Құрсайлықтар ұрланған электр қуаты үшін ақша төлеуден ығыры шықты

Сайрам ауданына қарасты Құрсай ауылының тұрғындары жарықтың жырынан құтыла алмай әлек. Электр қуатының әр киловаты үшін 18 теңгеден төлеген олар, не себепті ай сайын 100 мыңдап қарызданып қала беретінін түсінбей дал.

Сөйтіп, 140-тан аса отбасы тұратын Құрсайда бір айда кемінде 3 рет рет жарық сөніп, ондағы жұрт апталап тас-түнекте отыруды әдетке айналдырған.

Бүгін олар тағы жиналды. Телернамыз арқылы басшыларға жанайқайын жеткізбек боп. Негізінен жарығы жиі сөнгіш ауылдың азаматтары бұл қорлыққа төзіп келе жатқанына осымен 5-жыл. Жекенің құзырындағы трансформаторға ауыл болып ай сайын 100 мың теңгені тағы жиып береді бала-шағаның аузынан жырып.

Қайдан шыққаны белгісіз, бұл айда тағы 102 мың теңге қарыз ондағы жұртты жүйкелетті. Оны біреу береді, біреудің нанын тауып жеуге жағдайы келмейді. Жоқ ақша жиналмаған соң, ешкім де қалтасынан артық ақша шығарғысы келмейді.

Бүгінгі күні Сайрамдағы Құрсай ауылына қыдырып бара қалсаңыз, бағаналарға жабыстырылып қойылған темір қораптарды байқайсыз. Білгіңіз келсе, баяндайық. Сол қорапшаларда ауылдағы 140 үйдің электр есептегіш құралы орнатылған. Бірақ бұл заңсыз. Ауылдың белгіштері осылай ету арқылы электр жарығын ұрлаушыларды тұсаулаймыз деп ойлапты. Алайда, мысқылдап келген қарыз батпандап көбейіп, түйткілді одан әрмен шиеленістірген. Яғни құрсайлықтардың жарық тұтынған үшін қарызы күн санап бастан асып барады.

Сондағы тұрғынның бірі Рано Жақсылықова электр қуатыныі кернеуі кейде көбейіп кетіп, үйдегі жарық шамдарын күйдіріп тастағанын айтады. «Әбүйір болғанда дәл сол кездеменің теледидарым да, тоңазытқышым да токтан ажырап тұрған-тын»- деп еске алады Р.Жақсылықова. Ал басқа көрші-қолаңның дәл сондай тұрмыстық заттары күйіп кеткен.

Құрсайдағы жарықтың жырын ауылдың әкімі ортақ трансформаторды мемлекет меншігіне беріп қана тоқтата аламыз дейді. Өйтпеген жағдайда Құрсайдың күнде көретін күні осы екен. Қиыны сол, бұл іс келесі жылдың жоспарында тұр.

Ілияс МАРИН, Бадам ауылдық округінің әкімі: «Менің бұл қызметке тағайындалғаныма 10 күннен енді асты. Ауыл халқымен енді жақыннан танысып жатырмын. Жарықтың жануына ықпалымыздың қаншалықты боларын айта алмаймын. Бірақ, мәселенің мәнісі анықталысымен Сіздерге жазбаша нұсқада жауабын беремін. Қосымша біз қазір Сайрам аудандық бюджетінен 12 трансформатор қаралған. Меніңше, қазір оларға шешім шығарылып жатыр. Қосымша егер қазір жер телімдерін анықтайтын болсақ, мемлекеттік бюджетке алуға біздер ықпал жасаймыз».

Телеарнаның түсіру тобы ауылға келіп кеткен соң, Құрсайда жарық жанды. Бірақ бұл қуаныштың қаншаға созылары белгісіз. Ауылға мемлекеттік тоқ таратқыш орнатылмай құрсайлықтардың ұрлықы жарық үшін жылу жинауы жалғаса бермек.