Сурет gazeta.ua сайтынан алынды
Сурет gazeta.ua сайтынан алынды

Соңғы кездері, облыс аумағындағы базарлар мен мектептерде террорлық әрекеттердің болып, жарылыстардың жасалуы мүмкін екені жайлы жалған ақпарат таратушылар көбейіп кеткені жасырын емес. Мәселен, 2011 жылы полиция органдарына террорлық іс-әрекет болатыны жайлы 7 хабарлама келіп түскен. Ал 2012 жылдың қаңтарынан бері қорқыныш пен үрейге толы бір ақпарат тіркеліпті шұғыл 112 нөміріне.

Айта өткен жөн, террорлық іс-әрекеттердің ұйымдастырылып жатуы туралы жалған ақпарат берген адамға елімізде қылмыстық іс қозғалып, оны материалды жауапкершілікке тартады. Тағы бір мысал Шымкент қаласына қарасты әл-Фараби ауданында былтыр орын алған болатын. 7 мамыр күні аталған аудандық полиция бөліміне шаһардың Тәуке хан даңғылы бойындағы Қ.Сәтбаев атындағы №7 орта мектебіне жарылғыш заттың қойылып, оның әне-міне жарылғалы тұрғанын жеткізген сол шұғыл телефон ақпаратында. Кейіннен жарылғыш қойылуы мүмкін болған жалған ақпарат Мақтарал ауданындағы Атакент ауылындағы мектепте екені анықталған. Тергеу барысында қалта телефоны арқылы 112 шұғыл нөміріне хабарласқан 1995 жылы туған Б. есімді жасөспірім екені анықталды. Осыдан соң кәмелетке толмаған балаға ҚР ҚК 242 бабы бойынша іс қозғалып, оған қоршаған ортаға залал келтіргені үшін 68 539 теңге айыппұл салған. Және Мақтарал аудандық сотының шешімімен кәмелетке толмаған балаға бір жыл бас бостандығынан айыру туралы жаза қолданылды. Осыған байланысты облыстық прокуратураның қызметкерлері ата-аналар мен еліміздің азаматтарына жоғарыда жазылғандай жалған хабарламаларды тарату ісінің ақыры қылмыстық жауапкершілікке алып келетінін ескертеді.

Бұл ретте мемлекетке келтірілген шығынның да міндетті түрде өндірілетінін ұмытпаған абзал. Облыстық прокуратураның бөлім бастығы Ұлан Орманов, жалған ақпараттарды таратудың «маусымы» әсіресе, ҰБТ кезінде орын алатынын ескере отырып, барлық ата-аналар мен оқушыларды тестілеуге зиянын тигізбеуді өтінеді. Жалған ақпар тарату жарға жығатынын баршаға мәлімдеуді мақсат етеді.