Жылу бер маусымы аяқталды. Алайда тұтынған жылу үшін есеп айырыспағандар жеткілікті. «3 Энергоорталық» АҚ мамандары қарыздарды өтеу мақсатында сотқа жүгінген болатын. Сот шешімін орындауға сот орындаушылары кірісті. Алғашқы борышкер үйінде болмай шықты.

Сот орындаушылары рейд барысында Еңбекші ауданы бойынша бірнеше маусым тұтынған жылу үшін төлемді өтемеген 11 азаматтың үйін аралайды. Сайрам шағынауданындағы борышкердің пәтеріне кіру сот орындаушылары үшін оңайға соқпады. Тұрғын міндетті төлемдерді мерзімінде өтемеген.

Ғазиз Айтбаев, Еңбекші аумақтық бөлімінің сот орындаушысы: «7-пәтердің иесі  жылуберушілерге 122 852 теңге қарыз. Борышкердің мүлігін тәркіледік. 5 күн бердік. Осы мерзімде қарызды өтемесе, акт түзіліп, тәркіленген мүлігі сатылады. Одан түскен қаржы жылуберушілердің есеп шотына аударылады».

«3-ЖЭО» АҚ берген мәліметі бойынша бүгінде 72 944 тұтынушының 49,5 мыңы жылуберушілерге 943 млн. теңге қарыз. Заңды тұлғалардың қарызы 313 млн.-нан асқан. Қарыздарды өтеу бойынша мамандар сотқа жүгінген.

Асқар ШИПЕКОВ, «3-Энергоорталық» АҚ бөлім бастығы: «Өрескел борышкерлерге қатысты материалдарды жинап істі сотқа берудеміз. 2011-2012 жылдары сотқа 275 млн.-ға 4 406 іс жолданды. 221,2 млн. сомманы борышкерлерден өтек бойынша 3 мың 218 адамға сот шешемі шықты. Сот арқылы 1 мыңнан астам азамат орталықтың есеп шотына 58,9 млн. қарызды төледі».

Жыл басында жылуберушілер сот орындаушыларымен бірге осындай рейд жүргізген болатын. Қорытындысы – 9 млн. қарыз төленді. Бұл жолы да нәтиже болатынына сенімді мамандар борышкерлерге қолданатын шара- банктік есепшоттары жабылады дейді. Сондықтан да ыңғайсыз жағдайға тап болмас үшін тұтынған жылу үшін төлемді уақытысында төлеген жөн.