Шымкентте жылу беру маусымы аяқталды

334

Шымкентте жылу беру маусымы аяқталды. Бұл жөнінде қала әкімінің қаулысы шықты. Сәуірдің 4-інен 5-іне қараған түні орталықтандырылған жылу жүйесінің құбырларынан су ағызыла бастады.

Жарқынбек ӘЛІМБЕТОВ, «3-Энергоорталық» АҚ бас директорлың қоғаммен және мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі орынбасары: «Шымкенттіктерді жылу беру маусымының аяқталуымен құттықтаймын. Жылуберушілер үшін көктем бүгін келді деп есептеледі».

Көктем демекші, сәуірдің 4-нен 5-не қараған түні 156 күнге созылған 2011-2012 жылдарға жылу беру маусымы аяқталды. Басы ащы болған кезеңнің аяғы тәтті болар деп ойлаған кім бар. Былтыр қарашаның 1-не бастауын алған жылу маусымы бірқатар шымкенттіктердің ызасын келтіргені рас.

Жанкелдин көшесіндегі үйдің тұрғыны: «Бүгін таңертең мына құбырымыз жарылып, су атқылап жатыр. Арнайы бригаданы шақырдық. Қала әкімдігіне хабарластық. Әлі ешкім келмеді. Біз 3-Энергоорталық АҚ қараймыз. Үнемі осы. Соңғылардың қатарында жылуға қол жеткіземіз. «Үнемі осы».

Жылу жүйесінің қажетті режимге енуі кезеңінде жарықтың өшірілуіне байланысты, Нұрсәт шағынауданындағы 24,54-қазандықтарда насостар істен шығып, нәтижесінде жүйеде 27 жерде ақау пайда болған еді. Теріскей шағынауданының жылу магистраліндегі апаттың салдарынан осы маңдағы үйлер жылусыз қалды. Келеңсіздіктер әрине орын алды, бірақ тұрғындар алдағы жылдармен салыстырғанда бұл маусым тәуір болды дейді.

15-шағынауданындағы  №5 үйдің тұрғыны: «Маусым жақсы болды, пәтерлеріміздегі батарейлер ыстық болды. Жылу жүйені тазартқан Иван Андреевичке рахмет. Толып қалған тіреуіш құбырлар тазартылып, су жақсы жүрді. Проблема туындаған жоқ».

№5 үйдің жер төлесінде орнатылған жылу көрсеткіш құралы және жүйедегі суды тазартатын құрылғының пайдасы мен тиімділігіне тұрғындардың көзі жетті.

Иван Максимов, 15 шағынауданы № 5 кондоминимум үйінің төрағасы: «Электронды құрал маусым бойы кірісте 70 градусты көрсетті. Ал талап бойынша ол көрсеткіш 130 болуы шарт. Тұтынған жылу бойынша есептеуді талап етпейміз. Құрысын, үйіміз ыстық болды, бір жидемен жүрдік пәтерде».

Маусымның соңғы күндері ауа температурасының жоғары болуына байланысты тұтынған жылуға төлемдер қайта есептеледі ме деген тұрғындардың сауалын жылуберушілерге қойдық.

Жарқынбек ӘЛІМБЕТОВ, «3-Энергоорталық» АҚ бас директорлың қоғаммен және мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі орынбасары: «Тұтынған жылудың төлемін қайта есептеу тұрғындарға тиімді емес деп есептеймін. Өйткені, өткен  маусым 156 күнге созылды, 140-тың орнына. Алайда, қала әкімі қажет деп шешсе, онда біз қайта есептеуге дайынбыз».

Жылуберушілер жаңғырту бағдарламасы аясында былтыр тозығы жеткен магистральді құбырларды алмастырған. Ендігі кезек көпқабатты үйлердің жылу жүйелерін жаңалау. Бұл тұрғындардың міндеті. Тұтынушы мен жылу берушілердің арасында үйлесімді жұмыс болса ғана, алдағы жылу беру маусымы еш проблемасыз болмақ.

Тағы бір ақпарат. Жылуберушілер  2011-2012 ж. жылу беру масумының қорытындысы бойынша сәуірдің 27-не тұрғындар алдында  есеп береді. Жиында орталықтың мамандары барлық сұрақтарға жауап беруге уәде етті.