіне 1400-1500 тенге қойсақ-1300 теңгеден сатудамыз, ал қойдың етінің келісі 1 мың теңгеге дейін,-дейді.
«Айна» базарындағы ет сатушысы Мұрат Умаров: «Сиырдың еті бір ай бұрын 1200 теңге болса, қазір 1100 теңгеден сатудамыз. Ет 100 теңгеге арзандады. Бізге аудандардағы шаруашылықтардан еттің келісін 1 мың теңгеден тапсырады. Біз тек 100 теңге қосамыз».
Нұрлан Есіркепов, «Қазагромаркетинг» АҚ ОҚО филиалының бас маркетологы: «Еттің бағасы облыс көлемінде өзгеріссіз. Бірақ көлемі азайды. Өйткені бүгінде қала, аудандарда малды егу іс шаралары жүргізілуде. Бұл науқан сәуірдің соңына дейін жүргізіледі. Егілген малды союға болмайды. Оның етін 10 күннен кейін асқа пайдалануға болады».
Алайда , мамандар да, сатушылар да, тұрғындар да алдағы күндерді баға көтеріледі деп болжап отыр. Өйткені, жанармайдың құны 6 теңгеге қымбаттады. Бұл дегенміз тасымалдау және де өзге шығындар деп азық түлік бағасына әсерін тигізері анық.