Т.В. Мартыненко: «Мен қазақтың келінімін»

589

Үш Татьяна… Кеңестік кезең тұсында үш Татьянаның тамылжыта салған қазақ әндерін сүйсіне тыңдамаған жан жоқ шығар, сірә. Жиырмасыншы ғасырдың 80-90 жылдары танымал болған Татьяналардың бірі Т.В.Мартыненко. Оңтүстікте туып- өскен орыс қызы бүгінде қайда жүр?

Оқырманның бұл сауалына бізде жауап іздеп, Татьяна Владимировнамен сұхбаттасқан едік.

— Татьяна Владимировна, қазір қайдасыз? Тамылжыған тәтті үніңізбен қазақтың әндерін шырқап, талай қазаққа таңдай қақтырып едіңіз… Қазір де өнер жолындасыз ба?
— Мен Шымкентте тұрамын. Ешқайда да кеткен жоқпын. Облыс орталығындағы «Болашақ» балабақшасының меңгерушісі болып қызмет істеймін. Соңғы 20 жылдан бері бірқатар мектепке дейінгі мекемелерде меңгерушілік қызметті атқарып келемін. Бұған дейін «Айдана» және «Еуразиялықорталық» балабақшаларын басқардым.

— Қызық екен. Сізді кезінде әнсүйер қауымның алғысына бөленген әнші ретінде білетін едік. Бірақ педагогтық қызметіңізді көп адам біле бермесі хақ. Мамандығыңыз мұғалім ба еді?

— Иә, мен сол кездегі Шымкент мәдениет институтын музыка пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіргенмін. Менің өнерге деген қызығушылығым бала кезден басталған. Қазіргі Ордабасы, сол кездегі Бөген ауданындағы»Шұбар» ауылында туып-өскем. Қазақы ауылда өсіп, қазақ мектебінен білім алғандықтан, бала кезден қазақ тілінің құнарын бойыма сіңіріп өстім десем де болады. Әкемнің баянда ойнап, ән айтатыны бар еді. Мен негізі әкеме тартқанмын. Кішкентайымнан өте үлгілі қыз боп өстім. Сабақты жақсы оқып, мектепте ең көп Мақтау қағаздарын мен алатын едім. Аудан орталығындағы музыка мектебінде аккордеон сыныбы бойынша 5 жыл оқыдым. Негізігі білім алатын мектебімнен кеткенім жоқ. Тырмысып жүріп, музыкалық білімімді жалғастыра бердім. Орта мектепті тәмамдағасын, Шымкент өнер институтына оқуға түстім. Барғаннан деканымыз Едіге Ордабекұлы менің талабымды байқап, институт жанындағы»Фараби сазы» ансамбліне қабылдады. Бірінші рет гастрольдерге осы ансамбль құрамымен шықтым. Кейін ойламаған жерден «Тамаша» ойын-сауық отауына шақырылдым. Әлі есімде, 1983 жылы1-ші Мамыр мерекесіне орайластырылған «Тамашаның» концертіне қатыстым. Концерт алдын ала түсіріліп қояды ғой. 1- ші Мамыр күні ауылда, үйде отырсам ауылдың жартысы біздің үйге жүгіріп кепті. «Жарайсың,Таня! Біздің қызымыз «Тамашада» ән айтып жүр. Құтты болсын!»-деп қауқылдасып жатыр көршілеріміз. Енді мені анам мақтар деп ойлағам. Сөйтсем, анамның бар айтқаны: «Е…е…е, не бопты соншама?! «Тамашаға» шықса шығыпты да,»- деді де қойды. Анам көп сөйлемейтін, ашық-жарқындығы жоқ, өте қатал кісі болатын. Адамды мақтай қоюыда екіталай адам. Мен де кішкентайымнан анамның қас-қабағына қарап, қашан мені мақтар екендеп, бар кезде озықболуға тырысып бағатынмын. Қандай жетістіктерге жетсем де анам: «Өзің үшін керек. Не істесең де өзің үшін істейсің,»-деп салқынқандылық танытқан. Ал әкем керемет баян тартатын. Ол баянмен қосылып әнайтқанда, қызығып қарап отыратын едім. Әкем 9 жасымда қайтыс болған жылы музыка мектебіне барған едім. Әкем менің ән айтқанымды көре алмай кетті. Виктор атты ағам бар. Қазір отбасымен Ресейде тұрады.

— Кеңестік кезең уақытында саясаттың лебі ма, әйтеуір үш Татьянаның есімін білмейтін адам жоқ еді?

