Алматы бағытында қатынайтын шымкенттік көлік жүргізушілері алаңдаулы. Өйткені, ондағы автовокзалдар басшылығы жолаушылар тасымалдаушыларына талапты күшейтіпті.
Орынбек Жұмабаев, тасымалдаушы мекеменің қызметкері: «Автобустарымызды Алматыдағы «Сайран» автовокзалы кіргізбей әлекке салды. Жолдың сапасы анау, жанаржағармай бағасы шарықтауда. Жұмыс жоқ. Талаптарды орындаңдар дейді. Ол қайдан шыққан талап ешкім дөп басып айтпайды».
«Көктем» автовокзалынан Алматы, Астана, Қарағанды бағытында «ИП Казаренко» , «Қасиет», «Транзитсервис», «Оңтүстік Тұлпар» және «Диазол» жалпы 5 тасымалдаушы мекеменің автобустары қатынауда. Алайда, бұл мекемелердің басшылары жаңашылдықтан хабарсыз болып шықты.
Казаренко, кәсіпкер: «Қазіргі таңда автобустарымызды Алматыдағы автовокзалдарға кіргізбеуде. Талаптар күшейтіліпті. Үкіметтің қаулысы бойынша автобустар кестеге сәйкес бағытқа шығуы тиіс және жолаушылар билетті кассадан сатып алуы керек екен. Ол қаулыны біз көрмедік, онымен бізді ешкім таныстырған жоқ. Бізді Алматыға 25 сәуірге шақырып жатыр. Сонда бізге жүктелетін талаптармен танысатын шығармыз».
Кәсіпкерлердің айтуынша жолаушылар тасымалынан түсетін қаржының бір бөлігі жанаржағармайға, автобустарды жөндеуге, жалақыға кетеді. Оған қоса қосалқы бөлшектердің қымбаттағаны да жығылғанға жұдырық болды. Оған орынға да төлеуді қосыңыз.
Раиса Ткаченко, диспетчер-кассир: «Кәсіпкерлер жолаушылар тасымалынан түскен табыстың 10 пайызын автовокзалға береді. Бұл қаржы сыпырушы, күзетшілердің жалақысы мен қызмет көрсетуге жұмсалады».
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жаңашылдықты бұл ешқандай да үкіметтің жаңа қаулысы емес, бұл қолданыстағы ереждегі жолаушыларды тасымалдауда талапты күшейту жөнінде сала министрінің тапсырмасы дейді.
Әбілсейіт РАБАЕВ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы: «Жолаушылар тасымалына қатысты ережелер, бекітілген заң да бар. Соны орындау жөнінде талаптар күшейтілуде. Өйткені соңғы кезде автовокзалдар базарға айналып кеткен. Автовокзалдар өз мақсатында пайдаланылып, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуі керек. Қойылып отырған талаптар қолданыста жүрген ережелерде 2001 жылдан бері бар. Былтыр өзгерістер енгізілген болатын. Енді келісім шарттағы өз міндеттерін орындамаған автовокзалдар тізімнен шығарылады. Кәсіпкерлер автовокзалды дамытады ма не базарларды кеңейтеді ме өздері шешуі тиіс. Оларға мерзім берілді. Ескертуден кейін автовокзал, автобекет басшыларына қатысты әкімшілік шара көріледі. Бұл министрдің тапсырмасы».
Бір қызығы ережедегі талаптардың орындалуын министрліктегілер осыған дейін неге талап етпегені түсініксіз. Әлде шымкенттік тасымалдауышылар өзім білемдікке салды ма екен.