Шымкентте 2 жасар нәресте токқа түсіп көз жұмды. Қаладағы бір мөлтекауданда қараусыз жатқан жоғарғы кернеулі қондырғының ашық желілерін қызығып ұстаған ойын баласы сол мезетте трансформаторға жабысып қалған. Оқиғаның куәгері бес жастағы бала токқа түскен інісін тартып алмақ болған. Бірақ, шамасы келмегендіктен анасын көмекке шақырған. Алайда, анасы да кенжесінің ажалына араша бола алмапты.

Жақында ғана екінші көктемін қарсы алған сәби, оқиға орын алар күні тетелес ағасымен есік алдында ойнап жүрген. Түс ауа тілі былдырлаған тынымсыз ойын баласы үй іргесіндегі трансформаторға барып жылтыраған сымынан ұстап қалған. Қимылсыз қалған бауырын көрген бес жасар ағасы оны құтқармақ та болыпты.

Шетінеген баланың ағасы: «Өзі қашып кетті. Сөйтіп, соны ұстады да «ааа» деп, аузы ашылып қатып қалды. Сол кезде былай тартып ем, сол кезде мамам ана жақтан жүгіріп келді».

380 кернеулі токқа жабысып қалған кенжесін  көрген ана дереу жәрдемге жүгірген. Қапияда қос құлынынан қол үзіп қала жаздаған ана жүгіріп жеткенше кеш қалған. Үлкені аман болғанымен сүт кенжесінің нұрлы жүзі біржолата сөніпті.

Шетінеген баланың анасы: «Мамау інім қатып қапты, тартсам алынбай жатыр», деп жылап мына жерде тұр екен. Жүгіріп келіп, алам дегенше менің қолым жетпеді, өзі «сарт» артқа қарай шалқасынан түсті».

Тұтас бір көшені электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған қондырғының орнатылғанына жиырма жыл болыпты. Бірақ, осы уақытқа дейін оның айналасы қоршалып, қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілмеген. Әсіресе, жауын жауып жер ылғалданған күні бұл маңнан жүру қауіпті, дейді тұрғындар.

Ықшамауданның тұрғыны: «Жаңбырдан кейін сиырды осы жерден айдап бара жатыредім. Анау жерден бастап сиырлар бірінен соң бірі құлады. Заземлениемен ұрып жатқан ғой шамасы».

Жоғарғы кернеулі қуат жүретін жалаңаш сымдар қазалы қайғыдан кейін көз алдамшы етіп қайта оралыпты. Бірақ айналасы әлі қоршалмаған күйінде тұр. Жалпы оңтүстікте жас балалардың қараусыз қалған трансформаторға түсуі бірінші рет емес. Қазір арнайы комиссия жоғары жастың өмірін жалмаған қондырғының айналасында неліктен қауіпсіздік шараларының сақталмай келгенін анықтап жатыр.