— Иә, дұрыс айтасыз. Сол кездегі саясат сондай еді ғой. Жастар жағы біле бермейтін болар, кеңестік кезеңтұсында съездер, Үкіметтік концерттер өтіп тұратын. Сондай ресми іс-шараның бәрі үш Татьянасыз өтпейтін еді. Республикалық телеарнадағы «Алтыбақан» және»Тамаша» бағдарламалары да үш Татьянаның әндерінсіз өтпейтін. Кеңестік дәуірдің көлеңкелі тұстары көп болғанымен, идеология мәселесіне баса назар аударылатын. Мәдениетке, өнерге деген жанашырлық басым еді. Сол жылдары облысты А.Асқаров басқарып тұрған кез. Идеологияның басшысы Клара Төлендіқызы Әліпова еді. Біздің әртіс болып қалыптасуымызға осы кісілердің ықпалы көбірек тиді. Репертуар, сахналық киім дегеніңізге басымызды қатырмайтын едік. «Қызылқұмда ауылым», «Әй-әйбөпем» сынды әндерім көрерменнің көңілінен шығып жатты.

— Иә, сіздің репертуарыңыздағы бұл әндерді бала кезімізде естіп өскеніміз де рас. Осындай танымал тұсыңызда қазақ отбасына келін боп түстіңіз. Күйеуіңізбен қалай таныстыңыздар? Сізді басында жолдасыңыздың отбасы қалай қабылдады?

— Сол кездері насихат бригадалары (агитбригада) болатын. Сол агит бригада, полит бригадалар мен бірге елді мекендерде концерт қоятын едік. Күйеуім облыстық комсомол комитетінде көлік жүргізуші болып жұмыс істейтін. Содан танысып, 1985 жылы отау құрдық. Сайрам ауданы, «Ленин жолы» совхозының келінімін. Жолдасымның аты-жөні Бейсенәлі Торланұлы. Осылай, журналистер сұраған кезде ғана толық аты-жөні есіме түседі. Былайша біз оны Сәкен дейміз. Жеңгелерінің солай атап кеткені бар. Қазір қаламыздағы облыстық спорт мектептерінің бірінде директордың орынбасары болып қызмет істейді. Жолдасым ата-анадан жеті ағайынды. «Абысын көп болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп» дегендей, біздің әулеттің ынтымағына ризамын. Үлкен қайнағам мен абысынымыздың айтқаны кейінгілер үшін заң. Той-жиындарды жабылып жүріп өзіміз атқарып тастаймыз.
Әрине, мен келін боп түскенде ауыл адамдары мені қатты сынады. Ол кезде танымал Танямын ғой. «Әй, әртіс қайдан келін болсын?!» — деп біздің үй боп кетуімізге сенімсіз қарайтындар көп еді. Мен де ауылдың қызымын ғой, сүйіп қосылғасын сол елдің барлық заңына бағынып, түтініңді түзу түтетуге тырысасың. Салт-дәстүр, үй шарусы, бау-бақшасын күту, мал-жайды жайғауды кішкентайымнан анамнан бойыма сіңіргем. Еш қандай да қиын болған жоқ.

— Өзіңіз айтып отырсыз, ауылдың келін ретінде қабылдауы қызық болды деп… Анаңыз қарсы болмады ма?

— Анамның қазаққа күйеуге шығуыма қарсы болғаны рас. Мен: «Сол жігітке тұрмысқа шықпасам, мүлдем күйеуге тимеймін,»-деп тұрып алдым. Кейіннен келісімін беріп, үйлендік. Біз үйленгеннен соң 5-6 жылдан кейін анам 8 жыл төсек тартып жатып қалды. 3 рет инсульт алғаны бар. Сол кездері күйеуіміз екеуміз анамды қолымызға алып бақтық, асты-үстіне түсіп қарадық. Біз үйленгелі бері бірге өткізген15 жылда күйеу баласы мен енесі (менің мамам) еш ренжісіп, өкпелесіп көрмепті. Қайта мен ренжісем, анам Сәкеннің сөзін сөйлеп отыратын. Үнемі күйеу баласын жақтайтын. Қазір енем бар, жасы 85-те. Біз үйленген алғашқы жылдары енем мен анамның сөйлескенін көрсеңіз ғой… Комедия деуге болады. Анам бір ауыз қазақша, енем бір ауыз орысша білмейді. Үлкен ұлымды екі апасы бірін-бірі ыммен түсініп екеулеп жүріп бақты. Өсе келе, ұлым апаларына аудармашы болатын. Аллаға шүкір, екі ұл, бір қызымыз бар. Үлкен ұлым бизнес саласында, Алматыдағы транспорт академиясын бітірген. Отбасылы. 4 жасар Даниал атты немерем бар. Екінші ұлым Мәрлен1988 жылы туған. ҚазЗА-сын экономист мамандығы бойынша бітірген. Астанада қызмет істеп жүрген жерінен қазір Шымкентке шақыртып алдық. Қызым Диана 2002 жылы 2-ші ақпанда туылған. Жасы10-да. Үлкендерін еркелетпеген едік, енді қызымыз нағыз ерке. Кішкентай кезімде айнаның алдына тұрып алып, Алла Пугачеваның әндерін айтатын едім. Қазір қызымда тура баяғы өзім сияқты айнаның алдына тұрып алып әндетеді. Қандай мамандықты қалайтынынөзі біледі.

— Танымал кезіңізде отбасылы болып, өнеріңізді ошақ басында өшіріп алдым деп өкінген емессіз бе?

— Әрине, өкінбеймін. Бұл туралы титтей де ойланған да, өкінген де емеспін. Жолдасыммен шын сүйіп қосылдық. Махаббаттың демеуімен өмірдің түрлі кезеңдерінен қол ұстасып, сүрінбей өтіп келеміз. Шаңырақ көтерер алдында қазіргі жастар секілді біздің кезіміздегі қыздар жігіттің материалдық жағдайын зерттеп, бас қатырмайтын. Ұлы сезім ұғындырған қасиеттерді қанағат тұтып, қол ұстаса шаңырақ көтеретін еді. Негізі мен ойлаймын, әнші болсаң өміріңді өнер жолына сарп етуің керек.

— Өнерде құрбы болған қос Татьянамен хабарласып тұрасыз ба?

— Иә. Татьяна Бурмистрованың 50 жылдық мерейтойында үшеуміз бас қоспақ болғанбыз. Бірақ Полтавская келмей қалды. Сол тойда Иманғали Тасамағамбетовке риза болдым. Өнердің нағыз жанашыры екен. Бурмистроваға қатты қолдау көрсетті. Ал, Татьяна Полтавская Мәскеуде тұрады. Отбасылы, бір қыз тәрбиелеп отыр. Оқытушылық қызметте.

— Қазіргі әншілер турасындағы пікіріңіз қалай? Жас әншілердің арасынан кімдерді бағалайсыз?

— Бұл ұзақ әңгіме. Біздің кезіміздегі әншілер мен қазіргі жастардың айырмасы жер мен көктей ғой. Бұрын фонограмма деген атымен жоқ еді. Нағыз өнерлілер ғана өрге жүзетін. Қазір жағдай мүлдем басқа. Қазіргі эстрадада жүрген әншілердің 10 % ғана жанды дауыспен кәсіби деңгейде ән айтады десем, қателеспеймін. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін дүние. Бұрынғы әншілерде танымалдылыққа дандайсу деген болмайтын. Ал қазір 1-2 бейнеклиппен ел арасында аты ауызға ілігіп, танымал бола бастағаннан көкірегіне нан пісе қалатындар көп. Нағыз талант иесі қарапайымдылықпен көркем болса керек. Дегенмен көпке топырақ шашуға болмас. Қазіргі жас әншілердің арасында маған ерекше ұнайтыны-Қайрат Түнтеков. Дауыс ырғағы да ерекше. Жаратушының берген тума таланты бар. Бірақ бұл жігітке де, көп жас таланттар секілді қолдау жетіңкіремейді. Жақсы композитордың жақсы әні керек. Өнерлі өрендердің қанатынан демегеннен ұтарымыз анық. Тағы бір ішімде «әттеген-айым» бар. Осындай қолдаудың жоқтығынан көзінің тірісінде нағыз талант Ержан Серікбаевты бағалай алмадық. Жанұямызбен араласып тұратын жақсы жолдас болдық. «Музарттың» да көп әні Ержанныңкі. «Гитара» деген әнін өзім той-жиындарда айтып жүремін.

— Үлкен сахнаға қайта оралу ойыңызда жоқ па?

— Жүрексінетін секілдімін. Киелі сахнада өнерсүйер көрерменге ән айту үшін де үздіксіз ізденіс, тынымсыз еңбек керек. Дайындықсыз, қалай болса солай сахнаға шығу деген ерсілік.
Негізі мен кәсіби аккердеониспін. Әнді «минусовка-плюсовкамен» емес, аспаптың сүйемелдеуімен жанды дауыста айтқанды қалаймын. «Хабар» арнасында «Тамашаның» өнерпаздарының басын қосатын арнайы бағдарламаға мені жақында шақырған болатын. Мен келіспедім. Елдің алдына шығу үшін де өнер адамына жағдай жасалынуы керек. Тәуелсіздіктің 20 жылдық тойында Астанадағы ОҚО-ның күндерінде ән айту үшін Шымкенттен әрең дегенде 1 аккердеонды таптық-ау. Өнерді бағалай білетін азаматтар кәсіби деңгейдегі аспаптарды алып қойса болады ғой. Негізі өнер жолында жүргендерге мемлекет тарапынан мықты қолдау керек деп ойлаймын.

— Өнер жанашырларының қатары көбейе берсін деп тілейміз. Әңгімеңізге рахмет.